Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейімбеттің биігі

13.02.2025, 9:40 78

Қызылорда – күллі қазақтың ортақ мекені. Тарих  тінін тарқатсақ, осы өңірде қолтаңбасын қалдырып, еңбек еткен тұлғалардың сүрлеуін көреміз. Солардың атқарған істері, ел игілігі жолында жасаған алуан жұмыстары ұлтқа – ұстын, ұрпаққа – үлгі болып келеді. Соның бірі де  бірегейі – Бейімбет  Майлиннің Сыр  өңіріндегі  еңбек  жолы.

1925 жылы Қызылорда астана болып тұрған кезде барлық республикалық газеттер жаңа астана Қызылордаға көшірілді. Сол тұста Сыр өңірінен шыққан мерзімді басылымдар шын мәнінде ұлттық басылымдардың қалыптасу және шыңдалу кезі болды. 1925-1929 жылдары «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Еңбекші Қазақ» секілді басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатыс­ты зерттеулер дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Бейімбет Майлин Қызылорда астана болған тұста «Еңбекші қазақ» газетінде бас редактордың орынбасары, «Ауыл тілі» газетін­де  бас редактор  қызметін  атқарды.

– Қазақ баспасөзінің алғашқы қалыптасу тарихында Қызылорданың алар орны ерекше. Соның бірі «Еңбекші Қазақ» газеті болатын. Осы басылымның 1926 жылғы №319 санында қызықты әрі тарихи танымды қалыптас­тыратын мақала «Ақмешіттің тарихы» деп аталды. Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылды. Қызылорда   астана  болғанда  қаламызда дүние­ге келген басылымдардың бірі – «Ауыл тілі» газеті. Газет 1926 жылдың 20 шілдесінен 1929 жылғы 12 ақпанға  дейін Қызылорда қала­сында шығып  тұрған  ауыл шаруашылығына арнал­ған салалық газет. 1926 жылы партиялық тексеріс нәтижесінде газеттің №1 санында «Қазақ тіліне шағым», «Бөртешілердің арманы» деген мақалалар жарияланып, онда партия кеңестің қоғамдық жұмысындағы кейбір кемшілікті жақтары сынға алынған. «Газет партияның  ұлтара­лық  саясаты  мәселесін мүлде көтермеді. Шаруа басылымы болса да оның көпшілік материалдары 1916 жылға арнал­ған» делінді тексеру есебінде. Міржақып Дулатов «Ауыл тілі» газетінің белді қызметкерлерінің бірі болды. Қазақстан баспа комитетінің баспасөз бөліміне жазған хатында «Мен, «Ауыл тілінде» қыз­мет еткенде газеттің тіліне ажарлық (кейбір хаттарды түзеу), газеттерден керек­ті  хабарларды  теріп  алу, орысша  жарлық үндеуді аудару қызметтерін атқардым, мақала жаздым» деп келтіреді. «Ауыл тілі» газе­ті сол кезеңдегі барлық басылым сияқты оқу-ағарту, денсаулық,  ауылды  кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустриялан­дыру мәселелерін көтерді. Газет бетіне «Шаруа күні», «Бұрын қазақ­та той көп болатын», «Мал аурулары» сияқ­ты ауыл тілшілерінің және Жүсіпбек Аймауы­товтың «Құтыру», Ғабит Мүсіреповтің «Үлгі боларлық ауыл», Сәкен Сейфулиннің «Қысқы кіреші» өлеңдері, Бейім­бет Майлиннің  «Рахиланың  көк  тұса­ғы»  әңгімесі,  Ілияс  Жансүгіровтің  «Қонақтар  мен  қожайын» сықағы  ең алғаш осы газетте жария­ланған, – дейді  тарих ғылымдарының кандидаты,  доцент   Сағат  Тайман.

1925 жылы көктемде ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкенде «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет» журналдары бір үйге орналасқан болатын. «Әйел теңдігі» журналының басқармасы құрылғанмен алғашқы саны 1923 жылы қаңтарда жарық көрді. Сол кезде елге кең танылған Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов сияқты қаламгерлер журналдың қалыптасып, аяғына тұрып кетуіне барынша жәрдемдесті. Өз жазғандарын ұсынып, қосымша әдеби туындыларды редакция­лап, әзірледі. Әсіресе Бейімбет Майлин зор еңбек сіңірді. Осындай қат-қабат шаруаның арасында  жүріп, Қазақстан өлкелік партия  комитетінің  ұйымдастыру  бюросына  мүше болып  сайланды.

«Еңбекші қазақтың» редакторы Смағұл Сәдуа­қасов Қостанайдан Орынборға келген Бейімбетті өзіне әдебиеттік орынбасар етіп тағайындады. Көркем әдебиет мәселесінде Смағұл Сәдуақасов алашорда жазушылары – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқ­ты мықты қаламгерлерге үлкен ықыласпен қарап, оларды кеңестік аталатын жазушылармен бірлестіруге тырысатын. Кеңестік жазушылардан ол тек Сәкен Сейфуллинді ғана танып, еңбегін жоғары бағалайтын. Қостанайдан Орынборға қоныс аударған Бейімбет Майлинге Смағұл Сәдуақасов үлкен ықыласпен қолдау көрсетті. «Еңбекші қазақ» газетіне өлеңдерін, фельетондарын, әңгімелерін тоғыта басып отырды. Сонымен қатар оның өлеңдер жинағын шығартып, оған өзі алғы сөз жазды. Бұған дейін Бейімбеттің шығармалары жинақ күйінде жарық көрмеген еді. Ақмешіт баспа­ханасында  тез  бастыру үшін Бейімбетті арнайы  жіберді.

«Орынборлық дәуірді де көріп, істес болып жүргенмен, Бейімбетті менің жақын тануым – Қызылорда дәуірі болды. Мен Қызыл­ордадан 1926  жылы  келсем, Бейімбет Қызылорда­ға  өткен жылы республикалық мекемелермен бірге көшіп, орнығып алған екен. Оның қазірде көзі тірі әйелі Гүлжамал – ол кезде жас келіншек. Ауылда туып-өскен, газет оқырлық қана сауатты, мінезі ақ жарқын қазақы аталатын бұл әйелді Бейімбет Қостанайдағы туған елінен Қызылордаға келе сала алдыртыпты. Бірер баланың анасы болып қалған Гүлжамал қазақы қалжыңға да жақсы. Бейімбет тұратын пәтер күн сайын қонақтан арылмайды. Газет, журналдарда шығармалары жиі жарияланып тұрды. Жұбайы Гүлжамал күйеуі «Халық жауы» атанып, жалған жаланың кесірінен көп зардап шекті. Өзі де қамауға алынып, ешкімге ешнәрсе айтпаймын деген қолхатпен босатылған бола­тын. Жұрт та сескеніп, жуысып, араласа қоймады. Тұрмыс ауыр, әйтеуір жанұшыра жүріп балаларының үлкені Әукеннен басқаларын тауып алады. Әукен «Халық жауының» баласы деген желеумен айып батальонының құрамында майданға аттандырылып, содан тірі оралмайды. Қанша қабырғасы қайысса да абзал ана оған да төзді. Соның бәрі – сүйген жары Бейімбет үшін, оның сөзі үшін. 1957 жылы Бейімбет ақталғаннан кейін барып балаларының жолдары ашылды. Гүлжамал Бейімбеттің жазған шығармаларын күндіз-түні үзбей оқып отыратын. Бейімбеттің 70 жылдық тойын көргенде шаттанып қуанғанын көріп, толқымаған жан қалмады. Ол – рухы күшті қазақы асыл ана. Түбінде бәрін жеңді. Бейімбеттің осындай биікке жетуі жарының қолдауының арқасында десе артық айтқандық емес», – дейді Сәбит Мұқанов  өз  естелігінде.

«Ғабит Мүсіреповтің «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз» деген шығармасының алғашқы нұсқасын Бейімбет Майлин жиырма жасында жазған екен. Оның өнерге араласып, өлең шығара бастауы бұдан әлдеқайда бұрын. Ауыл арасында  айтысқа  түсіп,  сықақ өлеңдер шығарып жүрген. Жазғандары он алты жасы­нан  кейін  жариялана  бастаған. Талант бүр жарып  оянбай, бұйығып жатар ма, кейбіреу­лер оны қазақтың Чеховы, немесе Гоголі, я  болмаса  Горькиі  деп  жүрді.

«Бейімбет Майлинді мен 1925 жылы Қызыл­орда қаласында көрген едім. Ол кезде Қызылорда – республика астанасы. Сол жыл ол Қостанайдағы «Ауыл» газетінен келіп, «Еңбек­ші қазақ» редакциясына орналасты. Бейімбетпен 1925-1926 жылдардың аралығында жақын араласып, әдебиет майданында бірге болдық. Қазіргі «Социалистік Қазақстан» (Бүгін­гі «Егемен Қазақстан» – ред) газеті болатын. Онда «Еңбекші қазақ» деген атпен шығып тұратын. Бейімбет Майлин осы газеттің әдебиет бөлімін басқарды. Алғашқы рет астананың Қызыл­ордаға келуіне арнаған құттықтау  өлеңімді  салтанатты  жиында оқыдым. Ал Бейім­беттің өзімен тікелей танысуым 1925 жылы «Көктем» деген өлеңімді көрсетуден басталды. Ол орта бойлы, бетінің аздап шешек дағы бар, қара торы кісі еді. Барынша сабырлы, мінезі салмақты көп сөйлемейтін. Осы байсалды қалпын бұзбастан өлеңімді зейін қойып, ұзақ отырып оқып шықты. «Өлеңіңіз басылады. Тәуір екен. Мұнан былай да жазып тұрыңыз. Басылған, басылмағанына қарамаңыз. Көп ізденіп жазыңыз. Жақсы шығарма далада қалмайды. Осында әдебиет үйірмелері бар. Соған келіп, қатысып тұрыңыз» деп ақыл берді. Осыдан соң таныстығымыз нығая түсті. Көп өлеңдерім Бейімбеттің қолынан өтті. Бейімбет әдебиеттің жетістігін зор мақтаныш ететін. Қандай жиын екені есімде қалмапты. Бір жиналыста қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арнаған өлеңімді оқып бердім. Президумда Ілияс, Сәкен, Бейімбеттер отыр еді. Өлеңім жоғары бағаланды. «Ертең редакцияға әкеліңіз, газетке басамыз» деді Бейімбет. Бұл кісі барынша адал, шыншыл адам еді. Оның «Шұғасын» өз уақытында оқырман қауым жылы қабылдады. Ол Ілиястың «Күй» поэмасын оқығаннан ке­йін:  Мен енді өлең жазуды қойдым. Жарайсың, поэзия құлагері, – деп Ілиясты құттықтағаны есімде. Міне, біз білетін Бейімбет осындай кең көңілді, кішіпейіл елін шексіз сүйген ұлы тұлға болатын», – дейді  Қуаныш  Баймағанбетов.

Міне, қазақ руханиятында қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, мәңгілік мөрін таңбалаған тау тұлға Бейімбеттің биігі осылай қалып­тасты. Оның өз ортасы, шығармашылық шыңы, туған елге деген шынайы сезімі барлығы өн бойынан, істеген ісінен айқын аңғарылып тұрды. Сыр өңірінде болған сәттері сарқылмас қазынаға айналды. Ол жоғарыда атап өткеніміздей ұлтқа – ұстын, ұрпаққа – үлгі.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: