Пионер ұйымы мен оның батыр баласы Болатбекке 100 жыл толды.
1917 жылы бейбітшілік пен жер туралы Декрет қабылдаған большевиктер халық сеніміне кіріп алғасын, өздерінің басты қатесі дін туралы Декретті қабылдап, құдайсыз атейстік қоғам құруға бет алды. Ә.Жанкелдиннің басшылығымен құрылған «Қызыл керуен» мен Алма Оразбаева басшылық жасаған «Қызыл отау» сол кездегі батыстағы астанамыз Орынбордан шығыстағы Семейге дейін үгіт-насихат жүргізуінің бір мақсаты Қазақ АКСР-де осы Дін туралы декреттің орындалуын тексеру еді. Алайда қазақ халқының дінге деген сенімін патша үкіметі де өзгерте алмаған еді. Сондықтан большевиктер бұдан да шұғыл шараларды іске асыруды ойластырды, 1924 жылы 15 желтоқсанда БКП (б) Орталық Комитетінің Қаулысымен «Құдайсыздар Одағы» (Союз безбожников) қүрыла бастады. «Құдайсыздар Одағы» діни сарқыншық деп, халықтың әдет-ғұрыптарынан арылуға шақырды. Атап айтқанда, мектеп табалдырығын аттаған қазақ қыздарының шаштарын «санитарлық талапқа сай емес» деп бұрымдарын қырқыды. Баланы сүндетке отырғызуға, намаз оқуға, ораза тұтуға, Наурызды тойлауға діни-ескішілік қалдықтары деп тыйым салды.
Оның үстіне Совет одағын отыз жыл басқарған И.В.Сталиннің: «Социализм жеңген сайын тап күресі де күшейе түседі» деген қағидасы елді «үлкен террорға» ұшыратты. Өнер мен өнеркәсіпте, мәдениет пен әдебиет саласында «жаудың тіміскі әрекетін әшкерелеу» науқаны басталды. Кез келген салада жауды әшкерелеуге үлкен де, кіші де, белсене қатысу насихатталды. Өз әкесін органға ұстап берген Павлик Морозовтың ісі пионерлерге үлгі етіліп, мектеп оқулықтарына енді. Мектептің тарих оқулығында Павлик колхозда шошқа бағатын әкесінің өзінің жеке шошқаларына ғана дұрыс қарап, колхоз шошқаларына жем бермей қырғаны үшін әшкерелеп жау ретінде ұстап бергендігі, сол үшін атасы қолынан айуандықпен өлтірілгендігі жазылды. Ал, шындығында қалай болды?
Свердлов облысының Герасимовка деревнясындағы Павликтің әкесі Трофим Морозов ешқандай да шошқа баққан емес. Бастапқыда оны адал азамат ретінде білетін ауылдастары Трофимге сенім көрсетіп, колхоздың төрағасы етіп сайлайды. Қолына билік тигесін, оның бойында дүниеқоңыздық пайда болып, жер аударылып келген кулактардың мал-мүлкін иемденді. Ақшаға жалған анықтама сата бастады. Кешегі сіңірі шыққан кедейге дүние біткесін, кеудесін керіп ешкімді меңсінбейтін болды. Арақ ішіп алып әйелін сабады, мас кезінде ұлдарын белбеумен тәрбиелеуді де ұмытпады. Осыдан соң, үлкен жұмыс бітіргендей алшаңдап күйеуі шекарадағы қақтығыста қаза тапқан жесір келіншекке баратын болды. Әкесі парамен ұсталғанда Павлик шешесімен бірге куәгер ретінде сотта анасы мен інісін ұрып-соғатынын айтты. Кейін дәріптегендей ешқандай да органға арыз жазған жоқ, ұстап та берген жоқ, тек бүкіл деревня білетін шындықты ғана айтқан болатын. Тек әкесі сотталып кеткесін ғана Палик Морозов пионер қатарына өтті.
Еділ бойындағы аштықтан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия құрамына өтті. Әкесінің қарындасының күйеуі Арсений Кулуканов колхоздың астығын ұрлағанда әшкерлеуге арналған пионер жиыны-линейкасында айыптап сөз сөйлегені түбіне жететінін білген жоқ. Атасы Сергей Морозов, әкесінің інісі Данил Морозов, жездесі Арсений Кулуканов пионер Павликтің белсенділігіне кіжініп, қолайлы сәтті күтіп жүрді.
Бұл қанды оқиға 1932 жылдың 3 қыркүйегінде болған еді. Анасы қаладағы базарға кетіп қалғанда, 13 жастағы Павлик пен 7 жастағы інісі Федя екеуі орманға бүлдірген теруге барады. Қаны қарайған туған атасы Сергей немересі Павликтің ішіне пышақ сұғып алады, қансырап жатқан немересінің басын балтамен шауып алып, Федяның алдына лақтырып жібереді. Федя айқаламауы үшін Данил Морозов оның аузын алақанымен басып тұрған еді. Осы кезде жездесі Арсений пышақпен тамағын орып жіберді, үрейі ұшып тұрған бейшара Федя тіл тартпай кетті. Бұл жерде ешқандай да саясат болған жоқ. Атасы келіні мен пионерге өткен немересін жек көріп, баласы Трофим сотталып кеткен соң, бойында жыртқыштық қасиет оянып жүріп, кек қайтарды.
Бұл іске Сталин батасын берген соң, коммунистік идеология Павлик Морозов өлімінен революция ісіне шын берілгендіктің хрестоматикалық үлгісін жасады. Одақтас 15 республика да өз Павлик Морозовтарын қолдан жасап шығарды. Олар қазақ Болатбек Омаров, қырғыз Қышан Жакупов, армян Гриша Акопоян және т.б. Бүгінгі әңгіме батыр пионер деп ұзақ жылдар бойы біздерге үлгі қылған Болатбек Омаров туралы болмақ, сонымен батыр бала Болатбек кім?
Болатбек Омаров бүкілодақтық пионер ұйымы құрылған 1922 жылдың 19 мамырынан 14 күн бұрын, 5 мамырда Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Шоқпар станциясына таяу жердегі Қызыл-Шоқы деген жерде дүниеге келді, руы – Ысты. Жастай жетім қалғандықтан ағасы Сүйербек екеуі 1927 жылдан бастап Алматы облысындағы Қаскелеңдегі үлкен әпкесі Бағайшаның қолында тұрады. Жездесі Мүсірәлі Қиқымов мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың туған інісі еді.
1935 жылы Қазақстан комсомолы барлық пионерлерге ұжымдастыру науқанына көмектесуге Үндеу тастап шақырады. Бұл үндеуге бірінші болып Қаскелең ауданының пионерлері қолдау көрсетіп, ұжымдардағы малдарды аман өсіруге міндеттеме қабылдайды. Жас тілшілер үйірмелері ашылып, онда мемлекет мүлкіне пионерлерді қырағы болуына шақырды. Ұжымдағы малдар бұрынғы бай-кулактардың тәркіленген малдары болғандықтан, оларға қырағы болуға шақырды, оған негіз бар малынан айырылған кулактар амалсыз колхозға кіріп, тартып алған малдарын басқалар сияқты бағатын, реті келсе у беріп, не басқаша тәсілмен өлтіріп отырды. Осындай әрекетті байқаған пионер белсендісі Болатбек Омаровтың 1934 жылдың 26 шілдеде республикалық «Қазақстан пионері» газетінде «Сторожев біздің торай өсіруімізге кедергі жасайды» деген мақаласы шығады, нәтижесін тексеріп НКВД бұрынғы кулак Сторожевті тұтқындайды, қазақтың қаршадай баласы осылайша өзіне жауларын тауып алады. Ол, оны әрине білген жоқ, сол жылы Алматы қаласында пионерлердің республикалық слетіне 220 делегаттың бірі болып Қаскелең ауданынан Болатбек Омаров, біздің Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан Ержігіт Бақтияров қатысты. Келесі жылы пионерлердің 2-ші слетінде Болатбек жалынды сөз сөйледі. 1936 жылы Қара теңіз жағасындағы бүкілодақтық «Артек» пионер лагерінде демалып қайтты. 1938 жылы 26 тамызда ұжымшардың малын бағып жүрген жерінде, өштескен тап жаулары Болатбек Омаровты өлтіріп кетті, кім өлтіргені де анықталған жоқ. НКВД тарапынан іздеуге де құлық болған жоқ, себебі 1937 жылы жездесі Мүсірәлінің ағасы Ораз Жандосов «халық жауы» ретінде атылған болатын. Кезінде батыр пионер ретінде бүкілодақ бойынша дәріптелген Болатбек Омаровтың есімі ұмтылып кетті. Арада 25 жыл өткен соң журналист Мұхамеджан Етекбаев «Қазақстан пионері» газетінің 1963 жылдың 30 наурызындағы санында «Болатбек батырды кім біледі?» деген мақаласы шыққан соң, республика бойынша үлкен сілкініс туғызып, батыр пионердің есімі ақталып ескерткіш орнатылып, М.Етекбаевтың «Болатбек» деген кітабы шықты. Ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне, сазгер Әбілахат Есбаев «Батыр бала Болатбек» деген тамаша ән шығарды. Бұл әнді оқырмандардың барлығы да жатқа біледі деп ойлаймын:
«Жасырынып торып жүрген аймақты,
Қас дұшпанды батыр бала байқапты.
Арыстанша арпалысып тайсалмай,
Жалғыз өзі жаудың күшін жайратты».
Болатбек ешқандай да «жасырынған» жауды да, «қас дұшпанды» да байқаған жоқ, «арыстанша» жалғыз өзі арпалысқан жоқ, бар болғаны кулакты әшкерелеп газетке мақала жариялап, сол бойынша органдар кулак Сторожевті қамаған болатын. Бұл жерде өз малын ешкімге бермеген кулактың әрекетін қазіргі заманда ақтауға жатады. Кулак деген өз еңбегімен байыған ауқатты шаруа, оның малын совет мемлекеті тартып алып ұжымға берді. 1959-1997 жылдар аралығындағы ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша мемлекет меншігі заңмен қорғалса, 1997 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық Кодексі ең алдымен жекеменшік құқығы заңмен қорғалады, сондықтан осы заманғы заң кулак Сторожевтің жағында. «Мал ашуы – жан ашуы» деген қазақтың мақалы осындайда айтылса керек. Әнді ары қарай жалғастырайық:
«Ерлігіңді біледі ел,
Ұмытпайды сүйеді ел,
Батыр бала, батыр бала Болатбек,
Батыр бала қырандай боп көрінер».
Қазіргі мектеп оқушылары Болатбек туралы әнді де, оның ерлігін де білмейді. Халықты өздерінің ықпалында ұстап тұру үшін «Ми шаюдың» шектен шыққан түрі Павлик Морозов пен Болатбек Омаровтың жалған бейнесі коммунистік идеологияға қажет болды. Сол кездері насихат адамдарды сөз жеткізу мен ұстап беруге ашық итермеледі, оларды жалған қырағылыққа шақырды. Болуы мүмкін әртүрлі жаудың тіміскі әрекеттерінен сақтануға шақырған плакаттар барлық жерде ілулі тұрды. Байқамай айтылған сөзден кей адамдар жазықсыз тұтқындалып жапа шекті. Адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігі орнады.
Бұл жерде ақын Н.Әлімқұлов пен сазгер Ә.Есбаевта ешқандай кінә жоқ, екеуі заман талабына сай «Батыр бала Болатбек» атты тамаша әнді дүниеге әкелді, бірнеше ұрпақ осы әнді жаттап шырқап өсті.
Тап жауларын әшкерелеу үшін керек болған, әке мен баланы бір-біріне қарсы қою үшін ойдан шығарылған Павлик Морозов пен Болатбек Омаровтың жасанды бейнесі – қазіргі көзқараспен қарағанда сатқындықтың үлгісі. Ал, жасанды нәрсенің ғұмыры да қысқа болатынын өмірдің өзі көрсетті.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!