Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың жерін қорғап қалған…

27.02.2021, 14:00 1152

HALYQLINE.KZ 1961 жылғы сәуірде құрамында 14 ауданның орталығы Целиноград қаласы болып Целиноград облысы құрылды.
Бұл орайды тиімді пайдаланбақ болған Н.С.Хрущев 1961 жылы Қазақстанның 5 облысын көрші Ресей Федерациясының құрамына қоспақшы болды.

Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігін Өзбекстанға, Маңғыстау облысының бір бөлігін – Түркменстанға қосуды жоспарлады.
Бұл әрекетке қатаң түрде тосқауыл қойған Жұмабек Тәшенов болатын.

Ол қайтпас табандылықпен КСРО басшысы Никита Хрущевқа былай деп мәлімдеді:

«Егерде КСРО Жоғары Кеңесі жергілікті биліктің келісімінсіз одақтас республикаларға жерімізді берген жағдайда, КСРО Конституциясының әрекетін тоқтату керек.

Онда әрбір республиканың тарихи аумағы оның бұлжымас меншігі деп анықталған. Және бірде бір одақтық ұйым бұл ережені бұза алмайды.

Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық құқықтық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!», – деген.

Тура осындай қатаң тойтарысты тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколовқа да береді:

«Егерде сен Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде көзіме көрінбей жоғал!

Тың өлкесі Ресейдің құрамына ешқашан кірмейді! Осылай деп өзіңнің басшыңа жеткіз!», – дейді. Жұмабек Тәшенов «өзіңнің басшың» деп, Мәскеулік бүкілодақтық басшы Н.С.Хрущевты меңзеп тұрған болатын.

Ал Қазақстан Компартиясының ОК бюросында барлығы еститіндей қатқыл дауыспен:

«Мен Ақмолада туып-өстім. Бұл жерде әке-шешемнің, ата-бабаларымның зираты жатыр. Сіздер бұл жерді Ресейге беріп жібермексіздер ме!?

Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді?! Жолдастар ойланыңыздар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын…», – деген.
Жұмабек Тәшеновтің дәлелді де, қатаң түрдегі сөзіне Н.Хрущев нақты жауап бере алмады. Бірақ, ренішін ішіне бүгіп қалды.

Отырыс аяқталған соң, батырдың иығынан қаққан Д.Қонаев:

«Әй, Жұмеке, нағыз батырсың ғой, арыстандай атылдың», – деп қайран қалыпты.

Мезетте жауап қайтарған ол: «Мен өз жерім мен халқым үшін қандай болса да сынаққа дайынмын», – дейді.

Жұмабек Тәшенов өзінің мансабы төмендеп қалғанда, «Мен халқымның жерін ешқандай мәнсапқа айырбастамаймын!» деген сөзін замандастары тастамай айтып отырады.

Дәл осы күні оның тұлғалық қасиетін ерекшелейтін тағы бір жағдай орын алады: Н.Хрущевтың бірінші көмекшісі А.Шевченко Ж.Тәшеневтің ұшағын рұқсатсыз алып, демалу үшін Қырымға ұшып кетеді.

Бұл жайлы естіген Ж.Тәшенов ұшқышқа рациямен ұшақты бұрып, кері қайтуын талап еткен. Целиноградтың әуежайына келіп қонған А.Шевченко кешірім сұрап, батырдың алдында бас июге аз-ақ қалған. Кремль басшысына да керегі осы болатын.

Бұл жағдай мәселенің тығырыққа тірелген түйінді жері болды.
Өз қоластындағы бағынышты адамнан осыншалық тойтарыс күтпеген Н.Хрущев бір айдан соң, Жұмабек Тәшеновті жоғары лауазымнан алып, бұрыннан қалыптасып қалған үрдіс бойынша, солтүстік өңірден оңтүстікке «жер аударып», Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберді.

Оның есімі БАҚ беттеріне басылмады. Бұрынғы кинотаспалардан ол туралы көріністер қиылып, алып тасталынды. Оны ірі республикалық және одақтық шараларға шақырмады…

Тәшеновтің бұл әрекеттері нағыз ерлікке жататын. Ол жоғары қызметінен айырылды, есесіне Қазақстанның солтүстік өңірі мәңгілікке Қазақ КСР құрамында қалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: