Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтан шыққан тұңғыш генералдың белгісіз махаббаты

06.10.2025, 8:00 233

HALYQLINE.KZ

Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысхан 1840 жылы 18 мамырда Бөкей Ордасында Хан Ставкасында дүниеге келген. Әкесі Жәңгір – Бөкей Ордасының ханы. Анасы Фатима – татар муфтияты Мұхаммеджан Хұсайыновтың қызы. Ғұбайдулла 5 жасқа келгенде әкесі, көп ұзамай анасы да қайтыс болады.

Бастауыш білімді әкесі Бөкей Ордасында салдырған орыс мектебінде алып, Орынборға қарасты Неплюев кадет корпусына қабылданады. Осы корпуста ағалары Сақып-Керей, Ибрагим және Ахмет-Керей оқып жатқан еді. 1849 жылы Ғұбайдулла Шыңғысхан Орынбор генерал-губернаторлығының есаулы Житковпен Санкт-Петербургке барып, Императорлық Сарай жанындағы Пажес корпусына оқуға қабылданады. Алдындағы ағалары да осы оқу орнын бітірген болатын. 1856 жылы он алты жасында Пажес корпусын үздік бітірген Ғұбайдулла Лейб-гвардиялық атты казак полкінің корнеті болып қабылданады және сұлтан дәрежесіне ие болады.

Осы 1856 жылы үш ағасымен Бөкей Ордасының өкілдері ретінде ІІ Александрдың таққа отырған рәсіміне қатысады. 1857 жылы Орынборға ауыстырады, онда казак, башқұрт және татар істері жөніндегі арнаулы офицері болады.

1866 жылы ротмистр Ғ.Ж.Шыңғысхан Ресейдің солтүстік-батыс өңіріндегі Дон казактары атаманының қарамағына жіберіледі. 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысына қатысады. 1877 жылдың 31 тамызында флигель-адъютант, Лейб-гвардиялық атты казак полкінің полковнигі Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысхан сабы сом алтынға «батылдығы үшін» деген жазуы бар қылышпен марапатталды. 1878 жылдың 1 қаңтарында генерал-майор шені беріліп, Ұлы Императорлық ақсүйек тобына жатқызылды.

Осы жылы Үлкен Серб офицерлік крестімен, 1879 жылы Үшінші дәрежелі «Әулие Владимир» орденімен марапатталды. 1882 жылы осы орденнің 1-дәрежесімен және «Батырлығы үшін» деген Черногориялық медальмен марапатталды. 1888 жылдың 30 тамызында генерал-лейтенант шені беріліп, армиялық кавалерияға жіберіледі. 1894 жылдың 7 мамырында кавалерия генералы атанып қызметінен отставкаға кетіп, генералдық мундирді өмір бойы киіп жүруге рұқсатымен және ірі мөлшерде пенсия тағайындалады. 1899 жылдың 7 қаңтарына дейін Қырымдағы Ерекше комиссия төрағасы болды.

Енді «осындай тұлғаның артында ұрпақ қалды ма?» деген сұрақ туындайтыны белгілі ғой. Өмір бойы әскери қызмет және соғыстарға қатысып жүріп үйленген жоқ. Тек қызметтен 54 жасында доғарысқа шыққан соң ғана үйлену мәселесін ойлана бастайды. Жоғарыда атап өткенімдей, Жоғары Императорлық ақсүйек тобына жатқызылғасын патша маңындағылармен театрлардағы қойылымдарға бара бастайды. Ондай театр қойылымдарына ең алдымен Ресей патшасы мен патшайым баратын, себебі 40 минутқа созылатын антрактта патша ақсүйектермен кездесіп, ортақ мәселелерден хабардар болатын және талқылайтын.

Осындай театр қойылымына барған Шыңғысханның ұрпағы әрі бай және текті генералға дворяндардың жесірлері көз тіге бастайды. Бірақ, Ғұбайдулланың көзі Марин театрының опера әншісі, тегі дворянка, актриса Федосия Велинскаяға (1858-1931) түсіп, онымен танысып жүре бастайды. Композитор Н.А.Римксий-Корсаковтың «Снегурочка» операсындағы Снегурочканың партиясын бірінші орындаушысы Федосия өте сұлу әрі бай, әрі жесір болғандықтан, оған жүрегі мен қолын ұсынып жүрген бойдақ ақсүйектер әрі талантына табынушылар өте көп еді.

Генерал Ғұбайдулла Шыңғысхан Марин театрының әншісі Федосия Велинскаяның сахнадағы операсының тұсаукесерлерінің бәрінен қалмаған көрінеді. Ақыры өзіне қаратып алып бірге тұра бастайды, қазіргі тілмен айтқанда, азаматтық некеде, сол үшін де Санкт-Петербургтегі Николаевск проспектіндегі 7-үйде екеуінде де пәтері болған. Ол ғимаратқа кіреберісі Парадный деп аталған, яғни екеуі өз пәтеріне кіріп шыққанын бүкіл тұрғындар білген. Қаулаған өсек патша ІІ Николайға да белгілі болса да, араласпайды. Ол кезде некесіз тұру бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген болатын, екеуі астанадағы өсектің негізгі нысаны болды. Бірақ біреуінің орыс армиясы үшін еңбегі сіңсе, екіншісі театрдың жетекші примасы еді.

Генерал Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысхан 1909 жылы қайтыс болғанда, Феодосия Велинская патша ІІ Николайға жеке өтініш айтып, генералдың фамилиясына өтуіне рұқсат сұрайды. Ресей үшін азаматтық неке жат болса да, опера әншісінің өтінішін орындап рұқсат етеді. Бірге тұрғанмен генералдың жасы 57-де, әншінің жасы 29-да болғанмен, араларында бала болмайды.

Енді екеуінің байланысы туралы тарихшылар кездейсоқ біледі. Атақты қазақ генералы туралы кітап жазбақшы болып Ленинградқа (Санкт-Петербург) барып Эрмитаждағы генералдың жеке заттары сақталған қорда, оның тұтынған заттарын 1919 жылы Феодисия Велинская-Шыңысхан тапсырды делінген анықтаманы оқиды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: