Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сән әлемінің падишасы» атанған қазақ қызын неге білмедік?

18.10.2023, 9:00 364

HALYQLINE.KZ

ХХ ғасырдағы француз модельері, «Диор» сән үйінің негізін салған Кристиан Диорды бүкіл дүниежүзі біледі. Қазір «Диор» тек киім ғана шығармайды: аксессурлар, парфюм, сағат, косметика, тіпті мобильді телефон шығарады. Ал кезінде қарапайым дизайнер болып бастаған Кристиан Диордың жаңа сән үлгілерін жасаудына шабыт берген, яғни музасы болған қазақ қызы Алла Қуантқанқызы Илчунді біз неге осы уақытқа дейін білмедік? Кристиан Диордың өзі: «Алла туа біткен манекеншілер қатарына жатады» десе, Диор туралы фильм түсірген Фредирик Меттеран: «Алла – тұңғыш Азия манекеншісі» деді. Қазақ қызы Алла Қуантқанқызы Илчун туралы біз тек 2018 жылы ғана білдік. Нақтылап айтқанда, Франциядағы қазақтардың Париждегі Ассоциациясы басшысы Берлин Иришевтың «Алла – Шығыстың інжуі» атты фильмін көргеннен кейін білдік. Ия, әлемнің сән үлгісінің үздік «Диор» брендтері әлемге Марлен Дитрих, Митца Бриска арқылы танылды деп жүрсек, осы жұлдыздардың көйлегін ең алдымен қазақ қызы киіп, подиумға шыққаннан кейін белгілі болғанын білмеппіз. Бізден, әрине, мұны жасырып келді. Сонымен, әлемді аузына қаратқан қазақ қызы кім болды?

Алланың әкесі Қуантқан Ерішов жер жанаты Жетісу өлкесінің бай отбасынан шыққан қазағы еді. ХХ ғасырдың басында «ТрансСібір» теміржолының Қытай жеріндегі тармақтарын салған маман болды. Осы жақтағы Қытай-Шығыс темір жолында (КВЖД) қызмет етіп жүргенде опера әншісі Тамара Михайловамен танысып үйленеді. 1926 жылы 10 желтоқсанда Харбин қаласында қызы дүниеге келіп, есімін Алла деп қояды. Қайын атасы Вячеслав Михайлов ІІ Николай патшаның күзет бөлімін басқарған генерал еді, большевиктер билік басына келген соң осы Харбинге келген эмигранттар болатын. Алланың шешесі Тамара Смольныйдағы қыздар институтында оқып, опера әншісі болып қалыптаса бастағанда амалсыз әкесімен Харбинге келуге мәжбүр болған еді. Стратегиялық маңызы бар КВЖД-ға қытай, жапон және совет үкіметі көз тігіп отырды. Келешекте бұл жерде үлкен басқыншылық соғыс басталатынын білген саяси сауатты Қуантқан отбасымен Шанхайға көшіп барады. Алайда жапон империалистері Қытайға соғыс ашатыны белгілі бола бастағанда, Шанхай порты арқылы жүретін норвергиялық кемеге отырғызып, әйелі мен қызын Францияға жібереді. Өзі кейін баратын болып қалды, алайда қытай коммунистері Қуантқанды большевиктерге ұстап береді, олар атып тастайды, кей деректе ГУЛАГ-та із-түссіз жоғалып кеткен дейді.

Францияға келгесін Тамара қызы Алла екеуі Париждің орыс эмигранттары қоныстанған кварталда пәтер жалдап тұрады. Күнкөріс үшін мейрамханада еден жуып жұмыс істейді, кейін Кабарьеде ән айтып, тұрмысы жөнделе бастағасын қызын мектепке береді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, немістер Францияны басып алады, генерал Шарль де Голль бастаған қарсыласу қозғалысының құрамына өз еркімен барған Алла бастапқыда медсанитар болып жаралыларға қарайды, кейін нағыз партизан болып соғысады, сондай бір шайқас кезінде құрбысы Ариада Скрябинаға (сазгер Скрябиннің қызы) оқ тиіп, қаза табады. Соғыс аяқталған соң, Парижге келіп мейрамханада ыдыс жуып күн көреді. Бірде француз құрбысы «жас модельер әрі кәсіпкер Кристиан Диор деген біреу кастинг жариялапты, соған барайықшы» дегенде, айы оңынан туып, құрбысы өтпей қалып, Алла қабылданады. Модельер Диордың көзіне талдырмаш қыпша бел Алла оттай басылды. Сол кезде 20 жастағы Алланың бойы 168 см, кеудесі 91,5 см, белі 47 см, бөксесі 49 см болған екен. Диор үшін бұл іздеп жүрген нағыз идеалдық параметрдің өзі еді. Алла Қуантқанқызы осы мүсіндей денесімен 1947-1967 жылдары модель болып подиумға шығып, үлкен сұранысқа ие болып, Диорды Европадағы ең бай адамдар қатарына қосты, әрине оның сұлулық салонында жалғыз Алла болған жоқ, басқа да модельдер болды. Бірақ Алланың орны ерекше болып, дизайнер Диорға ерекше шабыт сыйлап, жаңа үлгідегі көйлектердің тууына әсер еткен көрінеді.

1959 жылы Диордың сән үлгісі Москваға сапарға шыққан кезде, соңғы сәтте Тамара қызы Алланы поездан түсіріп алып қалады. Диордың Сталин өлгенін, елдегі террор аяқталғанын айтқанмен Тамара коммунистерге сенген жоқ. Күйеуі мен әкесін атып тастағандардан өмір бойы қорқып өткен еді. 1957 жылы Кристиан Диор қайтыс болған соң, орнына келген Ив Сен Лоранның да музасына айналған Алла онымен де он жыл бойы қызметтес болды. 1967 жылы Алла подиумға соңғы рет көтеріліп, кететінін жеткізгенде, Лоран әлі де өзінің бабында екенін айтқанымен қайсар қазақтың қызы көнген жоқ. Ол мансабы аяқталған соң жабық өмір салтын ұстанды, ешқандай сұхбат берген жоқ, түрлі іс-шараға шақырту алғанмен барған жоқ, өз отбасымен ғана болды. Мансабын неге небәрі 41 жасында аяқтады дегенде, сол кезде ол бетіне түскен алғашқы әжімді көрген соң, орынды өрімдей жас қыздарға беру керек деді, жиырма жыл ішінде оның белі небәрі 2 см-ге толығып 49 см болыпты, мамандар бұлай болуы мүмкін емес деп таңғалған көрінеді. Алла екі рет күйеуге шықты, 1953 жылы экономика докторы, поляк Майк де Дюльге шығып, 1956 жылдың 12 тамызында ұлды болып, есімін Марк деп қойды. 1959 жылы Майкпен ажырасып кеткен соң жүріңкіреп барып 1980 жылы орыс Игорь Мухинге шығады. Алланың қазақ екенін дәлелдеу қиындау болған екен, оған басқа халықтар да таласқан көрінеді. Бірақ ұлы граф Марк де Дюль анасының қазақ екенін өзінің сұхбаттарында айтқан болатын, фамилиясы Илчун болып жазылу себебі руы Алшын болғаннан, европалықтардың айтуына ыңғайлы қылып жазылды десе, екіншілері әкесі Қуантқан Ершіннің фамилиясынан шыққан дейді. Бұдан Илчун ешқандай да Чун деген қытай фамилиясы емес екен білуге болады. Алла қайтыс болардан екі жыл бұрын, 1987 жылы «Диор» сән үйінің 40 жылдығына байланысты соңғы рет подиумға көтерліп, зор қошеметке ие болған болатын. Осы сәтті пайдаланып сән тарихын жазушы Александр Васильев Алла Қуантқанқызымен ұзақ сұхбаттасып, өмір жолы туралы білгенде де, өз аузынан қазақ екенін магнитофонға жазып алады. Осы сұхбат негізінде «Қуғындалған сұлулық» («Красавица в изгнании») деген кітабын шығарды. Алла Қуантқанқызы 1989 жылы 6 наурызда қайтыс болды, 8 наурызда Париждегі Невский соборында жаназасы Алла Мухина болып шығарылды. Әлемді сұлулығымен аузына қаратқан қазақ қызы 7 тіл: француз, ағылшын, неміс, испан, португал, итальян, орыс тілінде еркін сөйлегенмен, өзінің ана тілін білмегені әрине өкінішті, бірақ кінәлі емес.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: