Әлімде бір батыр бар аты – Ақтан,
Ол Ақтан Сыр мен Қырға болған мақтан,
Жауына Жанқожамен бірге шауып,
Ұшырған төрелерді алтын тақтан.
(Құттық Кенжеғұлұлының
«Жанқожа батыр» дастанынан)
Үш ғасырдай бодандықты басынан өткерген қазақ халқы Кеңес үкіметінің құрсауы босаңси бастаған өткен ғасырдың елуінші жылдарынан кейін ғана есін жиып, ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, осыншама ұлан-ғайыр жерді кейінгі ұрпақтары үшін ғасырлар бойы қан кешіп, өмірлерін қиып қорғаған ата-бабаларын іздей бастады.
Бұл жұмыс еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін құлашын кеңге жайып, барынша өріс алды. Ел аузында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан шежіре-деректер, мұрағаттық материалдарға дендеген сайын әр кезеңде ата-бабаларымыздың аңызға айналған жанқияр ерліктері, бірлікті, тұтастықты мақсат тұтып, әділеттілікті ту еткен аруақты абыз-әулие, би-шешендеріміздің өмір тарихы бүгінгі ұрпақты тәнті етіп, «Өлінің аруағы риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз ұранға айналды. Бүгінгі күні тарихшыларымыздың зерттеулері бойынша тек Сыр бойында туған немесе осында өмір сүрген және елі мен жерін қорғаған қазақ халқының 500-ден астам батырының деректері белгілі болып отыр.
Міне, осындай Кеңес үкіметінің бодандық құрсауы босаңси бастағанда еске алып, өмір тарихы зерттеліп, халыққа жария болғандардың бірі – аруақты әулие әрі батыр Ақтан Ақайұлы.
Қаракесек Ақайұлы Ақтан батыр Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылына қарасты «Тілес арығы» бойындағы «Түлкі қашқан» деген жерде туған. Ол ХVIII-XIX ғасырларда өмір сүріп, текті әулиелігі және асқан батырлығымен тарихта аты аңыз болып қалған.
Тарихи шежіре деректеріне сүйенсек, Ұланақтан (Қаракесек) тараған ұрпаққа ұран болған аруақты әулие Ақпан батыр бабамыз Тілесұлы Ақайдың ауылына келіп, анасынан тумай тұрып, сәуегейлігімен болжап, Әлім аталығы намысын қорғайтын батыр болар деп, ер үстіндегі боз көпшігін қалдырған, ақ батасын берген екен дейді. Осылайша дүниеге келген Ақтан батырға қысылғанда төбесінде ойнақшып шығып, қол беретін бұлты да Ақпан бабамыздан қоныпты.
Біз Ақтан батырды ауызға алғанда XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, халық батыры әрі әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлын атап айтуға тиіспіз. Қаракесек Қопа батырдың қызынан туған Жанқожа батыр Ақтан батырды аға тұтып, текті қасиетін, кемеңгерлігін құрметтеген, аса жауапты кездерде ақылдасып, жаудан елін қорғауға аттанар алдында оған алғашқылардың қатарында хабар берген. Заманында Жанқожа мен Ақтан батырлар Қыр мен Сырда көшіп-қонып жүріп, елі мен жерін жаулардан бірге қорғаған. Жанқожа бабамыз жауына Ақтан батыр келгеннен кейін ғана «Ақтан келді қасыма, ақ күн туар басыма» деп аттанатын болған.
Ақтан батыр өмірінің соңғы кезеңдерін Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының, Мұғалжар тауының маңайында өткізген. Сөйтіп, Ақтан бабамыз екі өңірге ортақ тұлға – әулие, батыр атанған.
Ақайұлы Ақтан батыр 1854 жылы қайтыс болған. Бейіті қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір бекетінен батысқа қарай 30-35 шақырымда Мұғалжар тауының баурайындағы «Тебенсай» деген жердегі Ақтан-Садық қорымына қойылған екен. Садық – Қабақ руынан, білем деушілердің деректері бойынша Ақтан батырдың досы болған көрінеді. Осы зиратта Ақтан батырмен бірге туған Шортай да жерленіпті.
Алайда Ақайұлы Ақтан батыр бабамыздың Ақтөбе облысы өңірінде өткен өмірі жайлы нақты деректер қазалылық жерлестері үшін беймәлім болып келген еді.
***
Қазалыдан 1989-1990 жылдары «Бершүгір» емдеу-сауықтыру демалыс орнына емделуге барып жүріп, көзі қарақты, реті келсе табан астында жадынан шығарып, өлеңдетіп жіберетін өнері де, шежіреден де хабары бар теміржолшы Алшын Баймаханов ағамыз Мұғалжар тауының маңындағы «Тебенсай» деген жерде Ақтан батырдың жерленгенін есітіп, алтын тапқандай қуанышқа бөленеді. Бершүгірдің тұрғылықты азаматтары Сағынғали Мақатов, Сапарғали Есжанов, Жақсылықтарды ұйымдастырып, қабірінің басына барып, тағзым етіп, мал шалып, құран бағыштайды. Елге келген соң осы жаңалықты қуанышы қойнына сыймай, маған, тағы басқа тілектес ағайын-туыстарға жеткізді.
Осы кезден бастап Ақайұлы Ақтан батырдың тарихын зерттеу, іздестіру жұмыстары жалғасып, қоғамдық пікір қалыптаса бастаған еді. Ақтан батырды елге танытып, бабамызды қайта тірілтейік деген ой туындап, ел аралап, халықпен кездесіп, қоғамдық пікір туғызу үшін қолға түскен деректерді мерзімді баспасөз беттерінде жариялауға кірісіп кеттік. Алғашқы кезде бұл жұмысты қолға алған елге сыйлы ардагерлер Күлімбет Тілеубергенов пен Әбибулла Қосболов ағаларымыздың біраз еңбектенуіне тура келді. Жанашыр ағайындар қолдады. Қазалы, Арал аудандарында Ақтан батырдың өмір тарихы кеңінен насихатталды. Халық мойындай бастады. Қоғамдық пікір қалыптасты. Батыр бабамызды танытуда тынымсыз жұмыстар істелді.
Шындығын айтсақ, Ақтан батырды елге таныту оңай болған жоқ. Ол жөнінде ел аузындағы әңгімелерді қажымай-талмай жинауға, көпшілік жиналған жерлерде оны айтып, насихаттай беруге тура келді. Мерзімді баспасөздерде ел аузында жүрген материалдарды үздіксіз жариялай бердік.
Бірте-бірте Ақтан батыр бабамыздың ерлігі, халық қалаған істері ел аузына ілінген соң, тиісті орындарға Ақтан батырдың есімін есте қалдыру, оған елді мекеннің, көшенің аттарын беру, сөйтіп, кейінгі ұрпақ қастерлеп өтетіндей жұмыстар істеу жөнінде ұсыныстар қоя бастадық.
Еңбегіміз қайтты. Ақтан батыр жайлы естіген тарихи деректерді ел азаматтары жинақтап, хат жазып, хабарласа бастады. Өздерінің ой-пікірлерін айтып, игілікті істің бүкілхалықтық сипат алуына көмегін тигізді.
Жасыратыны жоқ, қиыншылықтар да болмай қалған жоқ.
«Ақтан деген кім? Тарихта ондай ешқандай дерек жоқ. Қаракесектің бір-жар шалдарының шығарып жүргені бұл» деген де сөзді естідік қолдап, көмектесер деген кейбір басшылық қызметте-ақ жүрген жолдастардан.
Оларға Ақтан батыр жайлы деректерді айтып, түсіндірдік, дәлелдедік. Көзін жеткізуге тура келді. Әрине, оған бола өзгені кінәлаудан аулақпыз. Біреудің білмегенін біреу біледі. Ол – заңды нәрсе.
***
– Ақтан батырдың есімі бүкіл қазақ жұртшылығына беймәлімдеу болғанымен, батырдың өмір сүрген аймағы Қазалы, Арал, Шалқар өңірлеріндегі тұрғындар батыр есімімен жақсы таныс. Батыр есімінің бүкіл қазақ халқына танымал болмауына кешегі кеңестік кезеңдегі үстем идеологияның кері әсері және соған байланысты тұлғаның бойында батырлық және әулиелік қасиеттерінің қатар болуына орай оның өмір жолын зерттеуге кеңестік тарихшылардың жүректерінің дауаламауы жатса керек. Өткен ғасырдың 90-жылдары Ақтан батыр туралы Арал және Қазалы аудандарының аудандық газеттерінде жергілікті авторлар Ш.Айтуғанұлының, М.Сақтағановтың, Ф.Омаровтың, Б.Алпамысовтың, О.Аяпбергеновтың және тағы басқа авторлардың мақалалары, ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелері, толғаулары мен дастандары жарық көрді. Ақтан батырдың өнегелі өмірі мен ерлікке толы істерін, халқына сіңірген еңбегі мен жеке басының қасиеттерін қалың оқырманға таныстыра бастады, — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев өзінің жазбаларында.
Тарихи тұлғаларды өмір сүрген заманы қалыптастырады. Ақтан батыр өмір сүрген XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың ортасы аралығы қазақ тарихындағы ең бір ауыр кезеңге жатады. Осы уақытта қазақ халқы өзі тұтастығын, бостандығын сақтап қалса да, ішкі бірлігін әлсіретіп алады. Мұндай жағдайды Ресей патшалығы жақсы пайдаланып, қазақ билеуші топтары арасындағы алауыздықтардың отын одан әрі өршіте түседі. Сонымен бірге, ХІХ ғасырдың басынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейткен.
Атап айтар болсақ, осы кездерде Хиуа ханы Мұхаммедрақым 1812 жылы қыс айында өзі бастап, Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің бойында қыстап жатқан бейбіт елге жойқын шабуыл жасап, қолға түскендерді тұтқынға алып, күнкөрістегі мыңдаған малын айдап кетеді. Сырдың төмендегі ағысы бойындағы қазақ руларын тонап, көп шығынға ұшыратады.
Хиуалықтардың осындай қанды жорықтары осы өңірлерде 1815-1816 жылдары да қайталанады. Бұдан кейін де хиуалықтардың шектен тыс халыққа жасаған озбырлықтарына шыдамы таусылған қазақ батырлары Жанқожа Нұрмұхаммедұлы мен Ақтан Ақайұлының маңына топтасып, олардың бекіністерін қиратып, өздерін елдеріне қайтуға мәжбүр еткен кездердің өзінде, 1845 жылы Хиуа ханы Сыр бойындағы көтерілістерді басып, бекіністерін қалпына келтіру үшін екі мың әскерін аттандырады. Алайда өз мақсаттарына жете алмай, жеңіліске ұшырайды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Әлім тайпаларымен бірге Қаракесек тайпасының рулары да жаз айларында Ор, Торғай, Ырғыз өзендері бойында, Мұғалжар тауы маңында жайлап, қысты Сыр бойында өткізген. Олардың қыстаулары Сыр мен Қуаңның төменгі ағысы бойында болған. Сондықтан да Хиуа хандығының езгісі мен бектерінің озбырлықтарын осы өңірді қыстайтын Кіші жүздің барлық руы мен тайпалары бірдей көрген. Осындай кезеңде батырлар бірігіп, ел-жұртының намысын бірлесіп қорғаған. Халық батыры Жанқожа бастаған ұлт-азаттық көтерілістеріндегі шешуші сәттерде Ақтан батыр ерлік пен көрегендіктің үлгісін көрсеткен. Сыр бойындағы Хиуа бекіністерін талқандап, жергілікті халықтың ұсынысымен хиуалық Бабажанды азаптап өлтіріп, сол өңірге тағайындаған ханы Жанғазы төрені тұтқындауы – осыған айқын дәлел.
Ресей патшалығының қысымымен Арқадан бірте-бірте ығысып, Сыр бойына келген Кенесары ханнан Жанқожа батыр көп үміт күтеді. Ханға қарындасы, ағасы Ақмырзаның қызы Батпаны әйелдікке береді. «Ордаға ант бересің» дегеніне де көнеді. Кезінде Ақтан батыр мұны өте қош көрмеген көрінеді. Бірақ, Төренің тұқымдары ұзамай-ақ орынсыз талаптар қойып, айбат шеге бастайды. Кенесарының інісі Наурызбай «Мақпалкөлді» иемденгенімен тұрмай, Ақтан батырдың қонысы «Ақиректі» босатуды бұйырады. Оған Ақтан батыр қарсы шығады. Осыдан кейін хан ордасындағы төлеңгіттер атақты батырлардың көзін жоймаққа жоспар құрады. Мұны естіген Ақтан батыр Наурызбай батырды жолай күтіп алып, жекпе-жекте ат үстінен аунатып, жерге түсіріп, жеңіп, райынан қайтарады.
Ақтан батыр сонымен бірге Кенесарының шақыруына үн қосқан Жанқожамен бірге Сырдың орта ағысы бойындағы Қоқан бекіністерін қиратуға қатысады. Созақ қамалын, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Қожанияз бекіністерін аларда, Ақсуат шайқасында Ақтан батыр ерекше ерлігімен көзге түскен. Ақтан батырдың Жанқожаны өлтіргендерден кек аламын деп істі болып, абақтыға қамалған Байқазақ батырды босатуы да тарихта қалған.
Тарихи деректер Ақтан батыр шамамен өмірінің соңғы он бес-жиырма жылдайын туған жерден тыс Ырғыз, Мұғалжар тауының маңайы, Шалқар жағында өткізгені белгілі болды. Мұның да кезінде хиуалықтардың Қуаңдарияға бөгет салып, Ақтан батыр ауылы адамдарының күнкөріс тіршілігіне қиыншылықтар тудыруы, басқа да өміріне қауіп төндіретін зымияндық түрлі іс-әрекеті, ұлт-азаттық көтерілістерінің жеңіліске ұшырауына байланысты орыс әкімшілігінің қысымшылықтары себеп болған сияқты. Бірақ, Ақтан батыр туған жерден қол үзбеген. Ел басына күн туған кездерде Жанқожаның жанынан табылып, жанқиярлықпен ерліктер көрсете білген. Ал, қартайған шағында елін қорғауға баласы Есті қатыстырған.
Жазушы Әбдісаттар Оспановтың жазуынша, 1847 жылдың 3 маусымында Ақтан батыр жіберген баласы Ес Жанқожа батырға келіп:
— Әкем «Тебенсайда» отыр. «Енді бір-бірімізді көре аламыз ба, көре алмаймыз ба? Разы болсын» деді. Ағаңыз әрі досыңыз кәрілікті шынымен мойындай бастады-ау деймін, — дейді.
Бұл деректерді еске алсақ, Ақтан батыр өмірінің соңғы жылдарында Жанқожаның жанында бола алмаған.
Хиуалықтардың кезекті шапқыншылығына шыдамаған Жанқожа батыр 1847 жылдың 21 тамызында оларды Қуаңға жеткізбей, тұтқынға алып кеткендер мен малдарын қайтарып алады. Бұл ұрысқа Ақтан батыр келе алмағандықтан баласы Ес қатысады. Жорықтағы ерлігіне риза болған Жанқожа Ес еліне қайтарда «Ақтан батырдай ата жаумен шайқасып, бір сынақтан өттің. Әке-шешелеріңе, ел-халыққа сәлем айтыңдар. Әкеңнің үстіне жапшы, Талқанбай батырдың баласы Қалдан кигізіп еді, менің орныма тілекші ағам киіп, батасын берсін» дейді. Осылайша Ақтан батырдың баласы Ес қасындағылармен бірге Жанқожаның батасын алып қайтады.
***
1992 жылдың тамыз айында Қазалы ауданынан бір топ ардагер ағаларымыз Ақтан батырдың жерленген бейітіне барып, зиярат етіп қайтты. Осы сапарда бірге болған Арал ауданының «Қарақұм» кеңшарынан Ақтан батырдың Айқасқадан тараған төртінші ұрпағы Аман Бисенов және Тоқабай елді мекенінен Алдажар Әжібаев та өздері білетін тың мағлұматтарды еске салды. Ал, Ақтан батырдың бейіті маңында он үш жасынан бері тұратын Қабақ руының қадірменді ақсақалы Сәндібек Ақниязовпен танысып, әңгімелескенде де біраз дерекке қанықтық. Сәндібек ақсақал төбе баурайындағы «Ақтанның ақ жолы» деп аталатын ескі жолдың сілемін көрсетті. Ақтан батырды халық осы жолда күтіп алып, көрген қорлығы мен азабын айтып, мұңын шағатын болған. Содан кейін Ақтан батыр жәбір көрушілерге теңдік алып береді екен. Сондай-ақ, жолда «Ақтан көңі», «Ақтан құдығы», «Ақтан сайы» деген жерлерге куә болдық.
Ақтан бабамызды онан әрі насихаттай бастаған шалқарлықтар 1995 жылы Ақтан батыр әулиенің рухы риза болатындай үлкен азаматтық іс жасады. «Ақ әулие» атанған қазалылық халық емшісі Серік Жұмахметов барып, ел-халықты көтеріп, әрі батыр, әрі әулие Ақтан Ақайұлының бейіті жаңартылды. Бүкіл ел жиналып, Ақтан батырдың бүгінгі ұрпаққа оның кім болғандығын тағы да еске алып, ас берді.
Ата-бабадан мұраға қалған жері мен елін қорғаудағы халық батыры Жанқожа мен оның үзеңгі дос, серігі Ақтан батырдың ерліктері бұған дейін көптеген шығарма, толғау, дастан, жырларға арқау болған. Ақын-жазушы Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойында» атты екі томдық еңбегінде көп мәлімет келтірілген. Сондай-ақ Сыр өңірінде өмір сүрген әйгілі шежіреші-шешендердің жалғасы Ахмет Өмірзақов Ақтан батыр жайлы құнды естеліктер айтып берді. Ақындар Әнес Нарымбетов, Ақанжан Келімбетов, Басықара Алпамысов, Құдайберген Смағұлов, Жұмабек Табынбаев, Нұрман Науанов, Сардарбек Қожағұл, тағы басқалар дастандар жазып, өлең-жырларын арнады. Ал жазушылар Молдахмет Қаназ, Әбдісаттар Оспанов, Нұрлан Көбегенұлы, аралдық Аманкелді Траханов, ақтөбелік ұстаз, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Асыл Смағұлова Ақтан батыр жайлы көлемді зерттеу мақалаларын оқырмандарға ұсынды.
Осылайша Ақайұлы Ақтан батырдың өмірі және елі мен жерін қорғаудағы жанкешті ерліктерінің тарихы бірнеше жыл бойы зерттеліп, зерделенді.
***
1994 жылы Қазалы ауданының ХХІІ партсъезд атындағы кеншары Ақтан батыр атындағы шаруашылық серіктестігі, 1995 жылы өндірістік кооператив болып қайта құрылды. Қазір осы Көларық ауылдық округінің орталығы Ақтан батыр ауылы деп аталды.
Бұл күндері облыс, аудан басшыларының тікелей қолдауымен Сырдария өзенінен Әлсейіт арқылы өтетін Ұлы жол бойында өмір бойы қарулас дос болған аруақты әрі әулие халық батырлары Ақтан Ақайұлы және Жанқожа Нұрмұхаммедұлы атындағы ауылдар өркендеп, өсіп келеді. Қасиетті ауылдың тұрғындары елі мен жерін қорғаған батыр бабаларын мақтанышпен атайды. Соның нәтижесінде, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде, Қазалы қаласында, ауыл орталықтарында Ақтан батыр атындағы бірнеше көше пайда болды.
1997 жылы Ақтан батырдың туған жері Қазалы ауданында, ал 2010 жылы Арал ауданында «Ақтан батыр жылы» деп жарияланды. Оның есімі құрметтеліп, өмір жолы, ерлік істері бүгінгі ұрпаққа паш етіліп, батыр атымен аталатын ауылда – ұлы жолдың бойынан ескерткіш кесене салынды. Батыр әрі әулие Ақтанның «Тебенсайдағы» бейітінен топырақ әкелініп, аудан, облыс әкімдерінің қатысуымен ескерткіш-кесене салтанатты түрде ашылып, қазалылықтар ас беріп, ат шаптырды. Бұған Ақтөбе облысынан Ақтан батырдың ұрпақтары, Ырғыз ауданының сол кездегі әкімі Жеткерген Оралмағанбетов бастаған делегация қатысты. Сөйтіп, Қазалы ауданында тағы бір бүгінгі ұрпақ барып, тағзым етіп, тәубешілік жасап, бас иетін қасиетті орын өмірге келді.
Рухы өшпейтін, ұлтын сүйер ұрпақ қастерлей беретін Ақтан батырдың ерлігін паш етудегі салтанатты мереке Арал ауданында да жоғары дәрежеде тойланды. «Ақтан батыр жылы» аясында жарық көрген Шамша Айтуғанұлының «Ақша бұлтты Ақтан батыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. №62 орта мектепте ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, оған Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан, көршілес Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар аудандарынан қонақтар қатысты. Ақтан батыр көшесінде театрландырылған көріністі тамашалап, Жанқожа мен Ақтан батырларға қойылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
Ауданымызда 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылған көптеген іс-шараның бірі де бірегейі халық батыры Ақайұлы Ақтанның туғанына 245 жылдық және Бекарыстан би Амалдықұлының 250 жылдық мерейтойы болды.
Осында Ақайұлы Ақтан батырға байланысты тарихшылар мен жазушылар, зерттеушілер мен ақындар қалам тартып, ой бөлісіп, бірнеше басылымға мақалалар мен өлең-жырлар жариялады. Бабамыздың өмір тарихы тың деректермен толыға түсті. Соның бірі, жоғарыда аталған тарихи тұлғалар жайлы өткен рухани-танымдық конференцияда баяндама жасаған қызылордалық Бақытжан Ахметбек Ақтан батырдың баласы Ес батырдың бұған дейін бізге белгісіз ұрпақтары жайлы тың мәліметтерді жария етіп, олардың өміріне қысқаша талдау жасады. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды.
Сондай-ақ, жерлесіміз, атақты жазушы Әбдісаттар Оспановтың баспадан шыққан «Наркескен» трилогиясынан Ақтан батыр жайлы жаңа деректерді сүйсіне оқыдық. Сонымен бірге, бұған дейін Ақтан батыр өмірі және оны ұлықтаудағы жылдар бойы жасалған іс-шаралар жинақталып, 2010 жылы шыққан «Ақша бұлтты Ақтан батыр» кітабы кейінгі бес жылда белгілі болған тың деректермен және Ұланақтан тараған ұлысқа ұран болған аруақты әулие, батыр Ақпан бабамыз жайлы материалдармен толықтырылып, жаңартылған «Ақтан батыр» кітабы баспадан шықты.
Осы арада Ақайұлы Ақтан батырдың рухын ардағындай қастерлеп, үнемі еске алып, жылдар бойы айтарлықтай жұмыстар істеп келе жатқан Ақтөбе облысындағы ағайындарға, оның ішінде шалқарлықтарға, аудан басшыларының жасаған қолдауына біз үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Мұны біз ақтөбелік Қалау Шүкіровтың «Сұрасаң руымды Қаракесек» атты кітабынан, Серік Түрекешовтың, тағы басқа да белсенді жұмыс атқарушылардың айтарлықтай игілікті істерінен жақсы білеміз. Соның нәтижесінде облыстың, ауданның орталықтарында Ақтан батыр атындағы көшелер бар, бір елді мекен Ақтан батырдың атымен аталған.
Ақайұлы Ақтан батырға арналған республикалық конференция 2018 жылы Шалқар қаласында өтті. Бұған бастамашы болған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Нағима Тлембаеваның жан-жақты ұйымдастырған мазмұнды іс-шараларын облыс, аудан басшылары, ардагерлер, батыр бабаның ұрпақтары қолдауы есте қаларлықтай болды. «Асқақ рухты Ақайұлы Ақтан батырға» арналған конференцияда сонымен бірге XVIII-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстардың басқа да тарихи тұлғаларының өмір жолы кеңінен сөз болды. Осы конференцияда Шалқар қаласындағы №8 орта мектептің түлегі Ақтан Елубайұлы Қалмұраттың «Менің атымды неге Ақтан қойған?» деген өлеңін өзінің мәнеріне келтіре, тебіреніп оқуына қатысушылар таңырқай қол соғып, тіл-көзден аман болғай деген тілектерін айтып жатты.
Конференцияға қатысушылар абаттандырылып жатқан Ақтан батыр атындағы көшеге арша ағаштарын отырғызды. Бұл бастаманы шын жүрегімен қолдап, сөз сөйлеген батыр баба ұрпағы, Шалқар ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Аманғали Төлебаев материалдық құндылық бүгін бар, ертең жоқ, ал осындай рухани дүниенің мәңгілік екендігіне ерекше тоқталды.
Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі осы конференция материалдарын жинақтап, «Тарихқа тұнған туған өлкем» атты кітапты баспадан шығарды.
Соңғы жылдары аруақты әулие Ақайұлы Ақтан бабамыздың өлгеннен кейін қойылған қорымындағы бейітіне арнайы барып, зират етушілер саны көбейе түскен. Осыларға жағдай жасауды ойластырған шалқарлық жастар бастама көтеріп, оны ауыл ақсақалдары қолдап, арнайы түнеухана, одан бейітке баратын жол салды. Бұл жұмыс бүкілхалықтық сипат алды. 2023 жылы баба ұрпақтары осыны пайдаланып, арнайы ас беріп, алдағы уақытта осындай елі мен жерін қорғаған ерлердің өмірін жас ұрпаққа үлгі боларлық іс-шаралардың жан-жақты жүргізілуі жайлы ақылдасқан игілікті басқосу болды.
Осылайша егемен елдігіміздің арқасында қол жеткен, тарихта ұмытылып бара жатқан Ақайұлы Ақтан батырдың өмірі мен елі мен жерін қорғаудағы ерліктерін бүгінгі ұрпақ ұмытпай, алдағы уақытта да қастерлеп өтетіндей нәтижелі жұмыстар істеле бермек.
Мен өзім өмір бойы мемлекеттік қызметте жүрсем де, Ақтан батыр бабамызға байланысты деректер мен атқарылған жұмыстарды жинақтап, құрастырып, бірнеше кітапты жекелеген тілектес жанашырлардың демеушілік қолдауымен баспадан шығарып, халыққа тегін тараттым. Атағымды шығарайын дегенім жоқ. Мен жазушы емеспін, мамандығым – математик, экономист.
Ондағы мақсатым – Ақтан батыр жайлы деректер көбіне-көп ел аузынан жинақталған. Ауызша айтқандардың әлі де зерттей түсетін, нақтылап, анықтайтын жерлері баршылық. Сондықтан халық білсін, әлі де тың деректермен толықтыра, нақтылай түссе деймін.
Өйткені, жылдар бойғы мұрағат, деректерді, ел аузынан естігендерді, жазылған шығармаларды зерделей келгенде көп нәрсені әлі де жан-жақты зерттеп, жинақтай беруіміз керек сияқты. Күндердің күнінде Ақтан батыр жайлы арнайы сүбелі шығармалар әлі де жазыла беретініне менің сенімім мол.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
Астана қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!