Тұрар Рысқұлұлы Рысқұловты тоталитарлық билік қалыптастырған тарихи сана метаформозасында танып-білдік. Шындап келгенде, жалғыз Тұрар емес, күллі репрессия құрбаны болған азаматтарымызды тану да сондай ахуалда жүзеге асты. Бүгінде баршаға мәлім, белсенді саяси өмірге революция идеялары алып келген азаматтарымыздың дені большевизмнің астарлы саясатының құрбанына айналған-ды. Халыққа ұлттық тұтастықты сақтай отырып қызмет етуді аңсағандар да, таптық негізде қызмет етуді көздегендер де Үлкен террор аранына жұтылды. Олардың көбі – жазықсыз жазаланған ұлт коммунистері, тіпті Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар да араға жиырма жыл салып орнаған «жылымықта» ақталғанмен, реабилитация актімен қоса идеологиялық сүзгі іске кіріскендіктен, қоғам өміріне ақталған бетте қайтарылмады, тиісінше олар жайында белгілі дәрежеде сыңаржақ пікірлер қалыптасты. Тіпті, бар ғұмырын совет өкіметі мүддесіне арнаған адал коммунист Тұрар Рысқұлов туралы да солай болды. Ол 1956 жылғы 8 желтоқсанда ақталса да, есімі 70-жылдарға дейін аталмады.
Дұрысында, қарт журналист Рахмалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде 1960 жылы шыққан еді. Байжарасов 30-жылдары әуелі жастар ұйымында, сосын «Лениншіл жас» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде бас редактордың орынбасары боп істеп, Қарағандыға партия қызметіне жіберілген-тін. Сонда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымында, 1938 жылы, бар болғаны 29 жасында репрессия құрығына ілігіп, жазасын өтеуге Магаданға, Колымаға айдалған. Қуғын-сүргін 18 жыл өмірін әкетті. Аман-есен елге оралып, компартия съезінде жеке басқа табынудың әшкереленуін, сосын сол жаңалық арайында 30-жылдарғы жазықсыз опат болған аты одаққа мәлім дүмді қайраткерлердің ақтала бастағанын көрген де, сол қатардағы Тұрар Рысқұловты жұртшылыққа таныстыруға бел буған-ды.
Алайда мақала республика басшыларына ұнамады, газетке редакциялық мақала бергізіп, Рысқұловты қайтадан ұлтшыл, түркішіл, контрреволюцияшыл шыңырауына құлатты. Газет редакторы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды. Мақала авторы Рысқұловтың адалдығын бастықтар алдында дәлелдеуге тырысты, Мәскеуге хат жазды, ақыры, шарасызданып, нәтижесіз күрес барысында жүрек талмасынан дүние салды.
Тұрартану осындай көңілсіз оқиғамен басталған-ды, дегенмен қайраткер жайындағы оң пікірді оның 80 жылдығы қарсаңында партия тарихшылары білдіре бастады. Тұрардың өз еңбектеріне де қол жетті. Оның тарихи тұлғасын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатымен ұлт тарихының жанашыры, геолог Молдияр Серікбаев көп еңбектенді. Өзі іздеп тапқан небір құнды деректерді ұсына отырып, мәскеулік тарихшының Рысқұлов жайында арнайы зерттеу жүргізуіне, қазақ жазушысының толымды көркем туындылар жазуына қозғау салды. Содан 1980, 1983 жылдары Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір» романдары, 1984 жылы Виктор Устиновтың «Служение народу» монографиясы шықты. Шерхан ағамыздың 1988 жылы сахналанған «Сталинге хат» пьесасы көпшілікті ерекше риза етті.
Мұрағаттан алынып, драматургиялық шығармаға негіз болған хат Қайта құру жылдары ғылыми айналымға түсті. Соның негізінде кей оқымысты қазаққа аштықтан жойылып кету қаупі төнген қатерлі кезеңде «халықты құтқару үшін Т.Рысқұлов И.В.Сталинге қаймықпай хат жазып, ерлік жасады» деп бағалады. Сол алапат ашаршылыққа қатысы болған лауазымды қызметкердің бірқатары репрессиядан алғашқы лекте ақталса да, олардың адал есімдері мен нақты істері теріс бағаланған қалпы 90-жылдарға дейін саяси торда тұтылып тұрған. Содан бері, жасырылып келген деректерді жаңа көзқараспен әділ сараптап, тарихи шындықты қалпына келтіру ісіне атсалысуға жол айқара ашылғалы отыз жылдан асcа да, бұрынғы сталиндік қасаң билік тұсында бұрмаланып қалыптасқан сана ақиқатқа әлі де жол бермей келе жатқан секілді.
Бұған мысал ретінде кейбір тұрартанушының осы мерейлі дата қарсаңындағы жұмысында: «Т.Рысқұлов 1918-1919 жылдардағы және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде қазақ халқын құтқару үшін ерен еңбек сіңірді» деген тұжырымын нұсқауға болады.
Қазақ елін іс жүзінде Ұлттық Апатқа душар еткен большевизмнің солақай саясаты бұл күнде баршаға белгілі. Алапат ашаршылықтардың 1917-1919 жылдарғы алғашқы кезеңінде Түркістан Республикасындағы көшпенді қазақтар зардап шекті. Жылқысы қызыләскер үшін тартып алынып, Мұстафа Шоқай әшкерелеген «большевизмнің аштық саясаты» салдарынан азық-түліктен де қағылған өлкедегі халықтың 1 миллион 114 мыңы опат болды. Миллиондаған жан ашығып жатты. Аштықпен күрестің орталық комиссиясын 1918 жылдың қара күзінен басқарған Тұрар Рысқұлов қазақ мүддесін көзге ілмейтіндерге, тек әлемдік революция жасауға тиіс қызыл гвардия мүддесін ойлаған, «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ көшпенді» жұртқа азық бөлуден бас тартып, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестері» деп арсыздықпен мәлімдеушілерге қарсы аяусыз күреске түсті, сөйтіп оларды ажалдан арашалап қалды.
Ал 1931-1933 жылдарғы сұрапыл аштықта жоғарғы басшылыққа жолданған хаттардың ең пәрмендісі Қазақ Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы Ораз Исаевтікі болатын. Ол 1932 жылғы тамызда СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Иосиф Сталинге берген хатында ахуалды адал баяндап, жағдайды әділ талдаған, қателіктерді жою хақындағы ұсыныстарын тізбелеген. Және аса маңыздысы, болған жағдайға Қазөлкекомның барлық бюро мүшелерімен бірге жеке басының да жауапты екенін мойындай келе, «өзіне-өзі сын көзбен қарауға қауқарсыз» Филипп Голощекин басшылықта отырғанда «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» екенін жазған. «Бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, оны лауазымынан босатпайынша ахуалдың оңалмайтынын айтқан. Сөйтіп ол Голощекинді Қазөлкекомның жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Сталиннің өзінен тікелей, еш мәймөңкелемей, жападан-жалғыз, ашық талап еткен еді.
Исаев сол хатында мал шаруашылығына байланысты шұғыл орындалуды тілейтін мәселелер хақында Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын өтінген-тін. Бұл өтініші толығымен қанағаттандырылды. Оның ұсыныстары Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Орталық Комитеттің 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған Қаулысына негіз етіп алынды, көрсетілген кемшіліктер талданып, міндеттер белгіленді. Қаулыда, әрине, Голощекиннің аты аталған жоқ, тиісінше ол Қазөлкекомның бағытын Орталық Комитет қолдады деп жариялап, Қаулы шешімдерін жүзеге асыруға білек сыбана кірісті. Тек арнайы келген мәскеулік комиссияның қорытындысынан кейін ғана, Алматы коммунистері «адал лениншіл» Голощекинді үлкен құрметпен Мәскеуге, Төрелік соттың төрағасы қызметіне шығарып салды…
РСФСР Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталинге жолдаған хатында Қазөлкеком жол берген кемшіліктердің салдарларын жүйелеп, 17 қыркүйек Қаулысының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарын жазған-тын. Сол хаттың көшірмесін жөнелтпе жазбамен 1933 жылғы 31 қаңтарда Қазөлкекомның жаңа басшысы Левон Мирзоянға жіберген-ді.
Қазақ халқын Отыз екінші жылғы қасіреттен құтқарудың елеулі қадамдары осындай ретпен жасалған.
Өлке мұсылмандарын партия қатарына тартуды мақсат еткен Мұсылман бюросын Рысқұлов 1919 жылдың көктемінде басқарды. Мұсбюро атынан ол Ресейдің революциялық отаршылдығы мен оған қарсылықтан туған басмашылықты ауыздықтай алатын саяси реформа жасау идеясын көтерді. Сол идеясын нақтылайтын Кеңестік Түркістанның мемлекеттік құрылысы туралы тезистерін 1920 жылғы қаңтарда өлкепарткомның, мұсбюроның және Мәскеудің эмиссарлық билігі – Түркістан комиссиясының бірлескен отырыстарында ұсынды. Ол түрк (тюрк, түркі) халықтарының ұлттық саяси бірлігі негізінде өлкені басқарудағы отаршылдықтың сарқыншақтарынан арылуға, жергілікті тұрғындардың саяси құқтарын кемсітуді жоюға және осындай батыл шара арқылы әлемдік революцияның Шығысқа таралуына жәрдемдесуге болады деп санады.
Саяси көзқарасы айқын, ашық, батыл Тұрар Рысқұлұлы түрк халықтары арасынан бірінші болып 1920 жылдың қаңтарында Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланған-ды. Түркаткомның жергілікті ұлттан шыққан тұңғыш төрағасының беделін барша қайраткер мойындады, сондықтан да оның тұжырымдап қорытқан ұсыныстары: Түркі халықтарының коммунистік партиясы мен Түркі кеңестік республикасын құру жайындағы құжаттар жобасы 1920 жылғы қаңтарда өлкелік компартияның Түрккомиссия мүшелері де қатысқан бесінші конференциясында және ақпанның басында мұсылман коммунистерінің үшінші конференциясында бірауыздан бекітілді. Бұл 25 жастағы жас қайраткер Тұрар Рысқұловтың күллі түркі халықтарының мүддесін көздеген аса ірі саяси жеңісі болатын.
Алайда оның да, Орта Азиядағы ұлттық межелеу науқанында ұсынылған Ортаазиялық Федерация құру жайлы идеяның да орындалуына большевиктер түркі бірлігінен қорыққандықтан жол бермеді. Ал бізге бұлардың осыдан он бес жыл ілгеріде құрылған бүгінгі Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында тұрғанын ұмытпай, мақтан ете білген жөн.
Тұрар Рысқұлов – сөз жоқ, аса ірі саяси тұлға, өте көрнекті мемлекет қайраткері. Есімі репрессия түнегінен оралғаннан кейін де айрықша құрметтелгені сондай, бертінде оның жарқын тұлғасына көлеңке түсіруі ықтимал мәліметтердің пайда болуы қоғамда үлкен шу туғызып тұрды. Жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жіктелген қайраткерлердің бұрын беймәлім істері жайлы деректер «Алаш қозғалысы» бес томдық құжаттар жинағында жария болған. Баспасөзде 30-жылдарғы саяси элита хақында қорғалған ғылыми диссертация бойынша қилы оғаш пікір бой көрсеткен. Алашорда тарихын баяндаған деректі фильмде де тосын ой естілген. Мәселе Тұрардың 1924 жылғы сәуірде ұлт қайраткерлерінің іс-әрекеттерін сыни тұрғыда әшкерелеп, Сталинге, көшірмесін ГПУ-ге жолдаған, сондай-ақ үзеңгілесіне түрлі тапсырма берген құпия хаттарының табылғанында болатын.
Осыған орай 2009 жылғы наурызда «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында пікір алысулар өтті. Академик Мәлік-Айдар Асылбековпен бірге бір топ ғалым және «Әділеттің» байырғы мүшелері – қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары хаттарды талдап, талқылай келе, дегенмен Рысқұловты біржақты ғайбаттап, тарихи орнынан ығыстыруға оларды желеу етуге болмайды деп тапты. Бұл архивтік құжаттарды жұртшылықтан жасыру да қате, бізге бұларды сол замандағы идеологиялық күресті дұрыс тану үшін, жаманнан жиреніп, жақсыдан тәлім алу үшін білу қажет, демек аға ұрпақты кемшіліктерін дабыралатып біріне-бірін қарсы қоймай, салқынқандылықпен сараптай білу үшін ұлттық ымыра керек деген ойға тоқтады.
Біз бұларды туғанына 130 жыл толуын атап өтіп отырған аса көрнекті қайраткердің көзқарасындағы эволюциялардың әлі де терең зерттеліп, толыққанды бейнесін танытатын саяси портретінің штрихтары толықтырыла түскені абзал деген оймен айтып отырмыз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!