Л.И.Брежнев басқарған жылдар, қазір «Қазақстан тарихы» оқулығында «тоқырау жылдары» деп аталады. 1982 жылы 10 қарашада Бас хатшы Л.И.Брежнев қайтыс болғаннан кейін, мазасыз жылдар басталды, қасқа басында қалы бар патша М.Горбачев келгеннен кейін, «бұлай өмір сүруге болмайды» деп қайта құруды, халықтың әл-ауқатын жақсартам деп «жеделдету стратегиясын» бастап жіберіп, «қоғамға демократия орнатам» деп, ел тізгінен айырылып қалып, «мығзымас одақ» ыдырап кетті, халық нарық қыспағында қалды. Сол кезде, «тоқырау жылдарын» есіне түсірген халық: «коммунизмнен өтіп кетіппіз» ғой деп, Брежнев басқарған жылдарды сағына еске алатын болды. Міне, сол халық жақсы көрген «Қымбатты Леонид Ильичтің» дүниеден озғанына да 40 жыл болыпты ғой.
Ол бар өмірін халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсады, соғыста 18-ші армияның саяси жетекшісі болған полковник Брежнев ешкімнің тасасын паналаған жоқ, «Кіші жер» деп аталып кеткен, шағын аралды жауға бермей шайқасып жатқан жауынгерлерді саяси жағынан жігерлендіру үшін, кемемен 40 рет барды, кез келген уақытта минаға жарылып не снаряд түсіg өліп кететін еді. Соғысты генрал шенімен аяқтаған ол, Молдовияны басқарғанда елді қалпына келтірді, Қазақстанға басшы болғанда тың игерді, Хрущевтен кейін СССР басшысы болғанда космосты игеруді жалғастырып, Европаға Сібір мұнайын құбыр арқылы жеткізіп, халықтың әл-ауқатын жақсартты. Халық жеке үйлерін салу үшін, процентсіз ссуда (кредит) бергізді, Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізу үшін, қой шаруашылығын «екінші тың» деп жариялады, Алматы қаласы адам танымастай өзгерді, Қонаев 30-дан астам қала салуға қол жеткізді, т.б. жақсылықтарын айтуға болады. Бұл жерде Брежневтің соңғы күні туралы айтып өтейін.
Бас хатшы елді 1964-1974 жылдары басқарған кезде, халық оны жігерлі және оптимист ретінде есінде сақтады. 1975 жылдан бастап Брежневтің сөйлеуі күрт өзгерді, оның инсульт алғанын білмеген халық совет стоматологтарын кінәлап, «ең құрығында елдің бірінші адамына тіс протезін де дұрыс жасауға болатын еді ғой» деді. Екіншіден, Брежневке жеке медбике қылып Нина Коровякованы бекітуі қателік болды. Ол, Саяси бюро мүшелері «Қымбатты Леонид Ильичтің» денсаулығын ойлаған жанашырлары болып, өздерінің рецептерін тықпалаумен болды. Нина оған тек қана жеке медбике ғана емес, соңғы фавориткасы (ашынасы) болғасын, қартайған ол оған Құдайдай сенді. СССР Денсаулық министрлігінің 4-ші Басқармасының басшысы Е.Чазовтың өзі тікелей Брежневтің денсаулығын қадалағанмен, Нинаның оңашада берген дәрілерін білмегенін өз естелігінде жазған болатын. Ал, Нина Коровякованың ұпайы түгел болды, КПСС ОК мүшелеріне арналған үйден 3 бөлмелі жайлы пәтер берілді, медицина капитанынан генерал шеніне дейін өсті.
Жалпы, Брежнев қатынқұмар (бабник) болды. Соғыс жылдарында ППЖ-сы болды (походно-полевая жена). Соғыс аяқталған соң алдында екі таңдау тұрды, өзінің ППЖ-сы Тамара мен некедегі әйелі Виктория Петровнамен тұрам ба деген. Виктория партия комитетіне күйеуінің «моральдық бейнесі туралы» арыз жазбайтынын білсе де, саяси мансабына зияны тиетінін білгесін, өз отбасына қайтып оралған болатын. Сосын Запарожьені, Молдовияны, Қазастанды басқарған кезде де ашыналары жетіп артылды. Бірақ, қызы Галина осының бәрін білгендіктен, әкесін жек көріп кетті, кейін Брежневтің маңдайының соры болатынын «Айтылмаған ақиқат» тобындағы «Галина Брежневаның бал өмірінің аяқталуы» деген материалымда жазған болатынмын. Енді, Брежневтің қайтыс болатын соңғы күні туралы айтайын. Брежневтің денсаулығына байланысты Саяси Бюро оған 7 сағаттық 4 жұмыс күнін белгіледі. Бірақ ол тыңдамай 10 ноябрьде өтетін КПСС ОК-нің Пленуымына дайындалып жүрді. Ол пленумда ол өзі демалысқа кететінін айтып, орнына өз адамын қойып кететінін ешкімге айтпады. Себебі, Брежнев бірнеше рет кеткісі келіп, сөз қозғағанда Саяси Бюро мүшелері қарсы болып, «Қымбатты Леонид Ильичтен айырылғысы келмеді». Кетуіне себеп, әйелі Виктория Петровна: «Леонид, абыроймен тұрғанда орнынды сенімді адамға тапсырып демалысқа кет, сен туралы бүкіл ел неше түрлі анекдоттарды «шпарит» етіп жатыр» деген болатын.
1982 жылы 7 қарашадағы Ұлы Октябрь мерекесіне арналған парадта, совет халқы мавзолейде әрең тұрған «тірі өлік» Брежневті соңғы рет көрді. Одан кейін 2 күн демалыс болып, 9 қарашада Брежнев Кремльдегі жұмыс кабинетінде 11:55-тен 19:30-ға дейін болып, МВД министрі Н.А.Шелоков пен КПСС ОК екінші хатшысы Ю.В.Андроповты қабылдалы, сосын «Заречье-6»-дағы саяжайына кетті. Кешкісін «Время» ақпараттық хабарын көріп болып, кезекші медбикеге, «бүгін өзімді жақсы сезініп тұрмын» деп, үйіне қайтарып жібереді де, күзетшіге «мені таңертең 09:00-де оят» деді де, ұйықтайтын бөлмесіне кетті. Таңғы 4-ке таман әжетханаға кіші дәретке шығып келіп ұйқысын жалғастырды. Мен неге тәпіштеп дәретіне дейін жазып отырмын. Себебі, жеке күзет бастығы А.Рябенко мен көмекшілері В.Медведьев пен В.Собакенков Брежневті туған әкесіндей күтіп, әйелі мен балаларының істейтін парызын атқарды. Кәрі бас хатшы да күзетшілеріне қамқоршы болып, отбасына не қажеттігін сұрап түратын. Кейін, бас хатшы М.Горбачевтің жеке күзетшісі болған КГБ полковнигі В.Медведьев өз естелігінде: «Горбачевтің зайыбы Раиса Мақсымқызы күзетшілерге жекіріп сөйлеп, қолбала сияқты жұмсайтынын» айтқан болады. Сонымен, 10 қарашаның таңы да атып, таңғы сағат 09:00-де, ұйықтайтын бөлмесіне кіргенде, бірден Брежневтің басы ыңғайсыз қисайып кеткенін көріп, тамыры соқпай қалғанын біліп, алғашқы көмекті көрсетеді. В.Медведьев жүрегіне массаж жасаса, В.Собакенков дәкі арқылы аузына аузымен дем бере бастады. Бірден, өздерінің бұрынғы шефі Ю.В.Андроповқа бірінші хабар берді, ол келгеннен кейін В.Чазов та келіп, жүрегінің тоқтағанын айтты. Бірінші болып әйелі Виктория Петровнаға естірткенде, ол байбаламға салмай өзін салмақты ұстады. Бірінші болып келген Ю.Андропов жерлеу комиссиясының төрағасы болып сайланды, келесі Бас хатшы Андропов болатынын сол кезде білдік, бұл жазылман заң еді.
Л.И.Брежневтің қайтыс болғанын совет халқына 1 күн өткеннен кейін 12 қарашада ғана естіртті. Бірақ біздер сол кезде әйтуір жоғарыда бір жағдайдың болғанын білдік. Себебі, 10 қарашада совет милициясының күні еді, кешке күшті концерт болатынын білетін едік. СССР адамдары мамыр айындағы радио мен телевидиние мен милиция күніне арналған концертті асыға күтетін, себебі, жас эстрада әншілері осы концертте ән айтса, бүкіл одаққа белгілі болатын. Мысалы, әнші В.Лентовті бұйралатқан шашы үшін советтік цензура ресми концертке жолатпайтын. Сонымен 10 қараша күні телевизорда таңертеңнен бастап азалы камералық музыка мен советтік патриоттық кинолар күні бойы көрсетіліп тұрды. Мен сияқты шыдамсыз адамдар, әуе толқыны арқылы берілетін «Америка дауысы» мен «Азаттық» радио станцияларының хабарларын тыңдап едім, олар да мардымды еш нәрсе білмейтін болып шықты (тек Кремльде «переполох» болып жатыр, билік үшін тартыс болып жатқан болуы мүмкін деді), СССР не деген жабық ел болғанын осыдан-ақ білуге болады. Сонымен, Л.Брежневті 15 қарашада Кремль іргесіне жерлейтін болды.
Жерлеу кезінде қалыптасқан кей ережелерді бұзуға тура келді, КПСС ОК-нің Бас хатшысы, СССР Жоғары Кеңесінің Төрағасы, СССР мелекеттік және Лениндік сыйлықтың иегері, Совет Одағының маршалы, «Жеңіс» орденінің иегері Л.И.Брежнев шетел елдерінің марапаттарын қоса есптегенде 117 орденмен марапатталған екен (медальды есептемегенде), олардың әрқайсысын қызыл масаты жастыққа алып жүрсе күлкіге қалатын еді, өйткені 35 шетел делегациясы қаралы шараға келген болатын. Сондықтан күлкіге қалмау үшін 44 жастыққа сыйғызып алып шықты. Екінші, есте қалғаны табытты көрге түсіріп жатқанда дүрс еткен дыбыс шыққанда, халық «ах!» деп қалды, жерлеу сәтін телевизордан тікелей көрген адамдар әлі күнге дейін табытты тастап жіберді деп есептейді. Ол былай болған еді, табытты жерге түсіріп жатқанда, СССР-дің гимні ойнар алдында, бүкіл оркестрдегі барабандар соғылып, сосын гимн орындалатын, осы барабан мен дауылпаздар дауысы дүрс етуі, табытты тастап жібергендей болып естілді.
Брежнев басқарған кез жастық шағымыз болғандықтан, мені орысқұл деп айыптаса да айтарым, ол кезде жоғары білім алу мен емделу ақылы болған жоқ. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман парасыз жұмысқа тұрып, кезегі келгенде тегін пәтер алды. Сондықтан ертеңгі күнге деген сенім бар еді, осыларды еске түсіріп, менің қатарларым «коммунизмнен өтіп кетіппіз ғой» дейтіні сондықтан.
Суретте: Табытты жерге түсірер алдындағы соңғы қоштасу сәті, солдан оңға қарай: Брежневтің жесірі Виктория Петровна, жеке күзет бастығы, КГБ полковнигі В.Медведьев, інісі Яков Брежнев, қызы Галина, мойнында шарфы бар адамды білмедім, келіні Людмила, Галинаның күйеуі генерал Юрий Чурбанов, жеке күзетшісі В. Собакенков.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!