Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданында салынып жатқан түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Нысанды аралау барысында облыс әкімімен бірге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және жауапты сала басшылары болды.
Жобаны «Qazaq Camel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 392 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт құрылысына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,8 млрд теңгесі мемлекет қолдауы аясында жеңілдетілген несие ретінде, 1,2 млрд теңгесі жеке қаражат есебінен бөлінген.

Жоба биылғы наурыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда негізгі өндірістік ғимараттың құрылысы мен қондырғыларды орнату жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Қалған бөлігі бойынша монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Нысан басында аймақ басшысы шаруа қожалықтары мен шағын кәсіп иелерімен кездесіп, өндірісті дамыту, өнім көлемін арттыру және өңдеу ісін жүйелеу мәселелерін талқылады. Әсіресе өнім сапасына басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі саласында 406,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 6,4 пайызға артқан. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін өндіру 3,4 пайызға, мұнай өңдеу өнімдері 5,2 пайызға, жиһаз өнеркәсібі 43,6 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 12,4 пайызға, химия өнеркәсібі 2,7 пайызға, құрылыс индустриясы 4,3 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі 1,7 пайызға өскен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!