«Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінен.
Жошы ұлысы – басында моңғол, кейін түркіленген, шамамен 1240 жылы Русь княздықтары жаулап алынған Моңғол империясының батыс бөлігінде орналасқан хандық. Жошы – Шыңғысханның алғашқы әйелі Бөртеден шамамен 1182 жылы туған үлкен ұлы. Шыңғысхан Бөртеден туған төрт ұлына барлық жерін үлеске бергенде Жошының еншісіне Ертіс өзенінен бастап батысқа қарай Қыпшақ даласы түгел тиеді. Жошы (1187-1227) – аз ғұмырына қарамастан 60-тан астам ірі шайқасқа қатысты, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалын бағындырған әйгілі қолбасшы. 1207 жылы Сібірдегі орман жұртын қантөгіссіз бағындырып, 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып, Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалды басып алған. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Әкесінен Қыпшақ даласын үлесіне алып, тарихта бұл жерлер «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталды.
Жошы әкесі Шыңғысханнан еншісін алып, моңғолдың терістігіндегі қырғыз, хакас, орманқұт елдерін бағындырып келгенде, әкесі Жошыға Орманқұт елін еншіге берген. «Орманқұт» дегенде өздерін «ағаш ері» атады. Олар мына тайпалар: барқұт, тарғұт, арғыт, дүрмен, бадай, қышлық, таңғұт, ойрат, масит, тубай-тұман, ағаш ері (ашамайлы), чат (жалайыр) кірді. Дешті Қыпшақ ұлысының кіндігі Кеңгір өзені бойында Ордабасарға Жошы келіп қоныс тебеді. Жаңа қонысы, кең жазира Сарыарқаның сайын даласына сүйсінген Жошы былай деген екен: «Төрткүл әлемді шарласаң да, мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шалқар соныны іздесең таппассың» деген. Жошы ұлысы – Жошының әкесінен басқаруға алған иелік жерінің атауы. Астаналарының бірі – Сарайшық қаласы. 1227 жылы Жошы хан Орталық Қазақстан аумағында құланға аңға шыққанда, әкесі Шыңғысханнан жарты жыл бұрын ерте қайтыс болды. Жошы ханның кесенесі бүгінге дейін Орталық Қазақстанда – Ұлытауда тұр. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Жошының өлімі жайында қазақ халқында тарихи күй, «Ақсақ құлан» мультфильмі түсірілген. Жошының екінші ұлы Батудың «Батысқа жеті жылдық үй жорығы» нәтижесінде шекарасы батысында Дунай өзеніне дейін кеңейді. Моңғол ханзадалары біріккен күштері Булғарды алған соң, Еділ мен Кама бойындағы башкир, мордва (мокша мен аржан) буртастарды бағындырды.
Венгр монахы Юлиан «Пұтқа табынатын бес ұлы мемлекет Сақсын, Булғар, Ведин, Меровия, Пойдовия және Мордан патшалығын алды» деп жазды. Руське жорық 1237 жылдың соңында басталды. Рашид-ад-дин былайша баян етеді: «Дешті Қыпшақта құрылтай ашып, кеңескен ханзадалар бір тоқтамға келіп, орыс жерін шабуға бекінді. Руське аттанған Бату әскерінің мөлшері 120-140 мың шамасында болған. Кейбір деректерде 200 мың (Соловьев), 500 мың деп те көрсетеді. 1237 жылы 16 желтоқсанда моңғол әскерлері Рязаньды қоршап, 21 желтоқсанда қаланы алды. 1237-1242 жылдары Бату әскерлері Ресейдің европалық өңірлерін, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелерді, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ жерлерін түгелдей өзіне қаратты.
Жошы ұлысы 1269 жылы Талас құрылтайынан соң жеке мемлекет болып, Алтын Орда аталды. Алтын Орда Шығыс Европаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлады. Оңтүстігінде Қара теңізбен Кавказ таулары мен Персиямен шектесетін аумақты алып жатты. Жошы ханның екінші ұлы Бату хан ұрпақтары Алтын Ордада 1227-1359 жылдары (Берке ханның 1256-1266 жылдардағы билігімен қоса) 132 жыл биледі. Жошы ханның ұрпақтары – Ақ Орда ханы – Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар Жошы ұлысының сол қанатында XV ғасырдың ортасында Шу бойындағы Қозыбасында Қазақ хандығының негізін қалаған. Қазақ хандары Жошы ұрпақтары мирасқорлары болып табылады. Сарайшық қаласы ұлық ұлыстың, кейін қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген.
Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. П.Савельев, А.Ю.Якубовский, П.П.Иванов Натазияның «Му ин-ад-дин» атты туындысына сүйене отырып, Орыс ханды Шымтай ханның ұлы, Жошы ханның немересі деп санайды. Орыс хан өз әкесінен кейін, 1361-1362 жылдары Ақ Орда тағына отырды. Жошының балалары Орда Ежен, Бату, Берке, Шайбани, Тоқа Темір өз заманында алып мемлекеттер құрып, өз алдына бөлек хандық құрған тарихи тұлғалар болып табылады.
Қорыта келгенде, Жошы ұлысынан бастау алған өз алдына дербес Алтын Орда мемлекетін құрған Жошының баласы Бату хан болса, Ақ Орда мемлекетінің негізін қалаған баласы Орда Ежен және Көк Орда хандығының негізін қалаған Шайбани хандар Жошының заңды жалғасы болды. Шайбани ханның ұрпағы Әбілқайыр 1428 жылы Ақ Орда хандығын басып алып, Көшпелі Өзбек (Әбілқайыр) хандығының негізін қалады. 1457 жылы Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Көшпелі Өзбек хандығынан бөлініп, өз алдына дербес Қазақ хандығының негізін қалады. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жылдық атаулы дата республика көлемінде кең түрде аталып өтетін болады.
Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,
«Болашақ» университетінің жоғары колледжі оқытушысы,
тарих ғылымдарының магистрі,
педагог-зерттеуші
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!