Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш жазушының музасы болған Фатима

28.05.2022, 11:00 937

HALYQLINE.KZ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүгін құрбандарын еске алу күні

Фатима Ғабитова (1903-1968ж) қазақтың үш арысының жары болған және олар туралы естелік жазған әдеби ортада белгілі тұлға болған. Орынбордағы бірінші гильдиялы татар көпестің қызы болғандықтан, мұғалімдік семинарияны бітіріп, Қапалда 15 жасынан бастап мұғалім болды.1919 жылы 16 жасында Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады, ақын, аудармашы, драматург болуымен қатар оқу-ағарту саласының белгілі қайраткері, Жетісуда алғашқы қазақ мектептерін ашқан ағартушы-педагог. Біләлдан Жәнібек, Азат, Фарида деген балаларды туады. 1930 жылы НКВД ұлтшыл деген айыппен Б.Сүлеевті тұтқынға алады. Фатима бірінші рет «халық жауының қатыны» атанады.

1931 жылы отбасымен жақсы араласқан Біләлдің досы болған, қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровке тұрмысқа шығып, Үміт, Ильфа, Болат деген балаларды туады. 1937 жылы Ілияс Жансүгіров тұтқындалғанда екінші рет «халық жауының қатыны» атанады. 1938 жылы атылардың алдында түрмедегі Ілияспен кездесуге туғалы көрмеген қүндақтаулы ұлы Болатты алып барғанда, Жансүгіров:

– Болатты өскенде оқытпа, етікші болсын, – дегенде, түрме күзетшісі мырс етіп күліп:

– Мүмкін әкесі сияқты классик жазушы болатын шығар – дегенде Ілияс:

– Жазушы болып, жазықсыз жапа шеккенше, етікші болып тыныш өмір сүрсін, – деген екен.

Осылайша Фатима екінші рет «халық жауының қатыны» атанып, Семейге екі жыл жер аударылып тұрып, 1940 жылы Алматыға келеді. Келгенмен қайбір нағашысы күтіп тұр дейсің, оның үстіне «халық жауының қатыны» деген айдары бар, еш жер жұмысқа алмайды. Үлкен қызы Фарида шетінеп кеткендіктен 5 баласына тамақ керек, күн көрісі қиындап кетеді. 1941 жылы 9-сыныпты бітірген Жәнібек жасын үлкейтіп жазып майданға өз еркімен кетеді. Қызыл әскердің отбасы ретінде күніне жан басына 200 гр қара нан алатын болды, өзі техникумға мұғалім болып қызметке тұрғанда, түсте берілетін қара көжесін өзі ішпесе де балаларына алып келіп әрең күн көрді. Осылай ауыр күндерді басынан өткізіп жүргенде, Мұхтар Әуезов кездесіп, Фатиманы 1927 жылдан бері сырттай ұнатып жүргенін айтып көңілдері жарасып қосылады. 1943 жылдың 1 қаңтарында дүниеге Мұрат Мұхтарұлы Әуезов дүниеге келеді. 1944 жылы майданда Жәнібек Біләлов қаза табады.

М.Әуезов 1930 жылы Алаштың көсемдерімен бірге түрмеге қамалып, екі жарым жылдан соң босап шыққан болатын. Соғыстан соң «үстем тап ақыны Абай Құанбаев туралы» көп зерттегені алдынан шығып, алғашқы «Абай» романы үшін Сталиндік сыйлық алғанымен де, саяси-идеологиялық жағынан жау ретінде қыспаққа алынып, қудалауға ұшырағасын, Москваға барып бой тасалауға тура келді, сол кезде Фатима үшінші рет «халық жауының қатыны» атанды. Сталин өлген соң төрт жылдан соң, «Абай жолы» эпопеясына Лениндік сыйлық берілгесін ғана ұлы жазушы М.Әуезов жаладан толық құтылған болатын.

Жоғарыда Фатима Ғабитова үш арыс туралы естелік жазғанын айтқан болатынмын, енді содан үзінді келтірейін:

«Жазу столымның оң жақ суырмасын ашсам, өз дәуірінде, өз халқында теңдесі жоқ асқан ақын Ілиястың өзіме ғана 18 жыл бойы жазған өлеңдері мен отты, жалынды сөздерге бөленген хаттарын оқимын. Сол жақ суырманы ашсам, Совет Одағының көгінде толған айдай жарқыраған прозаның алыбы Мұхтардың өзіме ғана арнап 34 жыл бойы жазған көркем асыл сөздерге толы хаттарын оқимын. (сонда бірінші күйеуі тірі тұрғанда-ақ хат жазған?!). Бұл екі асыл жан екеуі де, өздерінің саналы өмірлерінде мені сүйіп, сыйлап кетті. Мен бұл асыл жандардың хаттарын оқып, осы күні өздерімен сөйлескендей боламын. Мен өзімді өз дәуірімдегі барлық әйелдерден биік, бақытты санаймын».

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: