Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың түбіне жеткен тың игеру еді

19.07.2022, 10:00 864

HALYQLINE.KZ

Қазақтың кең-байтақ жері Кремльдегі көсемдердің көзінің құрты болды. Құдайдың қазаққа мал бағуға қолайлы қылып бергені оларды ойландырмады. Теңіздің жағасындағы халықтың тіршілігі – балық, өзеннің жағасындағы халықтың тіршілігі – егін егу сияқты, қазақтың жері көшпелі мал шаруашылығына қолайлы болғаны олардың ойларына кіріп те шықпады. Олар үшін бұл жайлылымдық жер игерілмей жатқан тың жер болып көрінді. 1954 жылы ақпанда КПСС-тің Пленумын шақырып, Тың игеру эпопеясын бастап жіберді. Қазақтың қанша жерін есепсіз жыртып, жерін эрозияға ұшыратқаны – бөлек әңгіме. Бүгінгі тақырып қолдан жасаған халықтар достығы туралы болмақ. Бұл тақырыпты бір-ақ кітап арқылы көрсеткім келді. Ол кітап 1968 жылы Целиноград қаласынан шыққан С.Швачконың «Жаңарған тың, жанартушы тың» деп аталды. Енді осы кітаптан үзіндіні оқыңыздар:

«Қазақстан тыңын 102 ұлттың өкілі: орыстар, украиндар, қазақтар, белорустар, қырғыздар, өзбектер, латыштар, эстондар, литвандар, грузиндер, армяндар, азербайжандар, немістер және т.б. ұлттың өкілдері тізе бүгіп игерді.

Ең кем дегенде, он ұлттың өкілі жұмыс істемейтін шаруашылыықты табу қиын. Қостанай облысы «Целинный» совхозында 21 ұлт өкілі, Целиноград облысы «Самар» совхозында 17 ұлт өкілі, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ленининский» совхозында 15 ұлттың өкілдері еңбек етуде».

Сорақысы алда екен, ары қарай оқыңыздар:

«Целиноград облысы Алексеевка ауданы, Жамбыл атындағы совхозда қазақ Сағидолла Қайназаровтың семьясы бар. Оның әйелі Елена Ивановна – орыс, тұңғыш ұлы Мәдениет беларусь қызы Елена Водопьяноваға, ортаншы ұлы Сәлім украин қызы Зоя Ковальге үйленген, қызы Мәрия неміс жігіті Антон Цеффге тұрмысқа шыққан. Тағы бір көп ұлтты семьяны мысалға келтірейін, бұл осы облыстың Атбасар ауданындағы «Самар» совхозының механигі, қазақ Жолаушы Мезімбаевтың семьясы. Оның әйелінің ұлты – украин, бір қызы – украин жігітіне, екінші қызы – беларусь жігітіне, ұлы орыс қызына үйленген. Семьясы өте тату тұрады, бәрі бір жеңнен қол шығарып еңбек етуде».

Міне, қазақтың өз тілінен ажырап бара жатуы сол кезде басталған болатын, ұзақ жылдар бойы аралас некені интернационализмің жарқын көрінісі деп кең көлемде насихаттаған коммунистік идеологияның жемісі. Шала қазақтардың қалыптасуы осы солтүстік облыстардағы 700-дей қазақ мектептерінің жабылумен де байланысты. Тек оны жапқызған Қазақстан басшысы Д.Қонаев емес, қазақтардың өздері. Сол кездегі СССР басшысы Н.С.Хрущевтің: «Біз орыс тілін неғұрлым тез игерсек, коммунизмге де соғұрлым тез жетеміз» деп ұрандатып тұрған кез еді. Сол кезде соғысқа қатысқан 30-40 жас аралығындағы қазақтар: «кешегі соғыста орыс тілін білмегендіктен, көп қиыншылық көрдік, енді оны біздің балаларымыз көрмесе екен» деп, жоғарыға арыз жазып жаптырған болатын. Оның зардабын өздері көріп кетті, арақ ішіп алған немерелері сақалынан сүйреп сабады, үйінен қуып шыққасын, қарттар үйіне барып жан сауғалады.

Автордан: Тың игеруге келгендердің 90 пайызы түрмеде жазасын өтеп жатқандар болатын, міне, қазақтардың қаны кімдермен араласып кетті.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: