1941-1945 жылдардағы совет-герман соғысында солдаттардың екі жақтан да миллиондап қырылуымен қатар соншалықты тұтқынға түскені белгілі. Соғыс болғасын барлығы да көзсіз ерлікпен қаза тапты деп айта алмаймыз, әртүрлі жағдайға байланысты тұтқынға берілетіні белгілі, кейбіреуі амалсыздықтан, екіншісі өз еркімен тұтқынға берілді.
Совет солдаттарының қаншасы тұтқынға түскендігі туралы дәл ақпаратты ешкім айта алмайды, 1418 күн немесе төрт жылға жуық созылған соғыста 4,5-5,5 млн адам тұтқынға түсті деп айтылып жүр, оның 3 млн-ы 1941 жылы тұтқынға түскен. Соғыстың алғашқы күндерінде Гитлердің ешқандай адамды тұтқынға алмаңдар деген ауызша бұйрығы болды. Алайда орасан зор тұтқындардың түсуіне байланысты, соғыс басталған маусым айының өзінде Вермахт «Комиссарлар туралы» Дирекитва қабылдады, ол бойынша тұтқынға түскен комиссарлар мен еврейлер табан астында атылды, көбінесе кавказдық халықтар еврейлерге ұқсағандықтан тексермей-ақ атылып кете берді. 1941 жылы тұтқынға түскен аға лейтенант Яков Джугашвилиді немістер атып тастағалы жатқанда араларынан бір сатқын шығып: «Ол еврей емес, Сталиннің ұлы» деп көрсеткен болатын. Миллиондаған совет тұтқындары ашық аспан астында уақытша тікенек сыммен қоршалған лагерьлерде шыжыған күн астында, толассыз жауған жаңбыр астында қалды, аш адамдарға нан қалдықтарын лақтырып, аштықтан есі ауыса бастаған адамдардың төбелесін немістер қызықтағанды жақсы көретін. Қызыл әскерге тұтқынға түсуге болмайтын еді, соңғы оғымен өзің атуға тиіс болды, әйтпесе тылда қалған отбасына берілетін азық-түлік паегі сатқын болғаны үшін тоқтатылатын. Сталин соғыс тұтқындарынан бас тартып: «бізде тұтқындар жоқ, тек сатқындар бар» деуі, оларды осындай аянышты жағдайға душар етті. Европа елдерін жаулап алғанда олардан түскен тұтқындарға сол ел халықаралық Қызыл Крест қоғамы арқылы азық-түлік пен киімдер жібере алатын. СССР тарапынан өз халқына ешқандай көмек көрсетілмегесін, совет тұтқындарын Германияға тегін жұмыс күші ретінде тиеп алып кетті.
Германияның бас насихатшысы доктор Иозеф Геббельс аппараты орыс тілінде соғыстың алғашқы айларында Қызыл Армия солдаттарына арналған «Бей жида-политрука, рожа просит кирпича» деген листовканы 160 миллион данамен шығарып әуеден ұшақпен шашып таратты. Ол листовкада өздерінің политруктерін өлтіріп тұтқынға берілуін талап етті, бастапқыда ол үшін листовкаға пропуск-аусвайсты қоса шығарса, кейінен аспаннан «Ш.В.С» (штыки в землю) деген аббревиатурамен листовканы жаудырды, сол қағазды штыкка түйреп алып, окоптан шығып штыкты жерге қадап, екі қолын жоғары көтеріп: «Сталин капут!» деп айтуы шарт болды.
Алайда, британ тарихшысы Роберт Кариоульдің «1941 жыл немістердің көзімен: темір крест орнына-ақ қайыңнан крест бұйырды» -деген кітабында совет идеологиясының күштілігінен қызыл әскерлер соңғы оғы қалғанша соғысып, тұтқынға түсуді қаламай өздерін гранатамен жаратынын жазған.
НЕМІСТЕР ТҰТҚЫНҒА ҚАЛАЙ БЕРІЛГЕН?
1941 жылы вермахттың не бәрі 9 мың солдаты тұтқынға түскенмен, оның көлемі жыл сайын артып отырған, 1942 жылы 71 мыңнан асты. 1943 жылдың басында Сталинград түбінде 100 мың неміс бірден берілген, Р.В.Козлов пен С.В.Маркушинаның «СССР-дегі неміс тұтқындары» деген кітабында соғыс барысында 2 388 443 вермахт солдаты тұтқынға түскен.
Совет ұшақтары әуеден оларға листовка тастағанда «Гитлер капут!» деп берілу керек екендігі жазылса, Сталинград түбінде немістер: «Унзере солдатен хенде хох! Гитлер капут, нихт шиссен» деп берілді. Совет солдаттары Европа елдерін азат ете бастағанда Сталиннің тұтқындардың өміріне кепілдік берілетіндігі туралы № 55 бұйрығы листовка түрінде әуеден тасталды, осы бұйрықты қолдарына ұстаған немістер тұтастай әскери құрамалармен тұтқынға беріле бастады. Жалғыз-жарым тұтқынға түскен немістерді совет солдаттары атып тастап отырды. Осы туралы мен аудандағы теміржол училищесінде директор болған, кейін орыс мектебінде тарих пәні мұғалімі болған Петр Полиркапұлы Сисновпен соғыс тақырыбы туралы көп сөйлескен едім. Сонда авиция эскадрилиядасында жөндеуші-механик болған ұстазымыз совет ұшқыштары нысананы бомбылап тапсырманы орындағанмен, мысалы көпірді жарып жіберген соң, артық бомбаларын немістердің елді мекендеріне тастап келетінін айтқан болатын. Себебі, түсінікті барлығының бауырлары, әке-шешесі соғыста қаза тапқан болатын, соғыстың айтылмайтын шындығы осында жатыр. Соғыс кезінде 27 млн совет халқы қырылса, 11 млн неміс өлді, жалпы екінші дүниежүзілік соғыста 70 млн адам қырылды.
Фотода: 1. Қайсар қызыл әскер неміс тұтқынында еңсесін биік ұстап тұр.
2. 1944 жыл Сталиннің ұйымдастырған «Үлкен вальс» операциясы, жүз мыңдаған вермахт әскерін Москва көшелерінен жүргізіп өткен масқаралау парады.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!