Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарих қойнауындағы Алшын тайпасы

30.10.2025, 10:40 423

Автордың оқырман назарына ұсынып отырған жаңадан жазылған туындысы «Тарих қойнауындағы Алшын тайпасы» деген атаумен беріліп отыр. Тарихта Кіші жүзді Алшын деп те атайды. Алшын тайпасының Дешті Қыпшақ (Алтын Орда) мемлекеті, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы кезіндегі тарих бетіне түскен тұлғалардың ауызша шежіремен байланысы айтылады. Алшын тайпасы Алтын Орда мен Ноғай Ордасының негізгі тірегі болды. Алшын тайпасының Хорезм өлкесіне не себепті қоныс аударуы туралы  болмақ.

Алшын тайпасының ұйымдастыруымен XVIII ғасырдағы батыстағы қалмақ, казак-орыс және шығыстағы жоңғар (ойрат) шапқыншылығына қарсы 1710 жылы мен   1726 жылы Арал маңындағы Қарақұмда өткізген құрылтайы да сөз болады. Оқырманға ұсынып отырған жаңа туындысы Алшын тайпасының сол замандардағы тарихи оқиғаларды қайта ой елегінен өткізіп, ел билеген хандар, билер, батырлардың қазақ жерінің біртұтастығын сақтаудағы еңбектерін шынайы  көзқараспен  жазған.

НОҒАЙ  ОРДАСЫНА  ҚАРАҒАН  АЛШЫН  РУЛАРЫНЫҢ  ХОРЕЗМ  ӨЛКЕСІНЕ  ҚОНЫС  АУДАРУЫ

Хорезм Жошы ұлысының оңтүстіктегі ерекше статусы маңызды иеліктерінің бірі еді. Шыңғыс хан бұл өлкені Жошыға берген. 1260-1264 жылдары Берке (Алтын Орда ханы) Хорезмнен айырылып қалды. Шағатай ханы Алгу өзіне қосып алды. Бірақ көп ұзамай Хорезм Дешті Қыпшаққа қайтып оралды. Алайда Хорезм екіге бөлінді: Сырдария аңғары Үрге­ніш қаласымен қоса Дешті Қыпшаққа, ал оңтүстік Хорезм-Хиуа мен Қият (Бируни қаласы) Шағатай иелігіне  қалды.

Араб саяхатшысы Ибн Баттута Алтын Орда ханы Өзбек ханға барған сапарында көргендерін жазады. «1334 жылы Сарай қаласында болғанда Алтын Орда­ның ұлы беклербегі алшын Иса бек (Айса) (авт. – Төртқара), әмірлері қоңырат Нағадай (Хорезм әмірі), қоңырат Әдибек, Иса маңғыт еді», — деп сапарнамасында көрсетеді (История Казахстана в арабских источниках. Том I. Алматы, 2005, 217-222-бб // аударған: Әнес Сарай. Ноғайлы, 395-б).

Ауызша шежіреде Қоңырат тайпасының шежіресінде Көк тәңірі, Үлбіші (Байсын) және Нағанай болып үш руға тарайды. Көк тәңірі мен Үлбіші (Байсын) өзбек халқының құрамында. Ауызша шежіредегі Нағанай мен Ибн Баттута көрген Қоңырат Нағадай бір адам болуы мүмкін  дейміз.

Нағанай (Нағадай) Қоңыраттан кейін екінші аталады (Қазақ шежіресі. Алматы, 1994, 129-б).

Ақсақ Темір 1388 жылы Хорезмді алып, бүкіл халқын Самарқандқа көшіріп, Үргенішті жермен-жексен ғып бұзып, қала орнына арпа екті. Ақсақ Темір өлгеннен кейін, Едіге Хорезм өлкесін Үлкен Орданың  қарамағына  қаратты.

«Абд ар-Раззак Самарканди болса, 1411 жылы Едігенің (Ақсақ) Темірмен келісе алмай Хорезмге кеткенін егжей-тегжей баяндайды. Ол кезде Хорезм­нің билеушісі Едігенің ұлы Мүбарак-Шах еді. Едіге Хорезмге Жәнікеден туған ұлы Сұлтан-Махмұтпен келген (Самарканди, 1969, 180-182-бб). «Эдиге» атты татар эпосында Едігенің өкпелеп Хорезмге кетіп қалаты­ны, Нұрадынның (Едігенің үлкен ұлы) сәлем айтып, оны елге шақыратыны мән беріле жырланған. Өкпелеп кетсін, қуылып кетсін 1410-1411 жылдары Едігенің Еділ-Жайықты тастап, Хорезмге ұзағаны, Ноғайлы тізгіні Нұрадынның қолына көшкені  анық», — деп  жазады (Ноғайлы, 74-б).

Әнес Сарай: «Алтын Орданың соңғы тұяқ серпер  әрекеті деп, 1480 жылы Үлкен Орданың (Тақыт елінің) ханы Ахметтің Ресейге жорығын айтуға бола­ды. Ол орыс тарихында «Уграда аңдасу» атпен белгілі. Қарсылас екі жақтың ләшкері бетпе-бет келгенімен, соғысуға батпай тарасты. Міне, осы жорықта Ахметтің негізгі тірегі алшындар мен алшын баты­ры  Алау  болды», — деп жазады (Ноғайлы, 220-б).

Н.Карамзин «Уграда аңдасу» жайында былай деп баяндайды: «Прошло около двух недель в без­действии, Россияние и Татары смотрели друг на друга через Угру, … Ахмет послал лучшую свою конницу к городищу Опакову и велел ей украдкою переп­лыть Оку; Воеводы Иоанновы не пустили Татар на свой берег… по словам Летописцев: Татары, видя левый берг Угры, оставленный Россиянами, вообразили, что они манят их в сети и вызывают на бой, приготовив засады; объятый странным ужасом, Хан спешил удалиться. Представилось зрелище удивительное, два воинства бежали друг от друга, никем не гонимые! …но Ахмат ушел восвояси, разорив в Литве двенадцать городов, за то, что Казамир не дал ему помощи», — деп қорытындылайды (История государства Российского.  Москва, 2009. Том VI, глава III, стр. 570, 571).

Әнес Сарай Ахмет хан III Иванға (Иван Грозный­дың атасы) қарсы Угра өзенінің жағасында бір-бірімен соғысуға бата алмай тұрғанда Үлкен Орда­ның астанасы Сарайды жасырын әскер жіберіп қиратқаны туралы: «Мәскеудің ұлы князі Қырымнан қашып келіп, қолында жүрген Нұрдәулет бекті Звенигород князі Васлилий Ноздроватый екеуін кемелерге отырғызып, Еділмен Сарайға аттандырды. Еділмен жасырын жөнелтілген Нұрдәулет пен Ноздроватый жасағы қорғанысыз қалған Сарай қала­сын алып, тонауға салды. …Нұрдәулет патшазаданың Обуяз есімді ұланы қарсы болып, көлденең  тұрмағанда.  Ол:  «Сен не істегеніңді білесің бе? — деді патшазада Нұрдәулетке. – Есіңе түсір, бұл көне Орда біздің бәріміздің анамыз, біз содан тарадық. Сен Мәскеу алдындағы міндетіңді орындадың, Ахметтің сыртынан соққы бердік, сол да жетеді, көненің көзін бүлдірме», — деп жазады (Карамзин Н…. книга II. Том VI. Гл. III. 99-б. //аударған Сарай Ә. Ноғайлы, 115-б).

«1481 жылдың қаңтарында Ахмет хан Ноғайлы Жаңбыршы, Абат, Сібір ханы Ибақтың ойранынан жазым болады. Темірдің (Би Темірдің) айнала төңірекпен хат жазысып, елшілік қарым-қатынасқа түсетіні осы кез. Алыс-жақын көршілерге Алшын Алау  батырдың да есімі осы тұста белгілі болады. 1486 жылы Қырым ханы Меңлігерейге жолдаған хатында III Иван (Иван Грозныйдың атасы) Мұртаза хан мен Темір бектің адамы Алаудың орыс елшілерін тұтқындап, үш жерге бөліп, жасырын ұстап отыр­ғанын мәлімдеген», — деп жазады (История Казахстана в русских источниках. XVI-XX веков. I том. Алматы, 2008, 34-б. / аударған Әнес Сарай. Ноғайлы. 220-б).

Алау батырдың өмір сүрген уақытынның дерегін зерттейміз. Біздің  әңгімеге арқау болатын – Алау батыр. Алшын жырларында жырланатын Алау батыр – Алшын тайпасының түлегі. Кіші жүздің ауыз­ша  шежіресінде: «Бекарыстан > Ордаш >Мөңке би* > Сармырза >Қоғам > Алшын батыр* > Арғымақ, Алау  батыр  (шын  аты  Тұлпар);

Арғымақтан: > Телеу мырза, Рамадан, Сәдір, Нәдір;

Алау батырдан: > Қыдуар тентек*, Құдаһияр (Керейт), Сәду (Жағалбайлы)

Қыдуар тентектен: >Алқожа, Асанқожа; Алқожадан: >Кәдірқожа, Сәдірқожа;

Кәдірқожадан: > Қаракесек; Қаракесектен: Байсары, Әлім, Шөмен. (Үсенбаев Т. Алшын шежіресі, Қызылорда, 2003, 24, 25-бб).

«Алау батырдың баласы Бабаштың: «Ахмет ханмен аттанып барып Русьтен не таптыңдар?», — деп беттерін қайырғанын, Днепрге аттанбақ ойларын барын хабарлайды». Сөйтіп, төл тарихымыз үшін аса маңызды Алау батыр мен оның ұлы Бабаштың есімі тарих бетіне қалқып шығады. Олар Қырым хандығының шекарасы Орбаттың сыртында, демек Донның Азаққа (Азовқа) жақын тұсындағы далалық аймақта қоныстанып  отырған» (Ноғайлы, Сонда, 42-б).

М.Түйімбетов «Сопылар әлемі» атты кітабында: «Көне Үргеніш қаласын көріп тұрып, ішің удай ашиды, денең түршігеді. Қаптаған үйінді. Солардың ортасында – Орта Азиядағы ең биік 62,5  метр­лік Алтын Орда ханы Құтылық Темір* құрметіне салын­ған мұнара. …Оңтүстік шығысында – Әл Мамун Академиясының қиратылған жайы. Ол аса биік төбе, зәулім сарай болса керек. Мұнараның шығысында – жаңа салынған үйтам күмбез. Бұл үйтам – Алау батырдың жатағы. …Алау батыр күмбезін салған Ташауыз облысының имамы, Қазақ есімді түрікпен ишан. Ол Меккеге барғанда берген уәдесіне байланысты өз қаржысымен қайта жаңғыртып салдыр­ған», — деп ол 1988 жылдың 4-25 мамыр аралығында Керейт шежіресін зерттеу ниетімен, Өзбекстан мен Қарақалпақ еліне сапары кезінде көргендерін, естігендерін қағаз бетіне түсірген (Қызылорда, 2004, 9-б).

Құтылық-Темір* – Алтын Орда ханы (1395-1400 жж.) Едігенің  жиені;

Қаракесек бірлестігі: > алты ата Әлімнен: > Жама­нақ (Шекті) > Шыңғыс, Баубек, Өріс;

1). Өрістен: >Есеналы, Айдарбек; Айдарбектен: >Күлік. Күліктен: >Берше, Тоқас, Жанбай*, Әлімқұл (Құлым); Әлімқұлдан: >Жаманкөз > Бабас (Баба/ш)

2). Өрістен: >Есеналы: >Палуан, Кішкене; Кішкене­ден: > Жиеней > Әлмәмбет > Қораз > Бабас (Баба/ш);

Ауызша шежіреде көріп тұрғанымыздай, Шекті руының екі аталығы Күлік пен Кішкенеде Бабас (Баба/ш) есімімен жолығамыз. Күлік аталығында Баба/ш пен Жанбай бір қатар тұр, сондықтан біздің пайымдаумызша, Бабас/ш Алау батырдың баласы дейміз. Яғни, Алау батырды Шекті руының Күлік аталығынан  деп  айтуға  негіз  бар.

Үлкен Орда (Тақыт елі) біржолата жойылғасын, Алау батырдың қарамағындағы елі Хорезмге қоныс аударғ­анымен, іргелі Алшын иелігінің ізі жоғалмады. Оның орнына қалған Алшын қауымы Ноғайлыға қосылды. Міне, осы кезден бастап Алшындардың  ел  ағасы  Тоқтамыс  дейтіні  сондықтан.

«1503 жылмен таңбаланған құжатта ақ патшаға елші жіберген елдердің аты аталған: «Өткен күзде Ших-Ахмет патша маған Тулуш атты елшісін жібе­ріп еді. Ал биыл Тулушпен бірге Булгаир китааны*, Хозяк ханзада Исенекті, сондай-ақ Тоқтамыс алшын*, Ахмет Ақсақ ұлы* Солтан, Мұса ұлы Алшағыр өз елшілерін жіберді» (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Том I Алматы, 2005, құжат №13, 46-б. // аударған: Әнес Сарай. Ноғайлы, 303-б). Үлкен Орданың соңғы ханы Ахметтің ұлы Ших-Ахметтің жіберген елшісі «Булгаир  китаа*» деп таңбаланған. Бұл – Кете тайпасының орысша әліптенген түрі. Автордың «Кете тайпасының көне тарихы» (2023 ж.)  атты зерттеуінен оқуларына  болады.

Бұл  арадан білетініміз, Үлкен Орданың ханы Ахмет  ханға Алшын Алау батыр да, Алшын Тоқтамыс та қызмет еткен. Ал Кете тайпасы әу бастан Қара­кесек  бірлестігінде Әлім, Кете, Шөмен болып жіктелгенін  байқаймыз.

Ақсақ ұлынан* – орыс дворяндары Аксаковтар  әулеті  тараған.

Екінші анықтайтынымыз – Тоқтамыс есімі, Кіш жүз Алшын тайпаларының қайсысынан таратамыз?

Кіші жүздің ауызша шежіресі бойынша:

1)      Жаманақ (Шекті) > Өріс >Айдарбек >Ардана >Балтық >Дәулет >Тоқтамыс, Қараша, Бәйбек, Мәңкі, Мәмбет;

2)      Қарасақал >Тегінболат >Шіңгір >Жанболды >Сүгір >Тоқтамыс;

3) Қаракете >Сары >Асан >Қарпық >Текей >Кеген >Есен >Тоқтамыс;

4) Табын >Тоғым (Тарақты) >Жаманкеребай >Жылқышы (Асандәулет) >Бортай >Тоқтамыс;

5) Адай >Құдайке (Түрікпен адай) >Қосай >Байбол >Мәметқұл (Шалбар) >Тоқтамыс;

6) Адай >Келінберді >Мұңал >Жаулы >Жары >Тоқтамыс;

(Қазақ шежіресі. Алматы. 1991. Құрастырған Бейсенбайұлы Ж.).

Әнес Сарай: «Ал бұл Тоқтамыс болса Адайдың Шалбар тармағының тұлғасы, есімі ру атына айналған әйгілі батыр. Әңгіме болып отырған тұста ол әлі Адай құрамына енбеген, Алшын атымен жүр»,- деп Тоқтамысты Адай руына телиді (Ноғайлы, 221-б).

Тоқтамысты бес рудың, яғни Шекті, Қарасақал, Кете, Табын, Адай (екеу) руларының қайсысына жатқызамыз? Біздің пайымдауымызша, Адай тайпасы да Алшындармен бірге Үлкен Орданың Сарай маңындағы негізгі тайпаларының бірі болған болуы мүмкін. Жетіру Табын Тәуке ханның кезінен бастап Алшын деп аталған, яғни беріде шамамен 1700 жылдардан кейін.

Әнес Сарай: «…алшын, қыпшақ атауымен Ноғайлыда жүрген рулар көп еді. Солардың бірі – Тоқтамыс Алшын жұрты. 1503 жылы ол Дон дала­сында Алау және оның ұлы Бабаштан кейін Алшын ұлысын билеп отырды», — деп жазады (История Казах­стана в русских источниках XVI-XX веков. Том I Алматы, 2005, құжат №13, 46-б. // аударған: Әнес Сарай. Ноғайлы, 303-б). «Олар Ноғайлыға ауып келіп, Сейідахмет бидің жұртына айналып, Сейідахмет бірге 1540 жылы Хиуаға, сосын Бұхараға ауды», — деп пайымдайды. Әнес Сарайдың бұл болжамына мынадай уәж айтамыз, Алшын, Шекті (Күлік аталығынан) Алау батырдың қабірі Көне Үргеніш­те, яғни Қырым ханы Меңлігерей 1503 жылы Дон даласында отырған Үлкен Орданың соңғы сілімін талқандап қуғанда, Дон өзенінің бойында отырған Алау батыр бастаған Алшындардың бір бөлігі бұрынғы Алтын Орданың меншігіндегі Хорезм өлкесіне қоныс аударған. Алшындар (Шекті мен Төртқара рулары) Ақ Орданы 40 жыл билесе, ірі рулар екінші бір рудың батырларына не биіне руларын билетпейтіні анық. «Есіктен кіріп, төр менікі дейтін» заман емес. 1628 жылдан кейін Алтыұл жұрты Қазақ хандығына қосылғаннан кейін Тоқтамысқа қараған елдің бір бөлігі Адай, Табын, Кете, Қаракесек руларына қосылып, бұрынғы атауымен аталып, сол руларға сіңісіп, Тоқтамыс аталығы болып енеді, бірақ та бірінші біріккендегі атын жоғалпайды. Сондықтан да Тоқтамыс – Шекті руының Өріс аталығындағы Айдарбек бөлімінен дейміз. Ауызша шежіредегі адам аттары алысты жақындатса, кейде, жақынды алыста­тады. Айдарбек берідегі жоңғар мен қалмақ соғысының батыры болса, Тоқтамыс – арыдағы Ноғайлы  заманының  кейіпкері.

«Аяқ астынан әлеуетті Сейдек (Сейідахмет) Ноғайлы тізгінінен айырылып, өзіне қарасты жұрты­мен Хорезмге көшіп кетті. …Бұл жолы ағалы-інілі Сейдек пен Шейх-Мамайдың келіспеушілігі Қазақ хандығына байланысты болған сияқты. Ташкентпен ауажайлап, Дешті Қыпшақты ақыры оңдырмай сүріндіргенде інісі Шейх-Мамайдың қайнысы Хақназарды (Шейх-Мамайдың әйелі Қасым ханның  қызы, аты Бұлдыр еді) қазаққа  хан  қойып, оты сөнген ошақты үрлеп  тұтатқаны  Сейдек  биге  ұнамай  қалған.

Інісі Шейх-Мамайдың Сібір, Башкириядағы өзімбілімдікпен істеген істері де бидің ойынан шықпады. Сібір ханы Ибақ 1495 жылы өлген-ді. Оны тақтан кетіріп, өлтірген жергілікті Тайбұға әулеті. Ибақтың немерелері, Мұртаза хан ұлдары Ахмет­герей мен Көшім, Қасым хан ұлы Хақназармен бірге Шейх-Мамайдың Ордасы Ор (Орск) бекінісінде тәрбиеленіп, ержеткен-ді.

Шейх-Мамай 1535 жылы Сібірді жаулап алып, екі-үш жылдан кейін Көшімді хан қойған. Ал оның інісі Ахметгерейді Башкирияға билеуші етті (Трепавлов В.В., История Ногайской Орды. Москва, 2002, 205-207- бб / аударған Ә.Сарай. Ноғайлы, 153-154-бб).

«Сөйтіп, Шейх-Мамай ағайын-туыс көрші хандар­ды қайта жандандырып, жау алмастай өзіне тірек  тапты.

…Бір кезде ұлы Нұрадынның қимыл-қаракетіне өкпелеп, Бұхараға кетіп қалған атасы Едіге сияқты бұл да өз жұртымен Хорезм ауып, кейін Бұхараға орнықты. Сейдекпен 30 мыңдай үй ауды. Ноғай­лының қазаққа аууының басы осы болды. Бұл оқиға 1540  жылы  болды.

Осы шамада көп ұзамай, дәлірегі келесі 1549 жылы Шейх-Мамай өз өлімімен өлді. Қабірі шығыс қататтың орталық қаласы Ор (Орск) бекінісінің іргесінде, Ырғызға баратын қыр сүрлеудің жиегінде.

Сейдек пен Шейх-Мамай Ноғайлының шекарасын кеңейтіп, Қырым, Қазан, Әзітархан, Сібір, Қазақ  хандығының  бәрін  бас  идіріп, дамудың шырқау шегіне шықты. Ол Еуразия құрлығында Ресеймен бара-бар саяси күшке айналды. …Соны­мен Ноғайлының айдынын асырған Сейдек 1551 жылы  Бұхарада, оның інісі Шейх-Мамай 1549 жылы Ноғайлыда өлді», — деп Ноғайлы Ордасының бетке ұстар ағалы-інілі Сейдек пен Шейх-Мамайдың ақырын  осылай  баяндайды  (Ноғайлы, 154, 155-бб).

1538 жылы Сейдек пен Шейх-Мамай арасында тақ таласы басталды. Мамай батыр Сейдектің жағында болды. Сейдек Бұхараға көшкенде «Мамай балалары» онымен бірге кетті. Мамай 80-нен асқан жасында жарық дүниемен қоштасты. Оның өмір сүрген  кезеңі – 1458-1538  жылдар  аралығы.

«1549 жылы Шейх-Мамай өліп, орнына Жүсіп би болғанда …Жаңбыршы ұлы Ағыс батыр інісі Ораза­лыны кейқуат қойып, Жемге көшірген-ді. Жем Шейх-Мамай ұлдарының атақонысы еді. Беттеріне ешкім жел боп келмей, еркін жайлап, кең қонған Шейх-Мамай ұлдары ерлерін бауырға алып тулағанымен, ағалары Қарасайдың ыңғайынан аса алмады. Дегенмен, мәмілеге илікпей, сес көрсетіп, Шейх-Мамайдың үш ұлы (ел-жұртымен) Хорезмге  көшіп  кетті.

Шығыс шекара қатерлі бола бастады. Сейдек әлі тірі еді. Сейдек балалары мен Мамай балалары күш жиып, еңсе көтере бастаған. Оған Шейх-Мамайдың үш ұлы барып қосылуы қатерді үстей түсті. …Қази Қобдаға, Сейдек, Мамай, Шейх-Мамай ұлдары Хорезм­ге ауып кетсе? Олардың жеке бастары кетпей, ұлыстарымен ауғаны белгілі. Әсіресе жан саны мол Шейх-Мамайдың үш ұлының бірден кетуі – шығыс қапталды үңірейтіп кетті», — деп жазады (Сонда, 161, 164-бб).

Әнес Сарай: «Алшындардың Хорезм өлкесіне 1503 жылдардың шамасында Алау батыр* бастаған қомақты бір бөлігі жер ауса, Ноғай Ордасында Ысымайыл би билік жүргізген кезде 1540 жылы Сейдек би інісі Шейх-Мамайға өкпелеп Алшындардың ұйыт­қы тобы (Төртқара, Шекті, Шөмекей, Кете, Адай, т.б.) екінші рет қоныс аударған. Бір ұрпақ өткенде Бұхара ханы Әбді әл-Азидің әскери қолбасшысы Алшын-бек* атты бидің мәлім болуы, оның ізін ала әйгілі әмір Жалаңтөс баһадүрдің шығуы тегін емес. Бұл ауажайды тарихи шежірелер растайды. «XVI ғасыр Шығай (1580-1582 жж.) хан (Қазақ ханы) заманында 40 мың үйлі Алшындар Кени­мах, Жизақ, Нұрата, Ақтау тағы басқа Самарқанд, Бұхара жерлерін мекендейді. Сол кезде Бұхара ханы Сейітқұлды Алшындардың және Бұхара мен Самарқандтың бірқатар уәлаяттарының әмірі деп есептейді. Сейіт­құл өлген соң денесін Нұрата тауындағы қорымға қойыпты. Оның орнына баласы, дарынды шешен, қаһарман батыр, айлакер қолбасшы Жалаңтөс батыр  (1580-1660 жж.) болыпты…

1643 жылы Есім хан (1598-1628 жж.) ұлы Жәңгір ханның (1628-1652 жж.) жоңғардың 50 мыңдай қолы қазақты келіп шауып, біраз жерін бағындырып алады. Жәңгір хан алты жүздей-ақ қол жинауға шамасы келіп, сол бекініс – тар асуда (авт.Орбұлақ соғысы) қалың жоңғарды екі жағынан тиіп, қашырады. Жоңғар мен қазақ ол соғысында, Самарқанда әскер басы болып тұрған Әлім руының (Кіші жүз, Төртқара) Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен келіп жоңғарды қуысады» (Сәкен Сейфуллин. Қазақ тарихына қысқаша мағлұмат. Қазақ тарихынан. Алматы, 1997, 314-б).

«Әйтеке бидің аталары, Алшын Алау батырмен немесе ноғайлы Сейдек би (Сейідахмет) мен Хорезм өлкесіне қоныс аударғандарын дөп басып айту қиын», — деп Әнес Сарай жазады (Ноғайлы, Алматы, 2009, 222-б).

«Ел  арасында  кең  тараған аңыз-әңгімелер де соның  айғағы. Әйтеке би шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарларға қарсы ұрыстарда қол бастаған батыр да болған дейді ескі қария сөздері. 1685 жылы Нұрата маңында шабуыл жасаған Қалдан Бошақтың 10 мың жасағына қарсы Нұрата, Қаз бибі, Ақтау, Тамды, Кенимах төңіре­гін­дегі алшындар  мен қарақалпақтардан және құрамалардан  жиналған 5 мың әскермен Әйтеке би аттан­ған. Ол әуелі Қалдан-Бошақтыны өз әкесінен емес, есігінде жүрген қытай құлдан туғанын бетіне басып, жерге қаратады. Ізінше басталған соғыс бір күнге созылады. Келесі күні Әйтекеге Самарқандтан, Бұхарадан қалың әскер көмекке келе жатыр деген қауесетті естіп, Қалдан-Бошақтың негізгі жасағы қалған Сайрам төңірегіне шегініп кетеді. Сол жылы Сайрам талқандалып, жыл сайын болатын Күлтөбеде өтіп жүрген «хан кеңесі» болмай қалады, — деп жазылған (Сыр бойының сакралды ескерткіштері… Қызылорда, 2019, 253-б).

Кіші жүздің ауызша шежіресінде: «Бекарыстан > Ордаш >Мөңке би* > Сармырза >Қоғам > Алшын батыр* (Алшын-бек*) > Арғымақ, Алау батыр (шын аты Тұлпар); Алшын батыр* мен Алшын-бек* бір адам дейміз. Әбді әл-Азидің әскери қолбасшысы Алшын-­бек* пен ауызша шежіредегі Алшын батыр бір  адам  болуы  әбден  ықтимал.

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бұл әз-Тәукенің (1680-1715 жж.) тұсында қазаққа қатаған да, қалмақ та, өзбек, сарт та жау болып, Ташкенді алып, қазақ көп тұра алмай, 1652* жылы ауып, Әмударияның жағасына, Парсының бергі шетіне барды. …Әз-Тәуке­нің тұсында қазақ Әмударияда тұрғанда, бұрын Парсыға қарап  тұрған, Афшар деген түрік нәсілінен, бір Надіршаһ  деген мықты кісі шығып, Парсы жұртын қаратып алғанда, қазақ сонан қорқып, қайта ауып, Сырдария­ға келіпті», — деп жазады (Түрік, қырғыз-қазақ  һәм хандар шежіресі. Астана, 2007. 49, 50-бб).

«1652 жылы ауып..» деп жаңсақ жазылған, Тәуке хан  әлі  өмірге  де  келмеген.

Қорыта  айтқанда: «Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Бұха­ра – Ноғайлы мен Дешті Қыпшақтан бірлік тайғанда, Кіші жүз қазақтарының жан сауғалап бір ықтасыны болған хандықтар. Кіші жүздің біз атын естіп, естімеген әз-әулие көне аруақтардың көбі Көне Үргеніш зираты мен Нұратада жатыр. Оның өзі – беті аударылмаған бір тарих», — деп Әнес Сарай тұжырымдайды  (Ноғайлы, 214-б).

Т.ғ.д., академик Манаш Қозыбаевтың: «Алшындар бұл өңірге келген келімсектер емес. Қазақ, Өзбек болып бөлініп Қазақ хандығы құрылған кезде Алшындар өзерінің өрлігімен, бірлігімен қаймағын бұзбай, өздерінің қазақтық қалпын сақтап, сол ата жұртында  қалған.  Олар  отырықшы өзбектерге (авт.сарттарға) сіңіп те, еріп те, еніп те кетпеген. Ендеше Жиделібайсын жері, Самарқанд, Бұха­ра елі тек өзбектердің ғана еншісі емес, оны қазақтардың  да  ортақ атақонысы деп атау орынды», — деген пікірін айта кету жөн (Қуатов. Ү. Арал аудандық  «Толқын»  газеті. 11. 11. 2016 ж.).

Профессор Сәрсен Аманжолов: «XIV-XV ғасыр­да  Амудария, Сырдария  бойында Сарай Берке қалаларындағы  қазақ, өзбек деген сөздердің мағынасы бір синонимдік сөздер болғаны мәлім. Оған дәлел:  Мухамедсалық  дегеннің  «Шейсанинама» деген  кітабында  осы екі сөздің бірінің орнына бірін қолдана береді. Екінші бір жерінде «қазақ» деген «өжет», «жауынгер» деген сөз орнына қолданы­лады. …Белгілі  нәрсе: XIV ғасырдың басында Алтын­орданы Шыңғыс тұқымынан Өзбек (Гияс ад-дин Мұхаммед Өзбек. 1312-1341 жж.) деген хан билеген. Ол көп елді, оның ішінде қазақтарды да мұсылман дініне кіргізген. Оларды Өзбек хан билеген соң «Өзбек­тер»  деп аталған. Бірақ Өзбек хан өлісімен өзбек деген ат әлсіреп, қазақ деген ат қайта туған. Енді осы екі атаудың екеуі де жарыса жүріп синонимге айналған. Қазақтардың біразын XV ғасырда Жәнібек  тұңғыш  рет  хандыққа  біріктіргені  мәлім.

1924 жылға шейін осы күнгі өзбектер өздерін сартпыз деп атаған. (Сарт – Индия тілінде саудагер деген сөз). XV ғасырдың басында Орта Азияны Өзбектер, Қазақтар жаулап алды. Осы күнгі Өзбекстанда бағанағы екі атпен аталып жүрген өзбектер (қазақтар) орналасып алды», — деп жазған (Қазақ тарихынан. Алматы, 1997, 108-б. Мақала 1948 жылы жарық  көрген).

Елдің аты – сол елді билеген атақты бидің, атақты ханның атымен атанып кететін, ескіліктен келе жатқан, әсіресе түрік руларында ескіден келе жатқан әдет. «Өзбек хан – Шыңғыстың Жошысының  тұқымы Ноғай өлген соң, біраздан кейін Алтын Орданың ханы болған кісі. …Өзбек хан өз тұсында мұсылман дінін мықтылау орнатқан. Сондықтан  мұның  аты  шыққан.

Әсіресе, мұсылмандық заңын ертерек, мықтырақ құрған жерлерге Өзбек ханның аты көбірек шыққан. Мұсылмандықты бұрынырақ, мықтырақ жүргізген Түркістан, Бұхар түріктері, Өзбек қол астындағы  елдерді «Өзбек елі» деп атайтын болған. …Қазірде  «Өзбекпіз»  деп отырған Самарқанд, Бұха­ра түріктері «Алпамыс батырды» «өзіміздің туысымыз» деседі. Өйткені Өзбек деген атқа, Өзбек ханның қол астында болған елдердің бәрі де ортақ болған», — деп  тұжырымдайды (Сәкен Сейфуллин. Қазақ  тарихына қысқаша мағлұмат. «Шығармалар». VI  том.  Алматы, 1964).

Әбілғазы «Түрік шежіресінде»: «Елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», — деп жазады (Алматы, 2006, 114-б). Қазақта мақал бар: «Өзбек – өз  ағам,  сарт – садағам»  дейтіні  сондықтан.

Алшындардың (Әлімдердің) Орта Азия аймағына орнығуын  Алтын Орда, Ноғайлы Ордасы мен Қазақ  хандығымен  (Шығай ханның XVI соңында 40 мың үйлі  қазақтарымен қоныс аударуы) де тарихшыларымыз байланыстыру керек. Түрік тайпаларының бірі алты ата Әлімнің Шекті мен Төртқара, Шөмекей руларының арғы тамырын іздегенде Алтын Орда мен Ноғайлы дәуіріндегі олардың алатын орнын анықтау  болатын.

Ноғай тарихы – ашылғанынан, ашылмаған қыр-сыры көп ұзақ тарих. Қазақ тарихымен байланысы шаш-етектен, тарихымызға қосатын үлесі ұшан-теңіз. Шоқан: «Ноғайлы дәуірі – қазақ халқының алтын ғасыры» деп бекерден-бекерге айтпаған. Бір ғана Әнес Сарайдың «Ноғайлы» зерттеуімен бітетін тарих емес, халқымыздың өркениетіне, тарихы­на  қосары  мол.

«Қазақ хандығына 1723-1728 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезінде, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға» ұшырағанда, …Үрей билеген қазақ­тар негізінен Сырдарияға қарай қашты, содан ары өтсе, өздерін қауіп-қатерден құтылардай сезінді. Ұлы жүз бен Орта жүздің бір бөлігі Сырдарияның арғы бетіне жету үшін Шыршықтың жоғарғы сағасынан өткел тапты. Ал, негізгі қалың нөпір қазіргі Конногвардейск поселкасының тұсынан, Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары «Алқакөл сұлама» атандырған тарихи  Алқакөлдің  тұсынан  өткен  еді. Кіші жүз Сауран қаласын айналып өтіп, (тарихта «Сау­ран  айналған»  деп  аталады)  Шиелі  станциясы  не­ме­се Қызылорда (Ақмешіт) арқылы Хиуаға ауды.

Академик В.Бартольдтың пікірінше, XVIII ғасырдың 20-жылдарында Самарқанның тұрғындары 7 жыл бойы (сірә 1723-1730 жылдар болса керек-ті) қалаға жоламай қойыпты, Хиуа хандығында да шама­мен сол жылдары бүкіл елді мекендер, шабындықтар қаңырап бос қалыпты, ал Хиуаның өзінде бар  болғаны  40  шамалы  түтін  қалған  көрінеді.

Осы деректерді қазақтардың басына түскен ауырт­палықпен салыстыра келіп, расында нөпірдің Самарқанға, Бұхараға, Ферғанаға ауғанын, сөйтіп, Түркістанның отырықшы халқының өзінің ашаршылыққа ұрынғанын  аңғару  қиын  емес.

Қоқан уезінде іргелі найман болысы бар, болыс­тың сартқа (өзбекке) айналып кеткен тұрғындары арғы ата-бабаларымыз қазақ еді, ауып келгендер біздің  алтыншы-жетінші  аталарымыз  еді  дейді.

Кермине қаласы маңында (Бұхараның жанында) қазіргі кезде найманның бір бұтағы – 12 мың шаңырақ садырлар тұрады, олар қазіргі Лепсі садырларының  туысы, көпшілігі 8-9 атадан қосылады. Демек, бұлардың 1723 жылғы күреуден аман қалған садырлардың  жұқанасы  болған  ғой.

Ақырында, босқындардың елеулі бөлігі Жиделі­байсынға дейін (Шығыс Бұхара) жетті, бұл жер ең шалғай деген уездегі (Лепсі, Зайсан) қазақтарға да жақсы таныс», — деп М.Тынышбаев баяндайды («Қазақстан  коммунисі», №11. Қазан,  1990 жыл.  Қазақ  тарихынан.  Алматы, 1997, 349, 350-бб).

Кезінде, М.Тынышпаев кәсіби тарихшылар мен тарихты зерттеушілерге, қазақ тарихын жазардан бұрын, қазақ халқының руларының шығу тегін алдын ала зерттеп барып, кірісу керегі туралы тамаша пікір білдірген. Ол: «…Қырғыз (қазақ) халқының әрбір жеке руының шығу тегін алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның кіммен және қандай уақыттарда бас  қосқанын анықтамай қырғыз (қазақ) халқының тарихи  тағдырының  жалпы  көрінісін көзге елес­тету  мүмкін  емес», — деп  жазған  болатын.

Алшын тайпалары «Ақтабан шұбырынды», батыс­тағы қалмақ, казак-орыс шапқыншылығынан, аталастары тұрып жатқан Самарқанд, Хорезм, Үрге­ніш, Бұхараға барып жан сақтады. Кейін Кеңес үкіметінің кезінде 1917-1932 жылдары «қызыл мен ақ» болып орыс империясының орнына таласқан соғысы, ашаршылық, репрессия кезінде Алшын тайпалары тағы да жер ауып сонда қалды. Ауған, Иран жерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз – 1917-1932 жылдардағы зобалаңның кезінде кеткен бауырларымыз.

1917-1932 жылдардағы қазақ руларының Хорезм өлкесіне жер ауғанына кәсіби тарих­шылар  арнайы  зерттеу  жүргізуі  керек.

Әлібек  САБЫРБАЕВ,

инженер-гидротехник,  өлкетанушы,  зейнеткер.

Қызылорда  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: