Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соғыс жылдары бала көзімен…

12.03.2025, 5:00 75

HALYQLINE.KZ

Жеңіске – 80 жыл

Әкем Пайзулла Оразұлы соғыс кезінде ойын баласы болса да, сол ауыр жылдар туралы көргені мен естігендерін бізге әңгіме қылып айтып отыратын:

1. Осы кезге дейін күйеуі соғысқа кетіп, шиеттей жас балаларымен қалған бір науқас әйелдің дауысы құлағымнан кетпейді. Ел киіз үй тігіп отыратын, жаздың күні қараңғылық түсіп, ел ұйықтауға жатқанда ыңылдап дертін ауырсынып ыңырсыған дауысы біразға дейін басылмайтын. Айнала тас қараңы, ауыл тып-тыныш, кеш батқанан соң далаға шығар жан жоқ. Ауылда мал қалмаған, маңырайтын қой-ешкі, боздайтын түйе жоқ, үретін бірлі жарым ауыл иттері тамақ іздеп, дала кезіп кетеді. Өзі ауру және ауыр кезең болған соң әйелді және балаларын аяп, ұйқым келмейтін. Көпке дейін дауысын тыңдап жатып ұйықтап кететінмін. Қанша жыл өтсе де құлағымда сол аянышты, әлсіз дауыс әлі тұр…

2. Орталықтан он шақырым жердегі ауылымыз «Оразалы» деп аталатын. Таңертең ерте тұрып, бес-алты оқушы болып орталықтағы мектепке баратынбыз. Ауылдан келіп, орталыққа таудың «Тайпақтас» деген жерінен төмен түсе бастағанда мектеп қоңырауы соғылып жататын. Ауылдан шығарда шешелеріміз қалтамызға бір қасық қуырылған бидай салып береді, оны үлкен үзілісте талғажу қыламыз. Бізбен бірге оқитын бір жетім бала болды, тұрмыстары өте ауыр еді, өздері орталықта тұратын, аяғына киер киімі де жоқ еді. Мектепке келер кезде қары жоқ сусыз жерлерге секіріп-секіріп ызғар жерді баспауға тырысып, амалдап келетін. Мектепке келген соң, партаның үстіне шығып отырып, киімінің шалғайымен қымтап, табанына басып, аяғын жылытатын. Біз, сыныптастар ол баланы аяп, кезектесіп аяғымыздағы аяқкиімді (біздікі де тозған аяқкиім) кигізіп, аяғын жылытып алуына жағдай жасайтынбыз. Бөлмедегі пешке жақын жылы орынды сол балаға беретінбіз. Сыныптағы барлық ұл-қыз шешелеріміз берген аз бидайдан бір шөкімнен алып, сол балаға беретінбіз. Баршамыз бөліп бергесін, оның да бидайы біраз болатын, соны үзілісте бізбен бірге тамақтанатын. Талай жыл өтті. Көз алдымда сол баланың суыққа тоңып, ісінген аяғы, арық әлжуаз бейнесі, мұңды көзі, аштықтан жүдеген жүзі, әбден тозған, бит басқан жылуы аз киімдері, біз берген бидайды алақанынан тілінің ұшымен аузына алып, түйірлеп асықпай шайнағаны келеді де тұрады… Сабақ біткен соң, «Оразалының» балалары қаздай тізіліп, үлкендері кішілерге қарайласып, кейде жүруге жарамай қалса, шаршағандарын кезектесіп, арқалап алып қайтатынбыз.

3. Ауылда бас көтерер кісі қалмаған. Қартайған шал мен кемпірлер, ауру-сырқау жандар және жасы келген азаматтар соғысқа кеткен. Жұмысқа жарайтын үлкен кісілерді тыл жұмысына, жасөспірімдерді ФЗО-ға алып кеткен. Әйелдер ер кісілердің орнына отар қойларды бағып кеткен. Соғыстан «қара қағаз» келіп, ел мұңға батып жатқан кез. Тамақ өте тапшы, кей үйде ол да жоқ. Баламыз, ойнап жүреміз, ойнап жүрсек те, соғысқа кеткен ағаларымызды уайымдап, үйдегі кәрі кісілердің жағдайын жасап жүреміз. «БҮГІН КЕШКЕ ҮЙДЕ ТАМАҚ БОЛА МА ЕКЕН? НЕ ЖЕЙДІ ЕКЕНБІЗ?» деп алаңдап жүреміз. Шешеміз үнемдеп бидай қуырып, диірменге тартып, ұн жасайды. Ошаққа қазанды қойып, су құйып, от жағып қайнатады. Тапса қазанға аз ғана май салып, ұн салып «шаймақ» жасайды. Ол аштан өлмес тамақ қой. Үлкендеу табаққа құйып ортамызға қояды. Үйде кәрі әкем, шешем, екі апайым, мен және кіші қарындасым бар. Қасық та жоқ. Үйде бар болғаны – жалғыз ағаш қасық. Сол қасықпен кезектесіп шаймақты ішеміз. Қарын тою қайда, қанағат етеміз ғой. Солай өзімізге жетер-жетпес тамақ алдымызға келгенде, әкем: «Әй, кемпір, мына көршінің үйін тамаққа шақыр, оларда бүгін үнем жоқ, азығы таусылған, балалары аш қалар» дейтін. Баламыз, өзі аз тамаққа көршінің үй-іші келгенін қаламай отырамыз. Бірақ ол кезде әке сөзіне қарсы келу деген болмайтын. Сонымен, көршінің үй-ішімен аз шаймақты бөлісіп ішіп, соңынан үлкендер қайнаған суды шай орнына ішіп, әңгіме айтып ошақтағы оттың жарығымен жадырап отыратынбыз.

Үлкендердің сол бір ақ көңіліне ме, бауырмалдығына ма, біздің қарнымыз аз да болса да саз, бөле ішкен тамаққа тоятын. Иә, кісінің бойындағы кеңпейілділік пен қанағат, мейір-шапағат қана қарын тойдырады екен. Солай еді, балам, өткен сонау қиын кезде. Ал, осы заманда тамақ мол не ішіп, не жеймін демейсің. Бәрі бар. Тек бүгінгінің адамдарының бойындағы кеңдік, қанағатшылдық, биік адамгершілік, бауырмашылдық, кісіге деген мейір-шапағат аз болып тұр ғой, – деп, күрсіне сөзін аяқтаған еді, марқұм әкем.

Оңдасын  Пайзуллаұлы  ОРАЗОВ,

Өзбекстан  Республикасы,

Науай  облысы,

Үшқұдық  ауданы,

Құлқұдық  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: