Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Керек дерек!

30.01.2025, 9:40 86

Өткеннен сыр шертіп, тарих жылнамасына көз  жүгіртсеңіз, Сыр өңірінде талай  әдеби, мәдени  оқиғаның  болғанын бағамдайсыз.

Ежелден бері сылаңдап аққан Сырдария өңірі – небір саңлақты тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Топырағын түртіп қалсаңыз, жыр болып төгілетін осы өлкеде өткен тарихи дүниелерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бәлкім, бұл да бір қажетіңізге жарап қалар!

* 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада мемлекет­тік ұлт театры ашылды. Театрды ұйымдас­тырған Алаш зиялылары еді. Атап айтар болсақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қалам­гер, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлы, бірінші театр директоры – Әлихан мен Міржақып үміт артқан азамат Дінше Әділұлы. Ал мемлекеттік  театрдың  тұңғыш ресми сахналық қойылымы – белгілі Алаш зиялысы, көрнекті драматург, жазушы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина»  пьесасы  болды.

* Қызылордада ең алғашқы айтыс 1943 жылы өткізілді. Ол республикадағы үлкен айтыстардың бірі болды. Телевизиялық айтыс та алғаш рет Сыр өңірінде 1980 жылы ұйымдас­тырылды. Жыр додасын ақын Темірше Сарыбаев  бастап  берді.

* Тұрмағанбет Ізтілеуов Фирдоусидің «Шахнама» дастанын 1936 жылы қазақ тіліне аударды. Бұл шығарманы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов жоғары бағалаған. Ақын қолжазбалары Қазақстан ұлттық ғылым академиясы  Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.

* 1925-1929 жылдары Қызылорда ел астанасы  болған  уақытта  республикалық мерзімді басылымдар жарық көрді. Газет тек ресми материалдарды жарияламай, танымдық, ғылыми, рухани  дүниелерді  де  басып  тұрды.  Соның  бірі – «Еңбекші  Қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») газеті. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті жастарға арналған ең байыр­ғы және беделді республикалық басы­лым болды. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдас­тырушысы әрі тұңғыш редакторы Ғ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына тағы басқа да себептерге байланысты басылым  1925 жылы 3 ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып, әуелі Орынборда, сол жылдың мамыр айында Қызыл­орда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Оның  редакторы  Е.Алдоң­ғаров, секре­тары Ахмет Елшібеков болды, «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналы да Қызыл­орда қаласында шығып тұрды. Оның редакторлық қызметін Сара Есова атқарды. Сонымен қатар басқа да  ірі  басылымдар  Сыр  өңірінде  жарық  көрді.

* Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпби» (Жаңа құрал) атты еңбегі де 1926 жылы Қызылорда Астана болған жылдары Ақмешітте басылған. Бұл кітап – осы күнге дейін жарық көрген басқа да әліппелердің бастауы. Кітаптың көшірмесі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасының «Сирек қорлар» бөлімінде тұр. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында  7  рет  қайта  басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926  жылы  ғалым  «Әліп-бидің»  жаңа  түрін  жазды.

* Сыр еліндегі іргелі өнер ордасының бірі – Қызылорда облыстық филармониясы.     1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ руханиятының он күндігінде өнер көрсетіп елге оралған Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежанов аймақ­тағы ақын-жыршы мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп, көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң іргелі  филармонияға  айналады.

* Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы алғаш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі перзи­диумының ұйымдастыру комитетінің шеші­мімен 1939 жылы құрылған. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттары – батыр дулығасы, сауыт, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған  ақша  коллекциясы  болған.

* Қазақ радиосының Қызылордамен байланысы қатпарлы тарих бедерінде сақтаулы тұр. Орынбордан кейін 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылордаға қоныс аударып, күллі  қазақ  даласына  хабар  таратты.

* Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қос домбырасы Сыр елінде сақтаулы. Біріншісі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болса, екіншісі, Жалағаш ауданының тарихи-өлкетану музейінде тұр. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының төрінде тұрған домбыраны 1939 жылы Жамбыл Жабаев жерлесіміз Нартай Бекежановқа сыйға тартқан. Музыкалық аспап қызыл ағаштан жасалған. Шанағында темір металмен жазылған «Бекежанов» деген жазуы бар. Жамбылдан мұра болған Жалағаштағы екінші домбыраны Әлімқұл Жамбылов ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында өткен республикалық айтыста сыйға тартқан. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаған. Кейін немересі Әлімқұлға берген. Бұл домбыраның шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған.

* Жазушы, ақын, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі 1956, 1959 жылдары қайта басылып, 1970 жылы орыс тілінде жарық көрді. Сөз зергерінің балаларға арналған «Өміртайдың ауылы», «Тәтті қауын», «Тапқыш» тағы басқа да шығармалары бар. Ол Шиелі ауданы, Қарғалы ауылында білім  алатын  зәулім  мектеп  салдырған.

* Арал ауданында халық жазушысы, мемлекетік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиет үйі бар. Онда классик жазушының еңбектері мен естелік суреттері қойылған. Заманауи талапқа сай салынған ғимаратта шығармашылықпен айналысуға мол мүмкіндік қарастырылған. Мұнда кез келген адам  барып, тамашалауға  болады.

* Сыр өңірінде соңғы жылдары болған жарқын жетістіктің бірі – Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енгізілді. ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша «жанды мұра» деп аталатын материалдық емес мәдени мұра қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа қалатын әдет-ғұрыптарын, дүниетанымы мен көзқарасын, білімі мен дағдыларын қамтиды. Қармақшы ауданында 1980 жылы Қорқыт ата мемориалдық кешені салынды. Мемориалдық кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық  автомагистралы бойында орналасқан.

* Сыр халқының сырласына айналған облыстық «Сыр бойы» газетінің шежіресі – ел мен  жердің  тарихы. Ұлт дәстүрінің ұлы көшін алға жетелеуге аянбай күш салып келетін руханият өзегі. Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде жарық көрген «Сыр бойы»  1932 жылы «Ленин туы», 1938 жылы «Ленин жолы» болып өзгерді. 1991 жылы ел Тәуелсіздігімен бірге байырғы атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты.

* «Сыр бойы» газетімен үзеңгілес келе жатқан облыстық «Кызылординские вести» басылымының бірінші нөмірі «Ленинский путь» атауымен 1930 жылғы 1 қаңтардан Қызылорда қаласында шыға бастады. Қыркүйек айының соңында Қызылорда округінің тарауына байланысты газет қысқа мерзімге шықпай қалды. Бір айдан кейін осы атаумен қайтадан оқырман қолына тие бастады. 1965 жылғы наурыздың 2-сінде «Путь Ленина» деген жаңа атаумен қайта жаңғырды. Ал қазіргі атауын 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алар тұста иеленді.

* 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақ елінің астанасы болған жылдары облыс орталығында Сәкен Сейфуллиннің үйі болған.

Бір өкініштісі, бүгінде Сәкен тұрған үй бұзылып кеткен. Алайда сол үйдің орнына салынған үй сыртына арнайы тақта ілінген. Тақтада «Осы жерде Қазақстанда совет өкіметін орнату жолындағы жалынды күрескер, қазақ совет  әдебиетінің  негізін  қалаушылардың  бірі – Сәкен Сейфуллин 1925-1929 жылдары тұрған және жұмыс істеген үйі болған» деп жазылған. Үйі ескі базардың тұсында жұмыс орнына жақын болған. Ақын 1925-1929 жылдар аралығында Қазақ Республикасының астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілген кезеңдерде  қаламызда  қызмет  атқарды.

* Сыр өңірінің тарихи-мәдени жылнамасынан бастап, қазақ даласындағы батыр, би, шешендердің тұрмыстық қолданыста тұтынған дүниелері Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектептің Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы «Атамекен» мұражайында сақтаулы тұр.

* Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мәліметінше, аймағымызда 492 ескерткіш мемлекет қорғауында. Оның ішінде 31 республикалық,  257 жергілікті  маңызы бар ескерткіштер саналады. Сондай-ақ, 204 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

* Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ең ескі кітаптар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы.

* Шығу тегі мен жазылу уақытына қарай ең ескі болып есептелетін екі кітаптың бірі – 1876 жылы араб тілінде жарық көрген «Құран Кәрім». Мұқабасы қалың. Сыртқы бөлігі терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған. Екінші ескі кітап – «Жүсіп-Зылиха» жыры. 1824 жылы Ташкент қаласында басылған. Парсы тілінде жарық көрген құнды мұраның бұл – көшірме нұсқасы. Сонымен қатар мұнда Қызылорда ел астанасы  болған жылдары жарық көрген 33 кітаптың көшірмесі бар. Сондай-ақ «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығын қамтиын көшірме нұсқасы сақтаулы. Мұнда 600 дана көне кітап  мұрасы  қорғалған.

* Қазақ халық ағарту институты ең алғаш 1919 жылы Орынборда ашылған. Ол ең бірінші Қырғыз Халық ағарту институты деп аталды. Институттың басты мақсаты – қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлау еді.  Осылайша 1921 жылы 140 оқушы оқыды. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүрді. 1925 жылы институт  Қызылорда  қаласына көшірілді. 1925-1928 жылы Сәкен Сейфуллин осында сабақ  беріп,  кейін  ректоры  болды. Сондай-ақ  тәжірибелі  педагогтар,  республикада ағарту  жұмысын  ұйымдастырушы  қайраткерлер – А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев сынды ірі тұлғалар институтта дәріс берді.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: