Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі

06.06.2021, 9:00 22083

HALYQLINE.KZ Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.

– Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, – дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем. – Кенет ол бойын жинап алды.

– Ендігі кезек сенікі, – деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді, – әумин!

Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:

– Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, – деді.

Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар дегені еді. Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.

– Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін. Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.

– Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза! Кенесары басын төмен иді.

– Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.

– Мейлің.

Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.

«Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүктүсіп жатқан жерінен басын көтерді.

– Көке, – деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп, – «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.

– Сонда не істемексіңдер?

– Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.

Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:

– Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды, – деді, – Арқаға көшкен жөн, онда да Ұлытауға… Үш жүздің қақ
ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.

– Ұлытау – Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?

– Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді, – Қасым ауыр күрсінді. – Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?
Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.

– Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды, – деді ол. – Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.

– Бұл табылған ақыл, – деді Қасым, – Терісаққаннан Күнімжан келіннің төркін жұрты да алыс емес.

– Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар, – деді Кенесары.
Қасым иек қақты.

Ілияс Есенберлин,

«ҚАҺАР» кітабынан үзінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: