Бір ғана ескі фотосурет біреуді миллионерге айналдыруы мүмкін бе? Иә, мүмкін.
Калифорниядағы антиквариат жинаушы Рэнди Джиджаро 2010 жылы қара базардан өте ескі ақ-қара суретті 2 долларға сатып алып, оны 5 миллион долларға сатып жіберген. Оның бірден-бір себебі суретте Американың жабайы батысы деп аталған өлкеде «Кішкентай» деген лақап атымен танымал Биллидің бейнесі болуы еді.
CNN-ге берген сұхбатында коллекционер Рэнди Джихарро: «Ол суретті сатып алу үшін көп күмәндандым. Ақыры ішімдегі біреу мені осы суретті сатып алуға көндірді. Ол кезде менде көп ақша болған жоқ еді. Менің алғым келген тағы да үш сурет болды. Соңында мен осы суретті таңдадым », — депті.

Қазіргі уақытта 4 × 5 мөлшердегі осы кескіннің иесі саналатын «Kagin’s Inc.» компаниясының хабарлауынша, суретте «Кішкентай» деген лақап аты бар Билли және оның сыбайластарының Нью-Мексико штатындағы Линкольн кентінің маңындағы үйдің жанында крикет ойнап тұрған бейнесі мәңгіге қатталған көрінеді. Сурет 1878 жылдың жазында үйлену тойынан кейін түсірілген деп болжанды.
«Көптеген жылдар бойы жүргізілген зерттеулер мен бақылаулардан кейін біз суретті түсірген нақты мекенді және суретте тұрғандардың кім-кімдер екенін анықтай алдық», — депті «Kagin’s Inc.» компаниясыныңның бақылаушысы және монета жинаушы Дэвид Маккарти.
«Кішкентай» Биллидің шын аты – Генри Маккарти, ол 19-ғасырдағы Линкольн жауынгері, ол жергілікті тұрғындар үшін батыр, ал Американың шығыс жағалауындағылар үшін атышулы бандит болған.

Бұдан бұрынырақ, яғни 2011 жылы «Кішкентай» Биллидің жалғыз дана деп есептелетін тағы бір суреті 2,3 миллион долларға сатылған көрінеді.
Аударған Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!