Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Cоғыс жылдарындағы «СмерШ»

31.10.2021, 10:00 464

HALYQLINE.KZ

1943 жылдың ақпан айында Сталинград түбінде жеңілген Вермахт штабының басшылары Кеңес Одағының тылында диверсиялық әрекеттерді күшейту үшін Германия жеріндегіні есептемегенде, Абвердің 35 барлау-диверсиялық мектебі ашылды. Оған отанына сатқындық жасап, жау жағына шыққан және Кеңес өкіметін жек көретіндерді іріктеп алды. Еліміздің тылындағы аса маңызды қорғаныс заводтарын, теміржол тораптарын, көпірлерді, электр стансаларын істен шығаруды көздеді.

Абвердің бұл жоспарын Бас барлау басқармасының (ГРУ) бастығы генерал Голик Сталинге естірткен соң, бұған дейін НКВД-ге қарасты «Ерекше бөлім» ұлғайтылып,1943 жылдың 19 сәуірінде «СмерШ» атты қарсы барлаудың Бас басқармасы құрылып, бастығы Виктор Абакумов болды.

Жаңа құрылым қалай аталуы керек дегенде, Сталиннің «Смерть шпионам» деген сөздің қысқартылған түрі «СмерШ» деген атауына тоқталды. «СмерШ» «Мемлекет ішіндегі мемлекет» болды. Полктағы оның өкілі полк командиріне бағынбай, дивизиядағы «СмерШ» бастығына бағынды. Ал, В.Абакумов тек Сталинге ғана есеп берді. Әр дивизияда 21 адамы, әр майданда 400 адамы ғана болғанмен, «СмерШ»-тің әр бөлімшеде 1 құлағы (агенті), яғни әр батальонда 30 құлағы болды, қандай қуатты орган болғандығын осыдан білуге болады. Атқарылған жұмыстары алуан түрлі болды. Өзінің қолын атқандарды, окоптан оң қолын шығарып тұрған 35 мыңдай жауынгерді анықтап, табан астында атып тастады. Фашистер жағына өтіп кеткен №1 сатқын атанған армия генералы А.Власов құрған «Орыстың Азаттық Армиясының» (РОА) жауынгерлері мен қарсы шабуылда қорқақтық көрсеткендерді анықтау сияқты жұмыстар бастан асып жатты.

Ең бастысы, орта есеппен ай сайын 200-300-дей парашютпен түскен диверсанттармен қатар, қоршаудан шыққан болып Қызыл Армияға қосылмақшы болған фашист агенттерін әшкерелеп құрту болды. Соғыс жылдарында «СмерШ» 60 мың жау агентін құртты. Бұл – алты шпиондар дивизиясы деген сөз. Асыра сілтеушілік болды ма дегенде, майдангерлер болды дейді.

Мысалы, неміс техникасының мықтылығы айтылса, үйден келген хатта жауынгердің отбасы аштықта өмір сүріп жатқандығы дауыстап оқылса, «іріткі салушы» ретінде тұтқындалып, әскери трибуналға беріліп, айып батальондарына жіберілді. Соғыс жылдарында «СмерШ» фашистік Абвердің барлау бөлімдерімен «Радио-ойындар» өткізіп тұрды. Қолға түскен жау барлаушысына өмірің сақталып қалады деп кепілдік беріп, рациясы арқылы өзін жіберген қожайындарына жалған ақпар беріп отырды. Осындай «Радио-ойындар» арқылы Абвер Қызыл Армияның дайындалып жатқан көптеген қарсы шабуыл жоспарын анықтай алмай шатасты.

1946 жылдың 4 мамырында «СмерШ» НВКД-нің 4-ші басқармасы, бір жылдан соң МГБ болып құрылып, бастығы В.Абакумов болды. «СмерШ» үшін соғыс 1945 жылдың 9 мамырында аяқталмады. Фашистер Балтық бойындағы 3 республикадан шегініп бара жатқанда өздерінің сыбайластары ұлтшылдарға партизандық соғыс жүргізе беруі үшін үлкен қару-жарақ қорын қалдырып  кетті. Бір ғана Литвада 30 мың ұлтшыл колхоз белсенділері мен милиционерлерді өлтіріп отырды. Жергілікті тұрғындар оларға қолдау көрсетіп, «Ормандағы ағайындар» деп атады. Сосын жау басып алған жерлерде полицай болғандарды анықтау сияқты көптеген жұмыстар атқарды. Балтық бойындағы ең соңғы ұлтшылдардың партизандық отрядын 1960 жылы жойғанынан-ақ білуге болады.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: