HALYQLINE.KZ 1757 жылы Қаракерей Қабанбай 67-де екен. Сол жылы қазақ-қалмақ Тарбағатай, Алакөл төңірегінде соғысады. Бұл – «Ақтабан шұбырынды» аяғы, қазақтардың ғажап-ғажап жеңістеріне ұштасып, жау қолында қалған қазақ жері түгелдей дерлік жаудан тазарып қалған кез. Қазақтың бетін қайтсек қайтарамыз деп, қалмақтар әрі сасып, әрі жанталасып жатқан шақ. Сол соғыста жиырманың ішіндегі қалмақтың Арқауыл деген жас батыры: «Жекпе-жекке менімен Қабанбай шықсын!» деп ұрандайды. Арқауыл алпамсадай аса ірі жігіт екен. Қарагер атқа мініп ортаға шыға келгенде астындағы аты есек сияқтанып көрініпті.
Қабанбайды жекпе-жекке шақыртып отырған қалмақ басшылары Шахдор мен Убашаның бұл жолғы есебі бұрыннан белгілі, сыналған есеп-тұғын. Бір ғасыр бұрын, дәлелдеп айтқанда 1653 жылы, егде тартып қалған Салқам Жәңгірді де, Сесен деген қалмақтың он жеті жасар ұлы бесінге Қалдан осылайша жекпе-жекке атап шақырған. Сәскеден ұлы бесінге дейін созылған жекпе-жекке қартайған Жәңгір шыдас бере алмай, жас қалмақ оны қағып түсірген-ді. Қалмақтар бұл жолы да сондайдан дәмелі боп тұрды. Арқауылдың да мақсаты – сайысты ұзаққа созып жеңу.
Сол жолғы соғыста әлі хан сайланбаған Абылай сұлтанның өзі жасақты басқарған екен. Қазақтардың қосыны Қабанбайды жекпе-жекке шақырған Арқауылдың өте ірі әрі жас екенін көріп қатты сасады. Сонда қолбасшы Абылай өзі атынан түсе қалып, шап айылын тартады да:
– Мен шығайын! – дейді. – Қабекеңді қайткенде де жібермеу қажет.
– Саған болмайды, қолбасшысың, – деп бәрі оған қарсы болады. Сонда Абылай:
– Ендеше, ағалар, атой салайық! – депті.
Атой салуға, әрине, болатын еді. Бірақ оның намысқа тиетін жері бар.
«Қабанбай қорыққан соң, қазақтар жабылып шапты», – дейді жау.
– Қабанбайды жібермеу керек, – деп Бөгенбай батыр да мазаланды.
– Ажалына асығып тұр екен, өзім-ақ барайын, – деді Қабанбай мұрты тікірейіп.
– Қабеке! Қойыңыз! – деп, жас Абылай сұлтан тағы жалынады.
– Шапырашты Наурызбай шықсын, Наурызбай! – деген жұрт арасынан сөз шығады. Өйткені Наурызбай батыр Арқауылдан кем түспейтін ірі болатын.
– Қабанбай, шық бері! – деп, Арқауыл ендігі де қазақша айқайлай бастайды.
– Мен шығайын. Ұрыс ұзаққа кетеді. Қабекеңнің шыдауы қиын болады, – дейді Наурызбай батыр торы ала атының құйысқанын қысқартып, шап айылы мен төс айылын қайта тартып.
Бірақ Қаракерей Қабанбай ешкімді тыңдамайды. 70-ке жуықтаған жасына да қарамайды. Қой қайыруға кетіп бара жатқан адамша найзасын көлденең ұстап ортаға беттейді. Екіленіп шаппайды да, текіректеп желмейді де, кимылы жайбарақат. Оны көрген қалмақтың қылшылдаған батыры Арқауыл бірден оған тұра шабады.
Менменсіген батырдың оңтайлап келе жатқан найзасын Қабанбай қылышпен астынан қағып жіберіп қақ бөліп тастайды. Арқауыл қайта барып, тағы бір найза ұстап қайтады. Бірақ бұл жолы өзі де қынабынан қылышты суырады. Қазақтың азуы кереқарыс алып арыстаны болған Қабанбайдың найзаны бұйым құрлы көрмегенінен ол да ой түйсе керек. Алайда жас батыр қылышын сермеп те үлгермейді, Қабанбай батырдың найзасы иықтан тиіп, атынан ауып қалады. Арқауыл атына қайта міне беремін дегенде, Қабанбай оны найзамен қайта қағып түсіреді. Енді ол Қабанбайға жаяу ұмтылады. Қабанбай қалқанмен қорғанып қалады. Арқауылды өлтірейін деген адамдай емес, онымен ойнап жүргендей, шегіндіре-шегіндіре қалмақ батырды атынан алыстатып әкетеді де, бір сәт Қабекең тақымын қысып қалғанда, астындағы Қубас ат тікесінен тіке секіріп Арқауылдың тап қасына жетіп барады. Көз ілеспес жылдамдықпен Қабанбайдың қылышы жарқ ете түседі. Сол сәтте сәтте Арқауылдың басы қақ бөлінеді.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
жазушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!