HALYQLINE.KZ Кенесары ханның бас сүйегінің Орыстың қолында екені – айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Ол – ұрланған немесе көпе-көрнеу тартып алынған баба сүйегінің ең әшкере түрі.
Әлікей Марғұлан Жошы ханның моласын ашқан кезде моланың астында бір қолы жоқ бозбаланың сүйегін тапқан, нақты Жошының сүйегін емес.
Жазушы Тынымбай Нұрмағамбет Яссауи кесенесінде Абылай ханымыздың сүйегі жоқ деп дабыл қаққан, осы үшін ұзақ уақыт бойы марапаттан қағылып келді.
Яссауи кесенесін Совет одағының уақытында сиыр қамайтын қораға айналдырған. Кесене ішінде хан, би, шешен, ақын, балуан, батырдың көптеген құлыптастары бар, бірақ кімнің сүйегі толық, олар нақты қай бұрышта? Бұл белгісіз. Сондықтан, Яссауи кесенесіне жерленді деген тізімдегі барша ұлыларды сол жерде жатыр деп айта алмаймын.
Орыстар ұлы даланы отарлаған соң, ұлы даланың тұрғындарының көзін жас пен қанға толтырған. Ұлы даладағы молаларды жаппай қазып, асылдарды тонап астаналарына айлап, апталап тасыған. Мен бірсыпыра бабаларымыздың сүйегі Орыстың жасырын қамбасында деп есептеймін. Тек бізде ашық айтылып белгілі болғаны Кенесары болған соң ғана, басқасын айтуды тасада қалдырып жүрміз. Ақсақ Темірдің көрін қазған Орыс, басқа ханның да көрін қазбай қоймас. Тек Қожа-Ахмет Яссауидың ғана жатқан орны дін аман.
Осы дүниенің бәрін танып, ойлап отырсам, «сүйегімді дұшпан қорлап, әруағымды мазалайды» деп өзін жасырын жерлетіп, моласын белгісіз етіп кеткен Қабанбай батырдың сұңғылалығына сүйсінем.
Молалары қазылып, балаларының орны ойран-асыр болып, ұрпағының санасы ауысқан, рухтар тынышталмаған елде халықтың көңіл-күйі мен тіршілігі берекеге ауысқан жоқ.
Көкбөрі МҮБӘРӘК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!