Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейбарыс – тарихи тұлға

06.04.2023, 10:00 1341

Қазақ елінің арғы-бергі тарихындағы аса ғажайып тұлғалардың бірі – Бейбарыс сұлтан. Жаугершілік заманда қаршадай бала күнінде қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігінің, асқан ақылының арқасында құлдықтан хандыққа дейін көтерілген, Египеттей  алып  елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушылары­нан, крест жорығын бастау­шылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған ұлы бабамыз Бейбарыс­тың өзгеше өмірі «Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы» атты арабтың халықтық романында  әсерлі  әңгімеленеді.

Бейбарыс Жамақұлы (1223-1277) – түркі әулеті Бахридин шыққан мәмлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс деп атайды, оның шыққан тегі – қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әр­түрлі дерек  айтылып, бірі Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін тарқатып, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екенін анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен»  қатар  қоятын  халық романы «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен.

Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожа­йын Айдакин Бундукдаридың атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бей­барыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нәжумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық  етеді.

Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәәд­дин Айбек Айюби әуле­тінің соңғы билеген кезінде Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Музаф­фар Саифуддин Кутуз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерілей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалуд түбіндегі шайқаста мәмлүк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ержүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Кутуз неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Кутузды өлтіреді. Жақтастары Бейбарыс­ты  Египеттің сұлтаны деп жариялайды. 23.10.1260 жылдан бастап Мысырда Бейбарыс билігі орнап, патша сарайында іс түркі тілінде  жүргізіледі.

Заманында Византия тарих­шысы Пахимир былай деп жазды. «Мысырда скиф-билік орнатқанда сақ тайпаларынан құрылған әскер бұрынғыдан да молая түсті». Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда 17 жыл тыныштық орнатты. Жер аумағын кеңейтіп, Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолының бірден-бір қожасына айналыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер тұрғызыпты, өзінің көрегенділігі, қажымас қайраты мен табандылығы нәтижесінде қара құлдан патшаға дейін көтеріліп, Мысыр мен Шам еліне билік жүргізіп, Алтын ордамен саяси байланыс құрған крест ұстағандардан елді тазартып, моңғол шапқыншылығына тойтарыс берген. Жаужүрек қолбасшы болуымен қоса, айлакер саясатшылығымен Ислам дінін қорғаған ұлы баба Бейбарыс сұлтанның  сыры  неде?

1. Бейбарыс билікке келген кезде қарапайым халықтың жағдайы нашар болды. Елді аштық пен жалаңаштық жайлап тұрды, тәртіп болмады. Осы кезде сұлтан Египет пен Сирия­ға темірдей тәртіп орнатумен бас­тайды.

2. Елдің негізгі экономикасы жер өңдеу мен сауда-саттық болат­ын, бірақ шаруалардың жұмы­сы жүйесіз болды. Әркім өз білгенін істеп, жерді тиімді пайдала­на  алмады. Жерден  жақсы  өнім  алынса, азық мол болып, халықтың жағдайы көте­ріліп, сауда-саттық дамитынын көре білген Бейбарыс жерді сулан­дыру, канал қаздыру сынды жұмыстарды қолға  алып,  халық­ты  еңбек  етуге  шақырды.

3. Егіншіліктен түскен мол өнім сауданың дамуына мүмкіндік берді. Бейбарыс осыны пайдаланып, кішігірім базарлар салдыртып, қалааралық, еларалық сауданы  күшейтті.

4. Бейбарыс сұлтандыққа келгеннен бастап қорғанысты күшей­теді. Қалалар арасындағы қатынастарды дамыту мақсатында керуендерді тонау, кісі өлтіру сияқты қылмыстардың тамырына балта шабуды көздейді. Ол жолдардың бойында бөгетер аштырып, керуен-сарайлар салдыртады. Түнде қала ішіне шамдар қойдырады. Әскерде қатал тәртіп орнатады, қарақшылардың  көздерін  жояды.

5. Бейбарыс көп жағдайда батыл шешімді әрекеттер қолданылмайша, жат қылықтарға қарсы күресу ниетінен шықпайтынын біледі. Сирия майданында қолға түскен 1300-дей моңғол жүзбасы, мың басыларына ислам дінін қабылдаттырып, бәрін сүндеттеп, мұсылмандық жолынан таймауға  ант  алған.

6. Бейбарыс сұлтан әділет сарайын салдыртады. Ол сарайға әркім келіп, әділетке жүгіне алатын болған. Арыз-шағым беріп, ақ жол тілегендер әділеттің ақ сарайының алдын бермей, сол жердің жиі қонағы болған. Бейбарыс бұл сарайда ел-елдің елшілерін қабылдап, дипломатиялық қарым-қатынастар мәселесін  шешкен.

7. Бейбарыс Каир қаласында «Орда» деп аталатын ғимарат салдыртады. Ол жерде таза қыпшақ әдет-ғұрыптары, ойы­н-сауық дәстүрлері орнығады. Киіз үйлер тігіліп, ет асу, қымыз да­йындау, саба пісу, ән айтып, күй тарту адамдардың рухани сәнін келтіреді.

Бейбарыс сұлтан өмір бақи, тіпті  әмірші болған кезінде де тек қыпшақ тілінде сөйледі. Араб­тар  мен  тілмаш арқылы ғана қарым-қатынас жасады. Сондай-ақ, Ораза кезінде 5000 адамға ауызашар  да берген көрінеді. Медресенің жанынан жетімдер үшін Құран оқыту мектебін ашуы да  Бейбарыс  бабамыздың  тарихи тұлғасын  биіктете  түседі.

Оның қайырымдылығы, жақ­сылыққа болысуы бір төбе, ол Мәдина қаласындағы пайғамбардың зиратының қасында аурух­ана тұрғызып, оны жатып және келіп емделетін аурулар үшін қажетті дәрі-дәрмектермен жабдықтап тұрды. Осы аурухананы жыл сайын қасиетті жерлерге жіберілетін азық-түлік, май, балауыз және т.б. қажетті заттардың бір бөлігі келіп түсетін етіп реттейді. Пайғамбар қабірінің үстіне  қоршау  орнатады.

Сөйтіп мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына айналды. Онда Бейбарыстың атағы мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап шеккен елдің оған деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман дүниесіне ортақ жетіс­тіктер болып танылған жеңіс­терді ерекше бағалағандық еді. Оның үстіне өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысыр­лықтардың ұлттық санасының  мүдделерімен  сыйыс­пайтын  еді.

Қорыта айтқанда, Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүние­сі­нің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, яғни кейіннен қазақ атты ұлттық туының астына біріккен елдің ұланы болғаны, барша қазақ мақтан етер асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпағымыздың ардақ тұтуына әбден лайықты тарихи тұлға  деп  білеміз.

Өтеубай  ҚОЖАҚҰЛЫ,

тарих  ғылымының  докторы,  профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: