Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соғыс ардагерлері неге наразы болды?

27.03.2023, 15:00 352

HALYQLINE.KZ

Мен тарихшы ретінде Ресейде шығатын «Аргументы и Факты» газетін шыққан кезі 1978 жылдан бастап үзбей оқып келемін. 1985 жылы СССР-де билік басына М.Горбачев келгенде, оның бастаған демократиясы мен жариялылығын қолдаған «АиФ» пен «Огонек» журналы болды. 1991 жылы ГКЧП бүлігін ұйымдастырғандар ең алдымен осы екі басылымның бас редакторларын тұтқындауды көздеді. Осы жариялылық жылдары, нақты айтқанда 1990 жылы «АиФ» газетінің №16 санында әскер маманы Ю.Силивановтың «Были ли герои у вермахта?» деген мақаласы жарық көрді. Автор онда соғыс кезінде советтік ас ұшқыштары И.Кожедуб – 62, А.Покрышкин 59 жау ұшағын атып түсіргені үшін 3 мәрте Совет Одағының батыры атағын алса, 154 ұшқыш екі мәрте батыр алғанын айта келе, фашистердің де ас ұшқыштары да болғанын айтады. Мысал ретінде люфтвафф, яғни әскери-әуе күштерінің ұшқышы 22 жастағы Эрих Хартманн 807 әуе шайқасына қатысып, 352 ұшақты атып түсіргенін, оның 347-сі совет ұшақтары екенін жазды. Бұдан да басқа Герд Баркхорн советтердің 301, Эрих Рудорфер 222 ұшақты атып түсіргенін, немістердің 104 ұшқышы 100-ден астам совет ұшақтарын атып түсіргенін жазуы, совет қоғамын дүр сілкіндірді. Ол кезде соғыс ардагерлерінің жас шамасы 65-80 жас аралығында еді, бәрі де наразы болып КПСС ОК-не ашуға толы хаттар жазып, «бұл совет халқының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігіне үлкен соққы болып тиеді, автор дереу өзінің мақаласын жоққа шығарсын» деген талаптар қойып жатты. Бір қызығы, үш мәрте батыр атанған Иван Кожедуб пен көптеген екі рет батыр атанған ұшқыштар тірі болса да, олар үндемей қалды. Неге? Себебі олар неміс ұшақтарының әуеде үстемдік құрғанын білетін еді.

1941 жылы совет истребительдерінің жылдамдығы сағатына 540-640 шақырым болса, немістердің истребительдерінің жылдамдығы сағатына 700-800 шақырым еді. 1943 жылы совет истребительдері Як-3 және Ла-7 дің жылдамдығы сағатына 650-680 шақырымға әрең жетті. Соғыстың соңғы айларында одақтастардың бомбылауына қарамастан, немістер реактивті истребительдер «Мистершмит-109» және «Фокке-Вулф-190»-тің 2000 данасын шығарып үлгерді, олардың жылдамдығы сағатына 900 шақырымнан асты да соғыстың соңғы күндерінде қайтадан әуеде үстемдік құра бастады. Жоғарыда атап көрсеткен ас Эрих Хартманн соңғы совет ұшағын, Рейхстагқа совет туын тіккен 1 мамыр күні Берлин аспанында атып түсірді. Егер совет әскерлері соғысты 9 мамыр күні аяқтамағанда, соғыс ұзаққа созылып кететін еді.

«Геринг қырандарының» әуеде «Сталин қырандарынан» артық болуы, люфтвафф ұшқыштарына әр атып түсірген ұшақ үшін жалақысынан басқа 1 мың марка төленді. (Неміс жұмысшысының бір жылдық жалақысы). Неміс ұшқыштары жоғары жалақы алып, отбасына теңіз жағасында вилла сатып алып берді.

Неміс техникасының артықшылығын байқамай айтып қойғандарды, «СмерШ»-тің контр-барлаушылары өзінің құлақтары арқылы анықтап, айып ротасынан бір-ақ шығаратын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: