Виктор Переваловты СССР-дің бүкіл халқы танығанмен, атағы болмады. Өз сөзінде: «Менің өмірімнің бірінші жартысы ертегі сияқты болғанмен, екінші жартысы тозақ болды» деген болатын. Виктор 1949 жылы Ленинградтағы сатушы мен санитардың отбасында дүниеге келді. Витя сегіз жасында Оқушылар сарайына сынып болып барғанда «Тамбу-Ламбу» фильмі режиссерінің ассисенті қатарларынан ерекшеленіп тұрған сүйкімді баланы байқап, фильмге түсіруге шақырады. Сосын «Мария шебер» ертегісінде Иванушка ролі арқылы он жасында атақты болып, режиссерлер бірінен соң бірі шақыра бастады, «Сомбреро», «Балтық аспаны», т.б. фильмдерге түсті, тіпті «Витя Перевалов мектепте және үйде» деген деректі фильмді көрермендердің сұранысына байланысты түсірді.
Кинодағы ролдері үшін үлкендермен бірдей жалақы жазылды, тек кәмелеттік жасқа толмағандықтан анасы қол қойып алды. Киноға түсемін деп жүріп, сабақ үлгерімі нашарлап кеткесін мектеп директоры киноға түсуіне рұқсат берген жоқ. Ол кезде заң мүлтіксіз орындалатын болғандықтан, режиссерлер кәмелеттік жасқа толмаған Витяны киноға түсіруге батылы бармады. Витя 15-ке толғасын өз еркімен байқауға қатысып, атақты «ШКИД республикасы» фильмінде қаңғыбас бала Гоганы ойнағаннан бастап, бірінен соң бір фильмге түсті. 1982 жылға дейін 25 жыл ішінде «Пятницкедегі трактир», «Ерте, ертедегі ертегі», «Он екі ай», т.б. 37 фильмге түсті, отыз жастан асқанша жасөспірімдерді ойнады. Сосын тоқсаныншы өтпелі жылдар келгенде, кино өте аз түсірілгендіктен және бет-әлпеті де өзгеріп, бір кездегі сүйкімді жүзінің ізі де қалмағандықтан режиссерлер Викторды мүлдем ұмытып кетті. Арнаулы білімі болмағандықтан отбасын асырау үшін қара жұмысшы, жүк түсіруші, түнде қорым күзетшісі, күндіз көр қазушы болып істеді. Ондай орта қандай болатыны белгілі, араққа салынып, отбасын ұмытып кеткен кезі де болды. Әйелі мен қызы жақсы адам болып шығып, арақтан арылуына көмектесіп үйіне алып келді, өзі заводта істегендіктен жалақы орнына азық-түлік алғасын, қиын-қыстау кезден аман-есен шықты.
2003 жылы бірінші инфаркт алды. 2005 жылы көшеде кездейсоқ кездескен режиссер Игорь Апасян 56 жастағы Викторды өзінің «Граффити» фильмінде бомж ролін ойнауға шақырды, өзі де кезінде сондай болғандықтан қаңғыбастың ролін шебер ойнағаны соншалық бірнеше кинофестивальде «ең үздік ер адамның ролі» бағамымен марапатталды. Бұл фильм Жапония, Германия, Израил, Франция, т.б. елдер прокатта көрсету үшін сатып алды. Сосын «Летейный-4», «Ағайынды Карамазовтар», «Пелагия мен ақ бульдог» фильмдеріне түсіп жүргендіктен тұрақты жалақы алып жағдайы жақсара бастаған-ды. Москваға «Хранимые судьбой» фильміне түсіп жүргенде демалыс күндері Санк-Петербургтегі үйіне барып қайту үшін поезға мінеді, күн ыстық болғандықтан жол үстінде жүрегі ұстап әрең түседі де, көшедегі адамдардан мобильдігін сұрағанда, жасы алпыста болғанмен сексендегі шал сияқты көрінетін атақты актерді ешкім танымай БОМЖ деп ойлап ешкім ұялы телефонын бермейді. Үйіне әрең жетіп, аяқкиімін шешпекші болып орындыққа отырған бойда жүрегі тоқтап қалады. Осылайша 2010 жылдың 5 шілдесінде кезінде «сүйкімді бала» деп танылған актер осылай 61 жасында дүниеден өтті.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!