Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тегіс жердегі сүрініс

02.05.2025, 17:25 324

HALYQLINE.KZ

Таяуда Қазақстан халқы ассамблеясында айтылған «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды, тілді ту еткен арандатушылар бар» деген пікірдің қоғамда әр алуан пікір туғызғандығы рас. Бұл сөз ең алдымен «законопослушный» қазақ жұртына ұнамады. Мұндай ұшқары пікірдің шынайы авторы президентке сөз жазып беретін дүмбілез спичрайтерлер болса керек. Әйтпесе құқықтық тұрғыдан шешіліп қойылған мәселеде билікті сүріндірудің не қажеті бар еді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтыр халыққа жасаған Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген тұжырым ұсынғанын білеміз. Яғни мемлекеттік тілге қатысты мәселе түгелдей заң талаптарымен шешілуге тиіс. Ал заңнама не дейді?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi» екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Бүкіл әлемдік заңнамашылықта кез келген баптың бірінші тармағы басқа тармақтардан салмағы басым болады. Қазақ тілі Қазақстанда мемлекеттік тіл ме – болды, барлық мемлекеттік органдар мемлекеттік тілде жұмыс істеуге тиіс! Конституциялық осы қағида толықтай жұмыс істесін! Өйткені мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жұмыс істеуді Ата заң міндеттеп тұр. Ал қазір орыс тілінің екінші мемлекеттік тіл міндетін атқаруы – заңсыз!

Бұл аз десеңіз, Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңының 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған. Ендеше ешкім ешкімді емес Конституция мен «Тілдер туралы» заң әр бір азаматтың мемлекеттік тілді білуін міндеттеп тұр. Яғни «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды» деген – жаңсақ тұжырым! Ресми орындар мембасының сөзін дайындағанда Қазақстан заңдарын басшылыққа алуға тиіс!

Жазушылар одағы сияқты абыройлы қоғамдық ұйымдар Үкімет алдына барлық сауда үйлерінде, әуежайларда, вокзалдарда, көпшілік орындарда: «Қазақстан Республикасының әрбiр азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс!» деген қағиданы үлкен әріптермен жазып қою туралы ұсыныс жасаса, құба-құп болар еді.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: