Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұтас Қазақстанның тұңғыш астанасы

28.08.2025, 9:40 228

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы,  тарих  ғылымдарының  кандидаты

Көне Ақмешіттің Ұлы Даладағы халқымыз жайлаған кең-байтақ өлке­нің оңтүстігі де Ресей империя­сы қоластына түскеннен соң Перовск, монархия құлап, Совет билігі орнағаннан кейін қайтадан Ақмешіт атанғаны мәлім. Міне, сол байырғы қалада Ташкентте ту тіккен Түркіс­тан автономиясындағы қазақ облыс­тарының Орынборда орныққан Қазақ автономиясына қосылып, халқы мен жер-суы бірігуін, іс жүзінде біртұтас үлкен, іргелі қазақ елінің құрылғанын паш еткен құрылтай өтті. Бұл 1925 жылдың сәуір айы еді. Құрылтай Қазақ Республикасы Кеңестерінің  5-ші  съезі  деп  аталды.

Сол съезден жеті ай ілгеріде, Түркіс­тан Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы Түркістан Федеративтік Кеңестік Социа­листік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге жіктеп-бөлу жайында шешім қа­был­даған-ды. Төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының (Средазбюро) мүшесі, межелеу науқанына орай осы Средазбюро құрған Территориялық комиссияның мүшесі Сұлтанбек Қожанов 1924 жылғы 15 қыркүйекте: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу – Қазақ ұлттық рес­публикасын рәсімдеудің басы болады» деп мәлімдеген болатын. Жарты жылдай Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеуге дайындық жүргізіліп, тиянақталғаннан кейін Қазақ Республикасы мен Сырдария, Жетісу, Қарақалпақ облыстарынан сайланған делегаттар жаңа астанаға ла­йық қала ретінде таңдалып, бекітілген Ақмешітте бас қосты. Міне, сол 1925 жылғы 15 сәуірде ашылып, жұмысы бес күнге созылған Ақмешіт съезі аяқталар қарсаңында, Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен Ақмешітке Қызыл-Орда атауы  берілді.

Ақмешіт съезі қабылдаған тарихи шешімдер тек бұл ғана емес-тін. Бұлар жайында мен Ұлт театрының алғашқы директоры Дінмұхамед Әділовтің ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулеріне сүйене отырып өткен ғасырдың соңына қарай да, бертінде де мерзімді баспасөзде әлденеше рет жазғанмын. Олар 2000 жылы жарық көрген «Ұлт театры шаңырағын көтеруші», 2007 жылы шыққан «Сұлтанбек Қожанов» атты кітаптарымда бар. Кезінде «Түркістан» газеті осы маңызды мәселеге назар аударып, менің «Тоқсан жыл ілгергі тарихи науқан», «Үлкен Қазақстан былай басталды» деген жұмыстарымды жария еткен, кейін олар «Тауарих-тамшылар» (2017), «Тарих және тұлға» (2019) деген кітаптарыма енді. 2022 жылы жарық көрген «Тәуел­сіздік тамырлары» деген жина­ғымда да осынау маңызды мәселе атап өтілді. Ал биылғы көктемде бұл мәселе Алматыда өткен әлденеше ғылыми-практикалық конференцияның тақырыбына айнал­ды. Яғни тарихи шешімге түрткі болған жайттар ресми мінбелерде іс жүзінде тұңғыш рет нақты шындыққа  тақалтып атап айтылды. Бұған дейін қала атауын ұсынған деп, саяси репрессиялар салдары болар, әдебиеттерде түрлі есім аталатын, әлі де көп жерде қателік сол қалпы тұр, толық түзетіліп, өзгере  қойған  жоқ.

Сонымен, Қазақ Республикасы Советтерінің рет саны бойынша Бесінші, екі өлкедегі ел-жұрт біріктіріліп жаңа ахуалда өткізілген іс жүзіндегі Бірінші съезінде ел мен астана аталымына байланысты қабыл­данған шын мәніндегі тарихи шешім Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, съезд делегаты Сұлтанбек Қожанов есімімен тығыз байланыс­ты-тұғын. Сондағы аса маңызды қаулылар өмірге мынандай ретпен келген  болатын.

«Алаш ісінің» алғашқы толқынында репрессияланған Дінше Әділов  1928  жылғы 24 желтоқсандағы тергеуде: «…Қожанов, мен, Еспо­лов және Қожықов Табын­баевтың  үйін­де  түстеніп отырған­быз, — деді. – Съезд аяқталуға тақалған болатын. Сонда  үкіметтің Ақ-Мешіт қаласына көшіп келуін есте қалдыру үшін қаланың атын өзгер­ту хақында мәселе көтерілді. Қалай атау дұрыс боларын ойластыра бастадық. «Қызыл-Орда» терминін бірінші болып Қожықов ойлап тапты. Одан: «Неге?» деп сұрадық. Ол ұсынысын былай дәйек­теді: бұл – қос атау, ана жақты да, басқа жақты да қанағаттандырады. «Қызыл» – қызыл түсті білдіреді, сондық­тан большевиктерге ұнайтын болады, ал «Орда» – ұлттық термин. Сол себеп­ті ана жақтан да, мына жақтан да наразылық тумайды. Мұндай дәлелдермен баршамыз келістік, сонда Қожанов: «Қаланың аты Қызыл-­Орда деп өзгертілетін болады», — деді». Бұл дерек менің жоғарыда көрсетілген жарияланымдарымнан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған Репрес­сия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелерінің бірі ретінде 2023 жылы ҚР Президенті Архивінің дайын­дауымен жарық көрген «Алашорда ісі» он екі томдығының 1-томын­да  шықты.

Осы бір түстік кезіндегі пікірлесу жөнінде қоғам қайраткері, байырғы мұғалім, ағартушы, тарихшы-­ғалым, сол шақтағы кеңес қызметкері Қоңырқожа Қожықов 1931 жылғы 20 қыркүйекте ОГПУ тергеушісіне: «Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп қайта атау тарихын білемін, — деп жауап берді. – Ол былай болып еді: 1925 жылғы Кеңестер съезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және тағы басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі ас ішуге жиналдық. Тамақтанып отырғанда жаңа астананы қалай атау керек деген мәселе көтерілді. Мен оны «Қызыл-Орда» деп атауды ұсындым, мұным бәріне ұнады, содан соң Қожанов осы атауды Кеңес­тер съезінде ұсынды да, ұсыныс қабыл алынды». Бұл мәлімет тұңғыш рет бұрнағы жылы «Алашорда ісі» көп томдығының 4-томында жария­ланды.

Әділов өзін тергеудің сол 1928 жылдың 27 желтоқсанындағы жалғасында: «Табынбаев Ембергеннің үйіндегі түстік кезінде Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп өзгертіп атау керек деген қорытындыға келдік. Осыдан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік, — деп көрсеткен-ді. – Қожанов  төралқаға  шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, мынандай ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақ-Мешіт қаласының атын Қызыл-Ордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

РК(б)П Қазақ өлкекомының екінші хатшысы, 5-ші Советтер съезіндегі комфракцияның төрағасы Сұлтанбек Қожанов ұлт қайраткерлерінің бейресми басқосуында халқы мен жер-суы біртұтастанған Үлкен Қазақстанның астанасын бұдан былай Ақмешіт емес,  Қызыл­орда деп атау туралы Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысын бірден қолдаған және оны съезде жария етумен бірге әрі оның алдында Дінмұхамед Әділов көрсеткен тағы бір өте маңыз­ды мәселені көтерген-ді…

Бесінші съездің тасқа басылып шыққан стенографиялық есебіне қараған­да, Қожанов ұсыныстарын шынында да «сценарийден тысқары», бірақ  өте  қисынын келтіре  жария еткен көрінеді. Съезде Респуб­ликаның басқарушы органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, Киргизияның (яғни Қазақияның) барлық еңбекшілеріне үндеу қабылдау үшін, төрағалық етуші оның мәтінін оқиды. Деле­гаттар үндеуді қызу  қол  шапалақ­тап  қуаттайды.

Қолшапалақ басылысымен Сұлтанбек Қожанұлы сөз алады да мінбеге көтеріледі: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр, — деп бастайды ол сөзін. – Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, олар бағзы заманнан-ақ қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады», — деп бір тоқтайды. Сосын атаудың қалай өзгергеніне шолу жасай келіп: «Болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атау­ды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беру­ді  заңдастырсын», — дейді.

Ұсыныс қатты қол шапалақтауға ұласты.

Сосын төраға әуелі Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – съездің үндеуін дауысқа салып алды да: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы деп қайта ат қою», — дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жібереді. Төрағалық етуші ұсыныс­тың қабыл­данғанын жариялады да, келесі мәселеге ауысып, Республика орталы­ғын Ақмешітке көшіруге байланысты, Ленин атындағы халық үйін  салу шешімінің орындалу бары­сын хабарлады. Содан соң Қожанов келесі ұсынысын айту үшін тағы да сөз  алды.

«Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, — деп кірісті ол сөзіне. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне қала аты Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңес­тердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз Бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Респуб­ликасының  орталығына айна­лып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуы­на байланысты, мен осы қала­ның атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай Қызыл Орда деп атауды  ұсынамын».

Қызу қол соғылып, ұсыныс бірауыз­дан  қабылданады…

Іргесі кеңейген Қазақ Республикасы Кеңестерінің Бірінші (кеңестік автономия бой көтергелі бергі рет саны бойынша – Бесінші) съезі Үлкен Қазақстанның астанасына осылай Қызыл Орда деген әсем де айбарлы ат берді. Бұл съездің айрықша маңыздылығы сол – қазақ халқы мен жер-cуының бір шаңырақ астына жиылып тұтастануын, халқымызға өзінің этностық атауының қайтарылуын заңдастырды. Және айрықша атап айтарлық бір жайт, съезде қазақ қайраткерлері өте құнды қарарлар қабылдап, ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің жаңа кезеңін мейлінше белсенділікпен жүргізуге бейіл екендіктерін көрсетті. Бірақ көзделген даму тоқырап, орталықтан жаңа эмиссар келісімен бәрі кері кетірілді, бұл, әрине, басқа әңгіменің  тақырыбы.

Біз бүгін шашылған жер-суымыз­ды жиыстырып, халқымызды іргесі кеңейтілген бір шаңырақ астына топтастырған, тарих сахнасына этнос­тық қазақ атымызбен шыққанымызды жер-жаһанға әйгілеген құрылтайға және сол құрылтай шешімімен Ақмешіт-Қызылорда шаһарының Үлкен Қазақстанның алғашқы астанасы болғанына тұтас бір ғасыр толуын асқан қуанышпен атаймыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: