Бүгін 81 жыл бұрын Ресей жерінде қайтыс болып, сүйегі енді табылған ҰОС жауынгері, жерлесіміз Байбол Рахметовтың мүрдесін күтіп алуға арналған “Тағзым” алаңында әскери құрмет көрсету шарасы өтті.
2025 жылы мамырда «Обелиск» іздестіру шаралары барысында 1944 жылы Псков қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету кезінде қаза тапқан Қызыл Армия сарбаздарының сүйектері табылған.
Анықталған майдангерлер ішінде – 1917 жылғы Қызылорда қаласының тумасы, 326-шы атқыштар дивизиясының 1101-ші атқыштар полкі сапында қызмет еткен аға сержант Байбол Рахметов те бар.
Оны жанынан табылған жауынгерлік «Ерлігі үшін» медалі және «Қызыл Жұлдыз» ордені, сондай-ақ өзі тұтынған заттары – ұстарасы, қаламсабы, әскери пышағы растады. Бүгін соғыстағы жанқиярлық ерліктің, отанға деген адалдықтың айнасы болған асыл азамат Байбол Рахметовтың мүрдесі туған жер топырағына жеткізілді.
Батырға бас иген рәсімде сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен қаhарман құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов Ұлы Отан соғысында ел мен жер үшін жанын қиған, арада қаншама жыл өтсе де туған топырағына аманат болып жеткен қызылордалық қаһарман жауынгердің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы екенін жеткізсе, жауынгердің бауырлары туысын тауып, оның ерлік жолын елге жеткізген азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
Бүгін батырдың сүйегін жерлеу рәсімі Ақсуат ауылдық округінде өткізілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!