Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүкіл КСРО-ға Қазалы ауданын масқаралаған пародист Иванов

25.06.2025, 17:15 495

HALYQLINE.KZ

1996 жылдың 12 маусымында Кеңес одағындағы ең талантты пародист-ақын Александр Иванов «запойдан» (тоқтаусыз ішуден) шыға алмай өліп кетті. 1978 жылдан бастап жаңадан ашылған бүкілодаққа тарайтын «Вокруг смеха» хабарының үздіксіз жүргізушісі болды. Бұған дейін сызу пәнінің мұғалімі болып жүрген әуесқой сатирик-ақын бірден бүкіл одаққа белгілі болды.

Оның хабарында атақты өнер адамдары мен эстарда жұлдыздары ән айтуды өзіне зор мәртебе санайтын болды. Сол кезде табаны жерге тимей жүрген А.Пугачева мен В.Леонтьевтің өзі де хабарға қатысып, ән салған болатын. Сатириктің жұлдызды сәті де аяқталған күні 1991 жылдың 1 сәуір – Күлкі күні болды. Хабарға қатысқан сатириктер Михаил Грушевский мен Леон Измайлов өзінің «Дело Гдляна-Иванова» мен «Матч сборной СССР и сборной остального мира» монологін оқыған соң, бұл хабар «СССР-дің тұңғыш президенті М.С.Горбачевтің ары мен беделін түсірді» деген желеумен жабылып қалды.

Жұмыссыз қалған «экран жұлдызы» сатирик Иванов өзінің сатиралық кітабын базарда сатуға мәжбүр болды. Ақыры, кезекті «запойдан» шыға алмай «алкогольный интоксикация әсерінен болған жүрек талмасынан» 60 жасқа жарты жыл қалғанда «ана ауылға» жүріп кетті.

Осы ОРТ каналынан көрсеткен «Вокруг смеха» хабарында Қазалы ауданы өткен ғасырдың 80-жылдарында екі рет күлкі нысанасына айналған еді. Қазалы аудандық тұтынушылар одағына қарайтын кірпіш зауытының ғимаратында «Қазалы конфетін» шығаратын цех орналасқан еді. Неге екенін білмеймін, осы кәмпитті «Қазалының ащы кәмпиті» дейтін. Осы кәмпиттің сыртқы орама қағазында «КазССР. Кзылординская обл. Казалинский кирпичный завод» деп жазылған еді.

Міне, осы кәмпиттің бір данасын «Вокрух смеха» хабарының жүргізушісі Александр Ивановқа іргеміздегі Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласының бір орысы жіберіпті. Сол күнгі хабарда тілі удай пародист Иванов менің туған жерім Қазалымды барынша әжуалаған еді. Ол ешнәрсе емес, келесі хабарда одан да сорақы күлкіге айналдырды. Себебі, осы кірпіш зауытының ішінде тігін цехы да бар еді. Сол кезде пародист Иванов: «Өткен хабардағы Қазалы кірпіш зауыты тек кәмпит қана шығармайды екен. Ол зауыт еркектердің дамбалын да шығарады екен» деп ерлердің дамбал-трусиін көрсеткенде, зал күлкіден жатып қалған болатын. Сол кездегі кеңес одағының халқы 284 млн адам еді. Сөйтіп қазыналы Қазалым бүкіл одаққа масқара болған еді.

Сайтан алғыр сатирик Саша Иванов осылайша Қазалымды күлкіге айналдырған болатын. Реті келіп тұрғасын Қазалының кәмпиті туралы да айта кетейік. Қазалы аудандық тұтынушылар одағына қарасты кірпіш зауытының Қазалы қаласындағы бөлімшесінің ғимаратында 1965 жылы кәмпит шығаратын цех ашылады. Кәмпитті жергілікті халық «ащы кәмпит» деп атап кетсе, тәтті дәмді кәмпит «Барбарис» деп аталып, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстанға танымал болды. 

Кәмпитке сұраныстың артуына байланысты, цехтағы 45 адам 24 сағат бойы 3 ауысымда жұмыс істеп, күніне 1 т 500 кг кәмпит шығарды. Сосын жоспарлы экономика күйреп, кәмпит цехы 90-жылдардың ортасында жабылып қалды. Бірақ цехта істеген әйелдер үй жағдайында кәмпит шығарып, базарға сатып отбасын асырады.

Кезінде атақты Қазалының барбарис кәмпитін қайта шығаруды жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергенов 2015 жылы қолға алды. Қазір ЖК «Қазбергенов» зауытынан атақты Қазалы кәмпитінің «Мятные», «Барбарис», «Дюсшес», «Лимон», «Апельсин» түрлері шығып жатыр. Осылайша атақты Қазалы кәмпиті қайтадан еліміз және шетелге танылып, сұранысқа ие болуда.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан  Журналистер  мен  Халықаралық  Жазушылар  одағының  мүшесі

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: