Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандағы «қара мысық» бандасы

12.11.2020, 9:30 763

Мәскеуде соғыстан кейінгі жылдарда «Қара мысық» бандасы болғанын тарихи деректерге сүйеніп, ағайынды Вайнерлер «Қайырымдылық дәуірі» атты повесть жазған болатын. Осы кітап бойынша Станислав Говорухин «Кездесу орнын өзгертуге бол­майды» атты 5 сериялы телефильм түсіріп, В.Высоцкий ойнаған капит­ан Глеб Жегловты көрермендер ұнатып, фильм жалықтырмайтын бестриллерге айналды.

Алматы қаласында да «Қара мысық» бандасы болғанын газет оқырмандары білмеуі мүмкін. 1945 жылы фашистік Германияны жеңген құрметіне амнистия жарияланып, бостандыққа шыққан мыңдаған ұрылар, қалтамандар, алаяқтар, бандиттер қайтадан ұрлық жасап, елді тонап, қарсылық көрсеткендерді өлтіріп, Алматы қаласы тұрғындарының үрейін ұшырды. Қылмысқа жеке барғаннан ұйымдасқан жеңілдеу болатынын білген «Үлкен ұры» деген атпен белгілі, бірнеше рет сотталған рецидивист Вячеслав Бороданов 13 адамнан топ құрды. Қарулы қарақшылар түнде ғана жорыққа шығып, ұстатпай, қараң­ғыда зым-зия жоқ болып кеткендіктен халық оларға «Қара мысық» бандасы деп ат қойды. В.Бородановтың әйелінің П.Дубровская, Н.Власова деген жалған есімдері болды, шын аты-жөні Мария Полякова бандыда шешу­ші рөл атқарды. Москвадағы Манька Облигация алтын бұйымдарын сатумен айналысса, Алматыдағы Мария Польякова бандының қылмысқа бағыт берушісі болды. Күндіз дүкендерді аралап, қай жерден бұзып кіруге болатынын анықтады. Пәтерлерді тонағанда телеграмма тарататын почта қызметкері болып, бандиттерге пәтердің есігін оңай жолмен ашып  бергізіп  жүрді.

«Қара мысық» бандасы 1945 жылдың 27 қазаны мен 18 желтоқсан аралығында өмір сүріп, тонаушылықпен айналысып, қарсылық көрсеткендерді өлтіріп, әйелдерді тонап және зорлап, қала тыныштығына қауіп төн­дір­ді. 2,5 мың сом жалақысын оңайлықпен бере қоймаған майдангер М.Корчной мен балабақшасындағы азық-түлікті тонауға қар­сылық көрсеткен шаруашылық  меңгер­ушісі  Троеримцеваны аса қатыгездікпен өлтірді.  1945 жылдың 18 желтоқсанында 8-сынып оқушысы Нинаны қа­раң­ғыда зорлап, кеудесіне пышақ салып өлдіге санап кетіп қалғанда, үйіне жорғалап жеткен Нинадан милиция қызметкерлері бандиттердің түр әлпетінен «Кока» деген лақап атпен белгілі Николай Овчаровскийді танып, үйіне тосқауыл орнат­ты. Атыс кезінде Бороданов, Овчаровский, Чубаев жарақаттанады.

Алматыда болған Қазақ ССР Жоғары соты 24 жастағы В.Бороданов басқарған 12 бандитке ату жазасын берді. «Оренбургский» деген  лақап  атпен белгілі Михайл Абрамишин камерада тот басқан шегені басына тығып алып өліп кетті. Орыс халқында «Итке – ит өлім» деген сөзі осындайда айтылс­а  керек.

Бақытжан  ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,

Қазалы  ауданы

Cуретте: Капитан Жеглов роліндег­і В.Высоцкий және Алматыдағы  «Қара  мысық» бандасының  басшысы  В.Бороданов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: