ТАНЫМ
1927 жылы желтоқсан айында 22 жастағы Михаил Шолохов «Тынық Дон» романының бірінші томын аяқтап, 1928 жылы 31 қаңтарда «Роман-газета» журналына жариялауға бергенде өзін қандай дау күтіп тұрғанын білмеді. 1928 жылдың сәуір айында «Правда» газетінде романға рецензия жазған пролетариат жазушысы А.Серафимович «кішкентай жұмыртқадан болашағы зор жазушы жарып шықты» деп бағалағанмен, 1929 жылы осы «Правда» газетінде жас жазушы Шолоховты «плагиат» (біреудің шығармасын ұрлап пайдаланды) деген жаладан қорғап, екінші рет мақала жазуға тура келді. Оған себеп, жазушы Феоктист Березовский: «Мен қарт жазушы «Тынық Дон» сияқты ауқымды романды жаза алмас едім. Осындай терең психологиялық шығарманы 23 жастағы адам жаза ала ма? Бұған ешуақытта сенбеймін» деген болатын. Ф.Березовский төңірегіне топтасқан жазушылар да, өмірлік көзқарасы әлі қалыптасып болмаған, не бәрі 23 жастағы Шолоховқа қарсы науқанға араласып кетті. Сол кезде олар «Тынық Дон» романының авторы туралы үш жорамалды ойлап тапты.
№1 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы Федор Крюков – казак жазушысы. Казактар туралы революцияға дейін көп шығармалар жазған. 1912 жылдан бастап Дон туралы үлкен эпикалық шығарма жазғалы жүрген болатын. 1920 жылы Ф.Крюков қайтыс болып, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткен. Бұл жорамалды айтқандардың барлығы қазір о дүниелік болып кеткен. Қазіргі орыстардың ең атақты тарихшысы 95-ке келген Рой Медведев осы жорамалды жақтаушылар жағында болды. ХХІ ғасырдың басында «Тынық Дон» романының қолжазбасы табылған соң ғана, Шолоховты автор екендігін мойындады.
№2 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы – ақтардың офицері Виниамин Краснушкин. 1920 жылы оны чекистер атып тастағанда, оның «Дон толқындары» деген роман қолжазбасын Шолохов қолға түсіріп алған делінді. Сол кезде «В.Краснушкиннің анасы жазушылар ұйымы РАПП-қа келіп көз жасын көл қылып, осындай тамаша роман жазған баласының авторлық құқығын қорғандаршы» депті деген де қауесет тараған болатын. Бұл жорамал авторы – Шолохов шығармашысын зерттеуші израилдік әдебиетші Зеев Бар-Селла. Оның айтуынша, «Тынық Донның» бірінші томы 1914 жылға дейін жазылған, сол кездегі оқиғаларға В.Краснушкиннің өзі қатысқандықтан роман шынайы жазылған. Ал, Шолохов ол кезде жалаңбұт ойнап жүрген бала болатын дейді.
№3 жорамал: «Тынық Дон» романының авторы – чекист Александар Попов, Шолоховтың шешесінің бірінші күйеуінен туған, азамат соғысы кезінде қаза тапқан. Бұл жорамал авторы, әдеби сыншы Константин Смирнов: «Шолохов не бәрі 4 сыныптық білім алған, бұндай шығарма жазатындай үлкен өмір жолынан өткен жоқ» деген пікір айтты.
Жазушылар қызғаныштан Шолоховты «плагиатшыл» деп жала жауып жатқанда, 1930 жылы «Тынық Дон» романының 3-томымен қатар, сол кездегі болып жатқан оқиғалар ізімен «Көтерілген тың» романын жазуы, жазушылармен қатар билік басындағылардың да қызғанышын туғызды. Олар жазушының көзін құртуды ойластыра бастады. Ростов ОГПУ-нің бастығы Коган адал чекист Иван Погореловқа Шолоховтың үстінен «Дондағы үкіметке қарсы астыртын көтеріліс жасаушылардың басшысы» деген айып тағып іс қозға деп тапсырма береді. Чекист И.Погорелов Вешенскіге келіп Шолоховпен сөйлесіп көрген соң, 25-тегі жас жазушыны өлімге қимай: «Егер тірі қалғын келсе, дереу Москваға барып Сталинмен сөйлес. Жолаушылар поезына мінсең, жолда тұтқындап қашпақшы болғанда атып тастадық дейді» деп ескертеді. Шолохов жүк поезына жасырын мініп, Москваға әрең жетіп, Сталиннің қабылдауында болады, Коган мен Погореловты шақыртып алып үшеуін беттестіреді. Қарт чекист өзіне берілген тапсырманы айтқанда, Сталин: «Мен мынаған сенемін, саған сенбеймін» деп, Коганның өзін жауапқа тартқызады. Осылайша ұлы жазушы бір өлімнен аман қалады.
Тұтқынға түсіре алмағасын, ОГПУ-дің бастығы Генрих Ягоданың өзі Шолоховқа у беріп өлтірмекші болады. Жазушылар ұйымы РАПП-тің төрағасы М.Горький үйінде қонақта болғанда Г.Ягода: «Мен сізге аңшы итінің күшігін сыйға беремін» деп үйіне ертіп келеді. Аңшылық десе ішкен асын қоятын Шолохов сақтықты ұмытып кетеді. Күшікті алып рақметін айтып кетпекші болғанда, «күшікті бір-бір рюмкеден жуып жіберейік» деген ұсыныстан бас тарта алмайды. Максим Горькийдің үйінен мас болып шыққан Шолохов рюмкідегі арақты тартып жіберіп, Ягода ұсынған консерві қалбырындағы жалғыз балықты тіске басады. Іші бүріп ауырып келген досын көрген Василий Курдашов бірден Кремль ауруханасына апарады. Дәрігерлер соқырішек (аппендицит) деп ота жасауға дайындап жатқанда, Шолоховтың көзі аяқ жағында тұрған медбикенің үрейден көзі шарасынан шығып тұрғанын байқап, «ішімнің ауырғаны тарап кетті» деп отадан бас тартады. Қонақүйге келген соң, өзінің жақсы көретін шеф-аспазшысы Андриян үш литрлік банкідегі сүтті «мынаны таусып іш» дейді, бір апта бойы ағарған ішіп тәуір болады. Осылайша аңшылық жазушының өліміне себепші бола жаздап, екінші рет өлімнен аман қалды.
1960 жылы ұлы жазушы Нобель сыйлығын алған соң, Шолоховқа қарсы екінші қаралау науқаны басталып, қайтыс болғанша толастаған жоқ. Оған себеп «Тынық Дон» романының 1 және 2-томдарының қолжазбасының сақталмауына байланысты еді. Қолжазбаның жоғалуының өзі үлкен шытырман шығармаға арқау болатындай еді. Қолжазбаны журналист Лев Колодный іздей бастағанда, Шолохов қартайып ауруы меңдей бастаған кезі еді. Шолохов қолжазбаны баяғы өзін ауруханаға апарған досы В.Курдашовтың жесірі Матильда Курдашованың үйінде екенін айтып үлгіреді. Сонау 30-жылдары роман авторлығы туралы дау шықанда, Москвада Мария Ульянова (Лениннің қарындасы) басқарған арнаулы комиссия құрылғанда, өз қолымен апарып тапсырған болатын. Сол комиссия сараптама жасап, «Тынық Дон» авторы Шолохов екендігін дәлелдеген болатын. Сараптамадан соң Шолохов досы В.Курдашовке телефон соғып, қолжазбаны үйіне алып қой деп тапсырады, әне-міне алам деп жүргенде соғыс басталып кетеді, екеуі де соғысқа әскери тілші болып аттанып кетеді, соғыста Курдашов қаза табады.
Соғыстан келген соң Курдашовтың жесірі Матильдадан қолжазбаны сұрағанда, жоғалтып алдым дейді. Матильда өтірік айтқан болатын, жазушының атағы жер жарып тұрғандықтан осындай пендешілікпен қызғанышқа барған еді. Кейін журналист Лев Колодный қолжазбаны шетелге өте қымбат бағамен сатуға болатындығын айтқанда, кәрі кемпірдің қызығушылығын туғызып, журналистке делдалдығы үшін үлесіне дейін келісіп қойғанда Матильда мәйітханадан бір-ақ шықты. Матильданың жиені мұрагерлік жолмен қолжазбаға ие болғасын, Лев Колодный делдалдығын қайта ұсынып, Дүниежүзілік әдебиет институтына қолжазбаны 500 мың АҚШ долларына сатайын деп жатқанын естіген М.Шолоховтың қыздары Мария мен Светлана 2008-2012 жылдары Ресейдің үкімет басшысы болған В.В.Путиннің қабылдауында болады. РФ үкімет басшысы дереу араласып, Ресей Ғылым Академиясына қолжазбаны 50 мың долларға сатып алғызады. Осылайша «Тынық Дон» романының дауына нүкте қойылды.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Сталиндік және Лениндік сыйлық иегері, ұлы жазушы М.А.Шолохов (1905-1984) Қазақстанды жақсы көрді, соғыс жылдарында отбасы Орал қаласына жақын жердегі «Дария» поселкесінде тұрған, Жайыққа талай балық аулауға да келіп тұрды. Өз сөзінде: «Донда жүргенде – мен казакпын, Жайықта жүргенде – мен қазақпын» деп, келген сайын айтушы еді.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!