Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тауар «өткізудегі» тығырық

15.08.2024, 10:40 154

Сатылым жоғары болу үшін тауар мен өнімнің жарнамасы жиі жарияланады. Өйткені, сонда кәсіп кеңейеді, шытырлаған ақша да қолда. Алайда, көбі жер жарған жарнама жасап, өзгенің қалтасын қағуға құмар. Ал, алаяққа алданып, миллиондаған ақшасы желге ұшқан жанның қарғысы кімге тиеді? Заң жарнаманың әділетті жүргізілуін талап етеді. Сонда да жарлықты жамбасқа басатындар жұртты жұттай тонауын әлі тоқтатпады. Жалған жарнаманың қаптап кеткені сонша барлығына күмәнмен қарау қалыптасты.

ТАЛАП  пен  ТЫЙЫМ:  ЗАҢ  НЕ  ДЕЙДІ?

Тауарды тез өткізудің тәсілі жарнама екені түсінікті. Кәсіпкердің және жарнама берушінің жан бағу үшін жанталасатыны да – сол. Мұнан соң бәсекелестіктің ақыры дауға ұласады. Тергеу изоляторында түнеу мен айыппұл арқалау – жарнамаға жеңіл қарағанның  кесірі.

Жарнамаға қойылатын басты талаптар:

Жарнама дүрбелең тудырмауы керек, агрессияға және заңсыз әрекеттерге шақырмауы керек;

Жарнамада балағат сөздер мен әдепсіз кейіптер қолдануға тыйым салынады;

Жарнамада темекі шегу, алкоголь ішу немесе тыйым салынған заттарды пайдалану процесін көрсетуге болмайды;

Жарнама арнайы білімсіз түсінікті болуы керек.

Сонымен қатар лицензиялауға жататын тауарды немесе қызметті жарнамалау кезінде лицензия нөмірін және оны берген органын көрсету сенімді екенін айғақтайды.

Әсте жарнама жасаудың жөні осы екен деп, не болса соны көпке ұсыну заңға қайшы. Қос тарап та жауапкершілікті сезінгені ләзім. Елімізде бірқатар тауар мен қызметті жарнамалауға тыйым салынады. Мәселен, тіркелмеген діни бірлестіктер, электронды және онлайн казинолар, есірткі мен психотроптық заттар және порнографияға қатысты тауарлар мен қызметтер. Бұдан бөлек те тыйым салынған өнімдер жетерлік. Қаржы пирамидасына тыйым салынса да, желідегі жарнаманың жартысы осы турасында. Салдарынан сан соғып, қаражатының ізін таппай күйінгендер қаншама?!

СЫРТҚЫ  ЖАРНАМА  САЛҒЫРТТЫҚТЫ  КЕШІРМЕЙДІ

Көшеге шықсаң, билбордтағы жазудан көз сүрінеді. Өнімді өткізуді ойлағанның амал-айла ауыспайтынын аңғару қиын емес. Шақырымнан шақырып тұратын жарнама да бар. Мұның өзінің де тәртібі мен талабы қатаң. Дегенмен ережені ескеріп жүргендер некен-саяқ. Аяқ алып жүре алмайтын афишалар мен плакаттың бәрі сыртқы жарнаманың үлесіне тиеді. Сондықтан бұлар жол белгілеріне ұқсамау керек. Бастысы жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің жүруіне бөгет жасамағаны абзал.

Сыртқы жарнамаға салық салынады. Оның мөлшері жарнама объектінің көлеміне байланысты. Яғни, баннер аумағы неғұрлым үлкен болса, салық соғұрлым жоғары болады. Кәсіпкер айына ауданы 2 шаршы метрден кем дүкен витринасындағы жарнамаға 1 АЕК салық төлейді.

Қала ішіндегі сыртқы жарнаманың құны объектінің түріне және қаланың республикалық, облыстық немесе аудандық маңызы бар санатына байланысты. Жергілікті үкімет жарнамаға базалы мөлшерлеменің екі есе мөлшерінен аспайтын жоғары мөлшерлеме орната алады.

Төлем ай сайын келесі айдың 25-іне дейін төленеді.

Салық берешегі пайда болмау үшін сыртқы жарнаманы маңдайшадағы атаудан ажырату маңызды. Дерекке сүйенсек, «Уют» сантехника дүкені» – ол атау, ал «Уют» жоғары сапалы бүкіл үйге арналған еуропалық сантехника дүкені» жарнама болып есептеледі, сондықтан оған салық салынады. Егер маңдайшада акция­лар  мен  жеңілдіктер  туралы  ақпарат болса, онда  бұл  да – жарнама.

Қысқасы, жарнама беруде мәселені сана сүзгісінен өткізудің айыбы жоқ. Әйтпесе, табан астынан жауапқа тартылу мен айыппұл арқалау ықтимал.

БАСТЫ ҚАТЫРҒАН «БАРТЕР» немесе ЖҰЛДЫЗДАР ДА ЖӘБІРЛЕНУШІ

Қазіргі таңда жарнамамен жағдайын жасап алуға ниетті адам көп. Әлеуметтік желінің қолданылу аясы кең болғандықтан таргеттің дәуірі басталды. Аудиториясына тауардың артықшылығын асырып айтып, бір жарнама құнымен қалтасын қомпайтады. Бұл жыртыққа жамау болғанмен, жегені желкесінен шыққандар аз емес. Көпшілік шу шығарып, сотқа сүйрелегенде жұлдыздар да жәбірленуші атанып, өзі де алданғанын айтады. Сонда тауар, яки қызметтің кемшілігін көрсетпеген жарнама беруші кінәлі ме? Әлде жариялаған блогер-әртіс пе, оған сенген қарапайым халық па? Қайсысы оңбай қателесті?

Иә, халық тарапынан түсетін мұндай шағымдар толастар емес. Жарнама жасағандар қамауға алынып та жатыр. Соған қарамастан желіде желдей ескен жарнама көп. Сондықтан көпшілік ұрынбас бұрын ақ-қарасын ажыратып алса дейміз. Сондай-ақ, миллиондаған оқырманы барлар не ұсынып жатқанына бір сәт назар аудару керек.

Бұл туралы депутат Нартай Сәрсенғалиев те сөз қозғап, жалған жарнама жасап, жұртты алдаған өнер жұлдыздары жазалануы керектігін тілге тиек етті. Мәселен, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына мыңнан аса адам салым салып, сан соғып қалған. Олардың жалпы шығыны 10 млрд теңгеден асады.

– Халықтың ақшасын иемденіп, алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомcтвоаралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Өйткені бір жылда қаржылық пирамидалардан келген залал 2,1 есе көбейген.

2020 жылғы мамырда қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап, тізім жариялады. Оны бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз. Сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет, – деді Н.Аралбайұлы.

Иә, әлеуметтік желіде «Қытайдан тауар әкеліп беремін» деп халықтан ақша жинап алған блогер-сатушыға да іздеу жарияланғанын көпшілік біледі. Ал, «Бизнес бастауға 700 миллионға жуық қаражат бердік» деген халық алданғанын айтып, аһ ұрды. Жарнама жасаған әнші Мейрамбек Беспаев болып шықты.

Иә, ақшаның есебін таппай есеңгірегендер еселеп келеді.

Жұлдыздардың жарнамасына имандай иланғанымызбен, ақша орнын сипап қалдық дейтін желі қолданушылары жоқ емес. Вайнер Мейіржан Төребаевтың ісі қоғамда қызу талқыға түскені де белгілі. Резонанс тудырған мәселенің жай-күйі көпке дейін сұрыпталып, сарапталды. Мұндай мысалдардың түр-түрі бар. «Аузы күйгендер үрлеп ішеді» дей ме?!

ТҮЙІН. Нарықтағы бәсекені күшейту үшін де адалдық қажет. Алдау мен арбау кәсіпті кеңейтпейді. Тұрақты тұтынушы, жағымды пікір қалыптасқанда ғана істің өрге домалайтыны анық. Сауатты жарнамасыз хаос туындатуға болмайды.

Яра  АХМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: