Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Таза Қазақстан»: Қызылордада тұрғындар мен туристерге қолайлы орта қалыптасып келеді

06.04.2026, 19:13 27

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өңір әкімдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуы, туристік дестинацияларды дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу және экопарктер құру мәселелері талқыланды. Оған Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.

Президент бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бюджет қаражатымен қатар, демеушілер қолдауы есебінен де бірқатар нысан жаңартылуда. Атап айтқанда, демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары жөнделіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қалпына келтірілуде. Соңғы жылдары Қызылорда қаласындағы орталық алаң, мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылды.

Ауылдық елді мекендердің келбетін жақсарту мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда жалпы құны 2 млрд 64 млн теңгені құрайтын 67 техника табысталды.

Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару ісіне де айрықша көңіл бөлінуде. «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруы арқылы жалпы құны 98,7 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңақорған ауданында қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, қажетті жабдықтары жеткізілген. Ал Сырдария ауданында облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге салынған сұрыптау кешені бар қалдықтар полигоны пайдалануға берілді.

Аймақта туризм саласында да оң өсім байқалады. Өткен жылы өңірге 212 278 турист келген. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 25,4 пайызға артық. Ал көрсетілген қызмет көлемі 3 млрд 288 млн теңгеге жетіп, 42,8 пайызға өскен.

Тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асырылған. Қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт ата» әуежайында туристерге арналған виртуалды карта әзірленіп, QR кодтар орнатылған. Сондай-ақ экскурсияға келушілерге тарихи мәліметтермен толықтырылған жаңа заманауи музей қызмет көрсетіп келеді.

Өңірдегі демалыс саябақтары да жаңартылып, келушілер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мән берілген. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында адам көп жиналатын орындарға 102 және SOS батырмалары бар 15 құрылғы орнатылған.

Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында халықаралық деңгейдегі бесжұлдызды қонақүй, IBIS Qyzylorda және Pana қонақүйлері іске қосылды. Сонымен қатар аудан орталықтарындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: