Темірбек Жүргенов – 125 жыл
1930-1933 жылдары Қазақ өлкесінде болған ашаршылық зардаптары халық ағарту ісіне кері әсерін тигізді. 1931-1932 жылдары оқушылардың саны азайып, жетімдердің саны өсті. 1932 жылы балалар үйіне 68 мың бала, 1933 жылы 45 мың бала орналастырылды. 1934-1935 жылдары интернаттың саны 127-ден 221-ге дейін жетті. Осы қиын-қыстау заманда 1933 жылы Темірбек Жүргенов Қазақ КСР Халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы талантты ұйымдастырушылардың бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның есімі тек қазаққа ғана емес, исі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады.
Темірбек Қараұлы 1898 жылы қарашада Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында «Жүргеннің қыстауы» деген жерде дәулетті малшы отбасында туған. 1923 жылы Орынбор қаласында жұмысшы факультетін, 1927 жылы Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетін бітірген. 1913-1917 жылдары Перовск қалалық жоғары орыс-қазақ училищесінде, Уфа жер өлшеушілер училищесінде оқыған. 1918-1919 жылдары Торғай қаласындағы «Қазақ мұңы» газетінде редакция алқасының мүшесі, 1919-1920 жылдары Ырғыз уезінде Кенжеғара болыстық революциялық комитетінің төрағасы, 1920-1922 жылдары Ырғыз уездік революциялық комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды. 1923-1927 жылдары Орта Азия университетінің студенті атанды. 1923-1926 жылдары Қазақ АКСР-ның Түркістан Республиксындағы өкілетті өкілі, Қазақ педагогикалық институтының ректоры (Ташкент), 1927-1929 жылдары Орта Азия университетінің ғылыми қызметкері, 1929-1930 жылдары Өзбек КСР қаржы халық ағарту комиссары (Станилабад қаласы), 1930-1933 жылдары Өзбек КСР халық ағарту комиссары болған. 1933 жылдың шілдесі мен 1937 жылдың шілдесі аралығында Қазақ КСР халық ағарту комиссары, 1935-1937 жылдары жаңа қазақ алфавиті комитеті төрағасының орынбасары, 1936-1937 жылдары Халық комиссары кеңесінің жанындағы Өнер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
1929-1930 жылдары Темірбек Жүргенов Тәжік АКСР-ның Орталық Статистикалық Басқармасының бастығы қызметінде болды. Басшы бола жүріп, Тәжік елінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағынан тұрақтануына, мемлекеттік аппарат қызметтерінің қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуіне зор еңбек сіңірді. Индустрияландыру алға басып, мақта тазарту зауыттары жаңғыртылып, Душанбеде жібек түтететін фабрика, Ходжентте жібек комбинаты, тамақ өнеркәсібі орындары салына бастады. Варзоб ГЭС-нің бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Темірбек Қараұлы Түркістан Республикасында Қазақстан өкілі болып жүргенде қызмет бабымен Тәжікстанға жиі барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен, экономикалық хал-ахуалынан жақсы хабардар болды, оның ескі өзбек және тәжік тілдерін жақсы білуі жергілікті халықпен араласуын жеңілдетті, шығармашылық интеллигенция өкілдерімен байланыс орнатып, қоғамдық өмірде барынша белсенді қызметін жалғастырды.
Темірбек Жүргенов Қазақ КСР халық ағарту комиссары қызметінде бастауыш және орта білімді жақсартуға, сауатсыздықты жоюға, мектепті оқулықтармен қамтамасыз етуге, мұғалім кадрларын дайындауға көп көңіл бөлді. 1933-1934 жылдары республикада 6 жоғары оқу орны ашылса, 1933-34 жылдары балабақша қызметкерлеріне 325 адамға 3 айлық курс, әскери оқу орындарына түсу үшін дайындық курстарын ашты. Оның тікелей атсалысуымен «Қазақ өлкесінде мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерінің санын көбейту туралы» қаулы қабылданды.
«Төте оқу» атты газет шығып тұрды. 1934 жылы 468 мың дана, ал 1935 жылы 1,5 млн дана оқулық кітап басылып, таратылды. 1935 жылы бастауыш мектеп саны 6587, оның 3751-і қазақ мектебі болса, 573 орталау және 169 орта қазақ мектебі болды, оларда 640100 оқушы оқыды. 1937-1938 оқу жылында Қазақстанда оқушылар саны 1 миллионнан асты. Орталау мектеп саны 417-ден 1097-ге, ал орта мектеп 31-ден 315-ке дейін көбейді. 1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Мәдени-ағарту саласында 30-ға жуық, өнеркәсіп, транспорт, байланыс үшін 20-дан астам техникум ұйымдастырылды. 1935 жылы қаңтарда Қазақстанды зерттеу қоғамының жаңа жарғысы бекітіліп, архив, музейлер ұйымдастырылды. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мемлекет қарауына алынып, Тұрмағамбет Ізтілеуовке тапсырма беріліп, «Шахнаманы» тәржімалады. Темірбек Қараұлының бастамасымен Қазақ мемлекеттік музыкалық театрының (Қазақ және опера театры) қазақ драматургиясының дамуына үлес қосты. 1934 жылы Алматыда Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-ші слетін ұйымдастырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, Қ.Жандарбеков тағы басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Қазақ әндері туралы өнер зерттеушісі А.Затаевичке мәліметтер берді. 1936 жылы мамырда Мәскеу қаласында Қазақстанның әдебиет пен өнерінің онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды, слет жұмысына қатысуға 25 бала жіберді.
Ол ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Аударма ісіне көңіл бөліп, А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гоголь, Л.Толстой, М.Горький тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, баспадан шығарды. А.С.Пушкиннің қайтыс болуының 100 жылдығын, С.Сейфуллиннің шығармашылығының 20 жылдығын ұйымдастырып, комиссия төрағасы болды. «Жаңа мектеп» журналы, «Литературный Казахстан» газеті редакция алқасының мүшесі болып, баспасөзде «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, №4, 1935 г), «Задачи школ Казахстан в учебном году» (Большевик Казахстана, №9, 1935 г) тағы басқа көптеген мақаласы жарық көрді. 1924 жылы Қазақстан ақын-жазушыларының өлеңдері мен поэмаларын жинақтап. «Терме» атты жинақ құрастырып, ол 1936 жылы толықтырылып, орыс тілінде басылып шықты. Әдеби сын мақалалар жазып, Меруерт сияқты шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдарға қалам тербеді. Ағарту комиссарының әзірге 7 кітап, 150-ден астам әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр.
Темірбек Қараұлы бар болғаны 40 жыл ғұмыр кешіп, «халық жауы» деп айып тағылып, 1937 жылы 2 тамызда тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1957 жылы 18 сәуірде ақталды. Темірбек Қараұлының жары Дәмеш апай 1938 жылы түрмеге қамалып, 8 жылға сотталды. 1957 жылы Алматыға қайта оралып, 1990 жылы 86 жасында дүниеден өтті. Олардың Шоратай атты жалқы ұлдары Тәшкенде оқып жүрген кезде қайтыс болды. Бауырларына басқан іні-баласы Жұманазар «халық жауы» деген түртпекке шыдамай, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға өз еркімен сұранып кетіп, содан оралмаған. Темірбек Жүргеновтың қаламынан туған мол мұраны жинастыруда Р.Сүлейменовтың, Т.Дайрабайдың кітапшалары, ғалым Бауыржан Иманғалиевтың, басқа да ғалымдардың мақала, естеліктері жазылды. Темірбек Жүргеновтың есімімен көптеген көше, мектеп аталып, Алматыдағы Өнер Академиясына аты берілді. Артында халқы қадірлеп, 100 жылдығына арнап Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, т.б. іс-шаралар облыстық, республикалық деңгейде аталып өтсе, 2023 жыл «Түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды және «Темір Наркомның» 125 жылдығы кең түрде салтанатты түрде аталып өтетін болады. Халқына жасаған қалтқысыз еңбегі, мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері мұрағат сөрелеріне қойылып, жоғары бағасын ала бастады. Себебі асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.
Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,
«Болашақ» университетінің жоғары колледжі оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!