Соңғы уақытта Шыңғыс хан моласы бірнеше елде «табылды». Себебі, Шыңғыс ханды моңғолдар, буряттар, қытайлар, жапондар және қазақтар біздің ұлттың өкілі деп кітаптар жазып, кинолар түсіруде. Белгілі тарихшы Лев Гумилев сөзімен айтқанда: «Шыңғыс ханның туған жылынан бастап – жерленгенге дейін бәрі көмескі». Тіпті Шыңғыс ханның бет-әлпеті туралы: «ол моңғол тектес емес, көзі көк, шашы жирен сары» деген сол замандағы жазба дерегі сақталған. Ресей, Моңғолия, Қытайдан соң біздің елде жерленген дейтін үміткер ел болғалы тұрғандығын алматылық ғалым, тарих ғылымының кандидаты Владимир Осколков мәлімдеп отыр.
1227 жылы таңғұттардың Си-Ся еліне жорыққа бара жатқан жолда Шыңғыс хан өлгенін білеміз. Кей деректерде ұлы қолбасшы асау аттан құлап мертігіп өлді дейді. Өлер алдыңда өзінің өлгендігін таңғұттарды толық жеңгенге дейін жарияламауды айтып кеткен. Жиһангез Марко Поло садақ оғынан өлді десе, Плано Карпини найзағай түсіп өлді дейді. Моңғолдардың бізге дейін жеткен аңызы бойынша алғашқы түнін бірге өткізген, яғни хан қойнына салынған таңғұттардың сұлу қызы Күйбелді қанжар салып өлтірген. Осыларды сараптай келе тарихшылар: «Шыңғыс хан әйтуір өз ажалынан өлмеген» дейді.
Сол кездегі әлемнің 5-тен 4 бөлігін жаулап алып, қол астындағы 500 млн халқы бар ұлы хан үлде мен бүлдеге оранып өмір сүргенін, түнде дәретке шығатын ыдысы да алтынан болғандығынан білуге болады. Ол өлген кезде балалары мен әскер басшылары о дүниеде де осындай күйге бөленсің деп, орасан зор алтындары мен асыл тастарымен қоса жерлеу керек деп шешім шығарды. Сондықтан ол жерленген жер 100000 (жүз мың) жылқымен таптатылып болған соң, жерлеуге қатысқан 2000 адамды Шыңғыс хан күзетіндегі 800 атты әскері қылышпен шауып өлтіреді. Сол күні түнде ешнәрседен хабары жоқ басқа жақтан әкелінген әскерлер 800 сарбазды жойып жібереді. Ең соңында арнаулы әскер сол жердегі мекендеген халықтардың барлығын қырып салып, үйлерін өртеп жібереді. Осылайша, Шыңғыс хан мына жерде жерленген деп ешкім айта алмайды.
Тарихшы В.Осколков Шыңғыс хан Алтайда жерленген дейді, нақты айтқанда Ертіс өзенінен бастау алатын Үлбі өзені бойындағы Лениногорск (Риддер) маңы дейді. 1786 жылы орыс зерттеушілері Риддердің пайдалы қазбаларын зерттеуге келгенге дейін, бұл жерде ешкім мекендемеген. СССР-дің кезінде Семей ет комбинатына Моңғолиядан ірі қара малдар айдап әкелінетін. Қазір бұл жерден Москва – Ұлан батыр автомагистарлі өтеді. Осы магистраль астында Шыңғыс хан өзінің орасан зор байлығымен мәңгі ұйқыда жатыр дейді.
2006 жылы Ұлы Моңғол империясының құрылуының 800 жылдығына арналған Австрияда өткен халықаралық конференцияда өз болжамын баяндағанда В.Осколков пікіріне моңғолдар да қосылған. Ұлы Моңғол империясы көшпелі болып ат үстінде жорықта жүргендіктен, қазіргі ұрпақтарына ешқандай дерек қалдырмаған.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!