Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазалық үшін тер төгіп жүрген еңбек адамдары

03.02.2023, 16:58 803

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына қарапайым еңбек адамдары қонақта болды. Олар – таңның атысы, күннің батысы демей, қыстың суығы мен жаздың ми қайнатар ыстығына қарамай қала тазалығы үшін тынбай қызмет ететін тазалықшы жандар. Таңсәріден қолдарына күрек ұстап, көше бойын талмай тазалайтын еңбек адамдары БАҚ өкілдеріне өздерінің жұмыстарын таныстырып, арнайы сұқбат берді.

– Осы тазалық саласында 10 жылдан аса еңбек етіп келемін. Осы уақытқа дейін қыстың қатты аязына немесе жаздың ыстығына қарамай қала тазалығына өз үлесімді қосып келемін. Біздің мекемеде жастар да үлкен буын да еңбек етеді. Жас қызметкерлеріміз өте кішіпейіл. Әрдайым үлкендерге қол ұшын созып, бізге жәрдемдесіп жүреді. Жалпы әр жұмыстың өз қиындығы мен қызықты жағы болады. Мен де өзімнің жұмысыма ризамын. Біз жаз мезгілінде таңғы 4-те жұмысқа шығамыз. Ал қыстың күндері таңғы 7-де өзімізге белгіленген аумақтарды тазалауға бөлінеміз. Қазір халықтың тазалыққа деген мәдениеті жоғарылап келеді. Кейде қатты аяз күндері жастар келіп ыстық шай беріп өздерінің алғыстарын айтқанда қуанып қаламыз. Себебі, бұл халықтың бізге құрметі деп білемін. Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен біздің қызметкерлер қоғамдық көлікте тегін жүруге жеңілдік алды. Одан бөлек, бізге демалыс орындарына, санаторийлерге тегін жолдама беруде. Осылай қолдау білдірген баршаларыңызға алғысым шексіз, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің қызметкері Зейнегүл Қыпшақбаева.

– «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жыл болды. Әрине таңның атысы, күннің батысы далада қызмет ету оңай емес. Алайда адал еңбекпен, маңдай термен тапқан табысқа ештеңе жетпейді. Қазіргі жастарға айтарым, қандай жұмыс болса да одан қашуға болмайды. Ең бастысы – әр ісінді адал істеу. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Кез келген қиын сәтте бір-бірімізге демеу болып, қолдап жүреміз. Еңбегімізді бағалап жатқан баршаларыңызға көп рақмет!, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің қызметкері Анар Насенова.

– Мен осы салада еңбек етіп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Қазір қала тұрғындары бұрынғыдай емес көше тазалығына үлкен мән береді. Әр жерге қоқыс тастап кетпейді. Бұл, әрине, тазалық мәдениетінің қалыптасқаны деп білеміз. Тазалық саласындағы барша әріптестерімнің еңбегі ерен. Қала тазалығы – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің қызметкері Рая Қарамұрзаева.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: