Ұлы Жеңіске – 80 жыл
1941 жылы «Красная Звезда» газетінде жарияланған жазушы Илья Эренбургтің «Қазақтар» мақаласының желісімен соғыстан соң түсірілген деректі фильмдегі төрт қазақ жауынгерінің окопта туған елінен келген хатты оқып отырған фотосуретін талай көріп жүрсем де, оның ішіндегі бидай өңді, сұлу мұртысы Қазалының қазағы екенін жақында ғана кездейсоқ білдім. Роман Кармен (1906-1978) соғыс жылдарындағы әскери фото журналист әрі кино оператор. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, үш рет Сталиндік сыйлыққа және Лениндік сыйлыққа ие болған кинорежиссер. Москва, Сталинград, Берлин үшін шайқасының кино хроникасының авторы. Ең бастысы, 1945 жылдың 8 мамырында Германияның сөзсіз тізе бүгу туралы актісіне қол қою сәтін түсірген кино оператор. Біздің Рахымжан Қошқарбаевты Рейхстаг алдында фотоға түсірген де Кармен еді.
Сонымен, Р.Кармен фотоға түсірген Қазалының қазағы екенін, жиен немересі менің сыныпта бірге оқыған, қазір Қызылорда қаласында тұратын Күләнда Жиенейқызынан кездейсоқ білдім. Шамша Ерімбетов Қазалы ауданы Сарыкөл ауылдық Кеңесінің орталығы Абай атындағы колхозда 1903 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Шамша бала кезінен қара жұмысқа шыңдалып өсті, қыста малшыға көмекші болды, көктемде қолынан кетпенін түсірмей егін екті. Жазда жем-шөп дайындаса, күзде егін орып, қыста қора-қопсы жөндеді.
Шамша патшаның тақтан тайғанын, азамат соғысы кезіндегі аласапыранды, 1920-1922 және 1930-1933 жылдардағы аштықты басынан өткеріп, қазақтың қынадай қырылғанын көзбен көрді. Кештеу үйленген себебі де сол аштық еді, аштықтан ел есін жинап жатқанда өзінен 10 жас кіші, 1913 жылы дүниеге келген Рамашпен бас қосты. Алайда, отбасылық қуаныш ұзаққа созылмады, соғыс басталып кетті, соғыс басталғанда қырық жасқа таяп қалған Шамша еңбек майданына алынды. Магнитогорск қаласындағы артиллериялық снаряд шығаратын заводта 1941-1943 жылдары еңбек етті. Майданға атты әскер құрамына алынды. 1944 жылдың күзінде әскери дайындық аяқталған соң майданға жіберілді. Бұл кезде Қызыл армия кеңес жерін жаудан азат етіп, шығыс және батыс Европа елдеріне аяқ басқан кезі еді. 3-ші Украина майданы жауынгерлері Днестрден өткен соң Балқан түбіндегі Албания еліне келген кезде атты әскерге сұраныс туды. Албания жерінің 70 пайызы – таулы жер. Астанасы Тирана қаласын азат ету, 37-ші армияның қолбасшысы, армия генералы Плеев басқаратын атты-механизияндырылған корпусқа жүктелді. Таулы аймақта тік жолдармен танк және автокөлік жүруі қиындық туғызғандықтан атқа жегілген артиллерия межедегі позицияға дер кезінде жеткізілді. Екі күнге созылған кескілескен шайқастан соң, 1944 жылдың 17 қарашасында Албания астанасы Тирана қаласы румындардан азат етілді. Шамша Ерімбетов болған атты мехкорпусында қазақ, қырғыз, өзбектер көп болған. Шамасы мұсылмандардың бет әлпеті румындарға ұқсас болғандықтан іріктеліп алынған болуы да мүмкін. Себебі, қолма-қол шайқаста славяндарды жау бірден ажыратып, атыс қаруын қолдануы мүмкін еді. Осындай ауыр шайқастан соң, Шамша һжауынгерлермен бірге окопта демалып, елден келген хатты оқып отырған сәтін Роман Кармен түсіріп алған-ды.
Шамша Ерімбетов 1945 жылдың 14-17 қаңтарында Висла-Одер операциясына қатысып, Польшаның астанасы Варшаваны азат етуге, 1945 жылдың 16 сәуір мен 8 мамыр аралығындағы Берлин үшін шайқасқа қатысты. Соғыстағы ерлігі үшін Ш.Ерімбетов «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» медальдарымен марапатталды. 1946 жылдан бастап Қазалы қалалық коммуналдық қызмет көрсету комбинатында жұмыс істеп, 1963 жылы зейнет демалысына шықты. Өзі ауыр тұрмыстан көз ашпағандықтан, інісі Жұбандық Ерімбетовтың білім алуын қалап, оқуына жағдай жасады. Жұбандық аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеген болатын. Шамша мен Рамаш 7 баланы дүниге әкелді. Күлзада мен Бибізада жоғары білімді мұғалім болып қызмет атқарды. Ұлдары Тұрсынбай мен Кеңесбай жүргізуші болып еңбек етті. Айман, Үрзия мен Үржамал зейнеткерлер, бала шағысымен бақытты ғұмыр кешуде. Соғыс ардагері Шамша Ерімбетов 1968 жылы қайтыс болды.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!