«Арықбалық шайқасына» – 168 жыл
Қақаған қаңтар айы болғанымен, бүгінгі күн райы ерекше ашық болды. Ақ көрпесін жамылған маңғаз дала жым-жырт тыныштықта мүлгіп жатыр. Осынау бейбіт күн ел азаттығы үшін алысқан батыр бабаларымыздың төгілген қаны, аруақты ерлердің қыршыннан қиылған ғұмырының өтеуімен келгенін кім ұмыта алады. Бұл күн, әсіресе, Арықбалық ауылдық округінің тұрғындары үшін тым қасиетті. Олай болмағанда ше? Бір сәт тарих парағын шолып өтейік. «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді. 1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі қарудан 3221 оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды». (Молдахмет Қаназ, «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітап).
Еңсеңді езетін сөйлемдер жанарыңа жас үйіріп, кеудеңді кекке толтырады. Өзіңіз ойлап көріңізші. Қарша бораған мылтық оғына, зеңбірік снарядына тайсалмай қарсы ұмтылған Жанқожа батыр бастаған айбарлы ерлердің қаншасы шейіт, қарусыз бейбіт халықтың кәрі-жас, бала-шағаның қанды қасапқа душар болғанын еске түсірудің өзі жүрегіңді тілгілейді. Аруақты Жанқожа батыр бастаған сол жүрек жұтқан ерлер мұздай құрсанған патша жазалаушыларымен болатын шайқастың өте қымбатқа түсерін білді. Алайда, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы», «құлдықта өмір сүргеннен бостандықта жан қиған абзал» деген қасиетті намыс оты алға жетелегені хақ.
Арада 168 жыл өтті. Қасиетті туған жерін озбыр жауға таптатпаған, сол киелі жолда қаруын қолынан түсірмей мерт болған батыр бабаларымыздың ерлігі, есімдері ел-жұртының жадынан өшкен жоқ.
Өткен жылы әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толуы құрметіне арналған мәдени іс-шара Қазалы ауданында республикалық деңгейде аталып өтті. «Өткенді ұлықтаған ел азбас». Уақыт көші алға жылжыған сайын Жанқожа батыр баба бастаған «Арықбалық шайқасының» маңызы арта бермекші. Баршамызды әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың аруағы қолдасын!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!