Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылының маңайында орналасқан Қышқала қалашығы еліміздегі ерекше сәулет ескерткіштерінің бірі. ХІІІ-ХV ғасырларда өмір сүрген қала орны 1243 жылдан бері Қышқала деп аталып келеді. Оның басты себебі – қала құрылысының күйдірілген қыштан құрылғаны болып отыр. Қалашықтың жалпы аумағы 40-50 шақырымды құрайды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының айтуынша, қалашықтан табылған құнды жәдігерлер облыстың мәдениет және өнер күндері аясында Алматы қаласында және Астанадағы Ұлттық музейде ұйымдастырылатын көрмеге қойылатын болады.
– «Қышқала» қалашығы Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Оның Алтын Орда дәуірінде ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғандығы да айтылады. Алғаш рет бұл қаланы 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.А.Каллаур ашып, оны «Кыс-кала» немесе «Тасқала» деп атаған. Жалпы, елімізде есімі аңызға айналған тұлғалармен байланысты көне қалалар саны өте аз. Ал, Қышқала қалашығы солардың бірі. Сол себептен де кейінгі жылдары қалашыққа қызығушылық танытатын адамдардың саны едәуір артқан. Қалашықтағы басты нысанның бірі – сегіз қырлы медресе. Ол 2018 жылы басталған қазба жұмыстары кезінде табылған. Аумағы 28 метрді құрайтын медресенің төртбұрышында мұнаралары мен негізгі және қосалқы қақпасы болған. Сондай-ақ, 19 бөлме мен ортасында дәріс оқитын үлкен бөлмесі де бар.
Айта кету керек, аймақтағы ежелгі «Шірік Рабат», «Бәбіш мола», ортағасырлық «Сығанақ» қалашықтарына жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми негіздеріне сүйеніп, өткен жылы «Шірік Рабат Сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалып, музей қоры жаңа экспонаттармен толықты. Бұл жоба биыл да жалғасын тауып жатыр. Арал маңы сақтарының ерте кезеңіне жататын «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары қолға алынды. Бұл құнды жәдігерлер облыстың мәдениет және өнер күндері аясында Алматы мен Астана қалаларындағы Ұлттық музейде ұйымдастырылатын көрмеге қойылады деп жоспарлап отырмыз, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!