Совет Одағының батыры атағы кезінде қазақтың хас батырлары, басын өлімге тігіп, жауларын жайпаған Бауыржан Момышұлына, Қасым Қайсеновке, Рахымжан Қошқарбаевқа, Хиуаз Доспановаға, 397 жауды жайпаған мерген Төлеуғали Әбдібековке, Матросов ерлігін қайталап, тірі қалғаны үшін Сабалақ Оразалиновке берілген жоқ. Тек 1990 жылы Жеңістің 45 жылдығына орай әділеттілік қалпына келіп Б.Момышұлына Совет Одағының Батыры берілген болатын.
Жалпы, СССР тарихында 12777 адамға осы батыр атағы берілді. Солардың ішінде осы атақ не үшін берілгені белгісіз ТҮСІНІКСІЗ БАТЫРЛАР да болды.
Алжирде француз отаршылдарына қарсы астыртын күрес жүргізіп түрмеге жабылған Ахмед Бен Белла, елі тәуелсіздік алғасын түрмеден босап шығып, билік үшін тартыста жеңіп шығып Алжир президенті болды. Алжирдің тұңғыш президенті Белла ел дамудың социалистік жолын таңдайды дегесін, Кремльмен жақындасып кетті.
1964 жылы Ахмед Бен Белла Москваға ресми сапармен келгенде, СССР-дің сол кездегі басшысы Н.С.Хрущев 1 мамыр еңбекшілердің шеруі басталар кезде Мавзолей трибунасында Ахмед Бен Белланың кеудесіне Совет Одағының батырының алтын жұлдызын қадады. Ахмед Бен Белла 2012 жылы 93 жасында қайтыс болып, СССР-дің тарап кеткенін көріп кетті.
Египет президенті Гамель Абдель Насердің шақырумен Н.С.Хрущев 1964 жылы екі апталық ресми сапармен барды. Күндіз СССР-дың қаржысына салынған завод пен фабрикаларда болып, кешкісін жоғары дәрежелі қонаққа арналған банкет болады. Сондай банкеттің үстінде Н.Хрущевқа Египеттің ең жоғары марапаты «Ніл өзенінің інжуі» тапсырылды. Оған жауап ретінде қасындағы нөкерлерімен шұғыл ақылдасып, президент Насерге Совет Одағының Батыры атағын берейік және біздің сапарымыз кезінде қасымыздан қалмай жүрген қорғаныс министрі фельдмаршал Абдель Әмир де жүр ғой, оған бермесек ұят болады деп оған да осы атақты береді. «…Эх, қыдырғасын қыдыру керек қой» деп орысша Хрущ, қазақшасы Хұрекең күнде тойлап елге келеді. Баспасөз бетінен бір күнде шетелдің екі бірдей адамына батыр атағын бергендігі туралы СССР Жоғары Кеңесінің төрағасы Н.С.Хрущевтің Жарлығын оқыған совет халқы наразы болды, себебі соғыс аяқталғанына 20 жыл болғандықтан, 40 жастан енді асқан жас соғыс ардагерлері батыр атағы қандай ерліктің құнымен берілетінін бастарынан өткізген еді. Сондықтан ел арасындағы наразылықтар частушка мен анекдот түрінде тарады. Сол кездегі ең батыл адам актер, ақын, әнші-сазгер Владимир Высоцкий «Потеряю истинную веру» деген әнінде былай деп мысқылмен әжуалаған болатын:
«Потеряю истенную веру,
Больно мне за наш СССР.
Отберите орден у Насера,
Не подходит к ордену Насер».
Сөйткен Хұрекеңді сол жылы Бәкең (Брежнев) төңірегіне ұйымдасқан серіктестері биліктен тайдырды. Ал мақтаған фельдмаршал Абдель Әмир 1965жылы әскери төңкеріс жасаймын деп тұтқындалып атылып кетті, Насердің өзі 1970 жылы жүректен жүріп кетті.
«Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы солай қарай жүреді» деген қанатты сөзіндей Н.Хрущевтің орнын басқан Л.Брежнев Совет Одағының Батыры атағын Куба революциясының көсемі Фидель Кастроға, Венгрия басшысы Янош Кадрға, Чехословакия басшысы Густав Гуссақа, ГДР-дің алдыңғы басшысы Вальтер Ульбрихқа, оның орын басқан Эрих Хонникерге, ГДР-дің Қауіпсіздік қызмет басшысы Эрих Милькеге беріп тұрып, қасқа еріндерінен сорып сүйетіні ел есінде қалды.
КПСС ОК Бас хатшысы, СССР Жоғары Кеңесінің төрағасы ретінде Л.И.Брежнев өзін де ұмытқан жоқ. Өз жарлығына өзі қол қойып, 4 мәрте Совет Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері, Совет Одағының маршалы атанып, ережесі бойынша соғыс кезінде ғана берілетін «Жеңіс» орденімен өзін-өзі марапаттаған болатын.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!