Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Клара Құдайға құлшылыққа қалай келді?

30.10.2024, 14:45 213

HALYQLINE.KZ

2004 жылдың 18 қыркүйегінде өзінің сәби дауысымен бүкіл СССР-ге танымал, РСФСР-ге еңбегі сіңген артисі Клара Румянова жалғыздық пен жоқшылықтан өз пәтерінде көз жұмды. Қарайтын адамы болмағандықтан, Троицк шіркеуінен күтуші бөлінген еді. Оның сұлу жүзін ешкім тани бермейтін. Біздің балалық шағымыздың мультфильміндегі Ромашкадағы паравоз, Чебурашка, Карлсон досы сәби, «Ну, погоди»-дегі қоян дауысын дыбыстаған еді. Өзі сұлу болса, мамандығы драмалық актриса болса, неге киноға түспеді?  

Клара Румянова 1929 жылы Ленинградтағы әскери адамның отбасында дүниеге келді. Мінезі әкесіне ұқсаған тік болып өсті, осы мінезі оның жалғыз қалуына себепші болды деуге де болады. Ер балалармен ғана ойнаған кішкентай қыздың дауысы да ер адамның дауысындай еді. Соғыс кезінде госпитальдағы солдаттарға ән салғанда Клараның төмен дауысы мен басындағы бантигіне қарап «Бас с пропеллерем» деп күлетін. Бой түзеп бойжете бастағанда дыбысты кино шыққасын Любовь Орлова сияқты киноға түскісі келді. Москвадағы ВГИК-ке құжатын тапсырар кезде: «Люба Орлова сияқты оқытындар» деді. Соғыстан кейінгі қаптап кеткен қалтамандар бар ақшасын қағып кетеді. Емтихан алдындағы шығармашылық байқауда өз өнерін көрсетіп жатқанда аштықтан басы айналып құлап қалды. Совет киносының мэтрі С.Герасимов сол жерде ыржанай нан мен қанты бар ыстық шай беріп есін жиғызып алған соң, өзінің курсына қабылдайды. 

1951 жылы С.Герасимов өзінің «Сельский врач» фильміндегі басты рөлдердің бірін сеніп тапсырады. Осы киноға түсіп жүргенде өкпесіне салқын тиіп ауырып қалғасын дауысы шықпай қалады. Жазылған кезде дауысы жоғары болып, тіпті сәбидің дауысындай болып қалады. Осы кинодағы рөлін көрген режиссер И.Пырьев «Испитание верности» деген фильміне басты рөлге түсуге шақырып қана қоймай, әйелі Марина Ладынина сияқты «кино жұлдызына айналасын» деп те уәде береді. Сценарийді оқыған Клара «сценарий нашар жазылған, мен мұндай киноға түспеймін» дейді. Сол 1953 жылы Иван Пырьев 6 мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері, 3 мәрте Ленин орденін алған «Мосфильм» кино студиясының директоры еді. Қаршадай қыздан бұндай жауап күтпеген Пырьев: «Сен боқмұрын, кіммен сөйлесіп тұрғанынды білесің бе? Сені бұдан былай еш режиссер киноға түсірмейтін болады!» деді. Осылайша ол өз болашағына балта шапқан болатын. Мәдениет министрі Екатерина Фурцева болғанда жас әрі сұлу актрисаларды төсек қатынасына мәжбүрлегені үшін «Донжуан» Пырьевті орнынан алып тастаған соң ғана, Клараны киноға түсуге шақыра бастады. 1967 жылы өлерінен бір жыл бұрын Пырьев телефон соғып: «Ради Христа прости меня Клара за что испортил твою жизнь» деп жылағасын «кешірдім» деп трубканы қоя салды. Жұмыссыз қалған драмалық актриса К.Румянованы «Союзмультфильм» студиясы дыбыстауға шақыра бастағасын, өзі де осы ерекше дауысымен бүкіл елге танылған болатын.   

ВГИК-те оқып жүргенде Клараға курстасы Николай Рыбников ғашық болып ізінен қалмады. Бірақ қыңыр мінезді қыз подъезд алдында күні бойы аңдып жүрген болашақ атақты артисті жақтырған жоқ. Сол кезде гүл шоғынан да қымбат сый бермекші болып, стипендия алатын күні таныс студенттерінен қарыз алып алтын сағатты ұсынғанда, алмақ түгіл шапалақпен жағынан тартып жібереді (ол кездегі өлшеммен қымбат сыйлық қызды сатып алмақшы болғандай әсер етіп, беделін түсіретін). Сол кезде Николай сағатты еденге тастап, аяғымен сындырып кетіп қалды және көп уақытқа дейін қарызынан құтылу үшін қара нан мен кваспен ғана қоректеніп жүрді. ВГИК-ті бітіретін жылы Н.Рыбников өзінің курстасы Алла Ларионоваға үйленіп, актерлер ортасындағы ең жарасымды жұпқа айналады. Ал, Коля Рыбников «Заречная көшесіндегі көктем», «Биіктік», т.б. кинолар арқылы совет одағындағы №1 актер болды. Осының бәрі Клараға оңай тиген жоқ, өмір бойы өзін іштей кінәлап өтті. Н.Рыбников қайтыс болардан бір жыл бұрын инсульт алып, федералдық ауруханаға түскенде Клара барып кешірім сұрайды. «Клара, неге олай істедің?» дегенде, «ақымақ болдым» деп жауап қайтарды. Тағдыры ауыр болды, бірінші рет пианистке күйеуге шығып, бала көтергенін айтқанда шошып кетіп: «бала менің аяғыма тұсау болады, мен бар өмірімді музыкаға арнаймын» деді. Ол кезде аборт жасауға заңмен тыйым салынғандықтан, түнде тәуіп кемпірге алдыртқасын өмір бойы бедеу болып қалды. Екінші рет Герасимовтың «Жас гвардия» фильміндегі Лемешовты ойнаған актер А.Чемодуровқа шықты. Бұл кез Клараның мультфильм арқылы бүкіл елге танылған кезі, өзін еш киноға түсуге шақырмағасын күйіктен араққа салынып кеткесін амалсыз ажырасып кетті. Үшінші күйеуі кеме капитаны болды, сұлу әйелін кім көрінгеннен қызғанып, күнде кешкісін «кухнялық разборка» жасағасын үш айдан соң ажырысып кетті де, өмір бойы анасымен бірге тұрды.

Мультфильмдер мен радио-спектакльді дыбыстағасын ақшадан қиындық көрген жоқ. Сосын Горбачев өзінің қайта құруын ала келгесін, мультфильмдер аз түсіріле бастады, тоқсаныншы жылдардың басында «Союзмультфильм» жабылып қалды. Радиодан да шақырту азайды, СССР құлаған жылы шешесі қайтыс болған кезде: «менің елім жоқ болды, сосын жұмысым жоқ болды, анашым да жоқ болды, енді маған да кезек келді» дегенмен, әлі де 13 жыл өмірі жоқшылық пен жалғыздықта болды, зейнетақысы коммунальдық қызмет төлеуге әрең жетті. Сол кезде РФ-дағы актерлар гильдиясының мардымсыз көмегімен өмір сүруге тура келді және өлгенде жерлеу рәсімін мойнына осы актерлер гильдиясы алған болатын. Клара қалған бар өмірін шіркеуде құлшылық етумен өткізді. Оның басты себебі, 300-ден астам мультфильм арқылы танымал болып, атағы дүрілдеп тұрғанда актриса кино фестиваль делегация құрамында Венецияда болып, Санта-Клара соборына барғанда Клараның сәби дауысын естіген шіркеу монашкалары «Әулие Клара тіріліп келді» деп аяғына жығылып, қолын сүйе бастайды. Сол кезде сталиндік атеистік қоғамда дүниеге келіп тәрбие алған К.Румянова шоқынып, христиан дініне ресми түрде өткен болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: