Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ату  үкімін  орындаған  Жүнісов  деген  кім?

20.02.2026, 16:40 84

HALYQLINE.KZ

Өлім жазасын қолдану қазаққа да жат нәрсе емес. Тәуке хан кезінде қабылданған «Жеті жарғы» дала заңы бойынша адам өлтірген және әйел зорлаған адамды және жеті атаға жетпей үйленген жұптарды өлім жазасына кескен. Соңғысына мысал ретінде «Абай жолы» романындағы келінімен жұбайлық қатынаста болған Қодар мен Қамқаны таспен ұрып өлтіргенін айтуға болады.

СССР кезінде 1970-1990 жылдары ату жазасы СИЗО немесе түрменің жертөлесінде орындалып отырған. Қазақстанда 26.12.1991 – 01.01.2004 жылдар арасында 536 адамға ату жазасы орындалған. Бұл тізімге Алматыдағы Ұзынғаштағы әйелдер етін жеп, бүкіл одақты дүрліктірген Николай Жұмағалиев енген жоқ. Оған сот ату жазасын бергенімен, ақыл-есі дұрыс болмаған соң, өмір бойы түрмеге отыруға үкім шықты. Қазір 70 жастағы Николай Жұмағалиев ақыл-есі дұрыс еместерді емдейтін Ақтас поселесіндегі психикалық диспансерде жазасын өтеп және емделіп жүр. Екіншісі кезінде бүкіл Алматыны дүрліктірген, бұрын милиционер болған, банды басшысы Сергей Копайға да ату жазасы берілген болатын. Бұлар Сайн көшесіндегі жезөкшелерді алдап түсіріп, қажетін өтеп болғасын, оларды сойып, етінен кәуап жасап, Никольский базарында әйелдері сатқан болатын. Бұлар да ату жазасын күтіп жатқанда 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап президент Н.Назарбаевтың ату жазасына мораторий жариялағадығы туралы Жарлығы өз күшіне енген болатын. Қазір Сергей Копай бандасы Қостанай облысындағы аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеуде.

Ал енді, Жүнісов деген кім? Соған келейік. Сот ату жазасына үкім шығарған соң, оны орындайтыны белгілі ғой. Бірақ кім «мен ату жазасын орындаушы болдым» деп айта алады? Жариялылыққа байланысты мен сталиндік репрессия кезіндегі біраз жендет туралы жазған да болатынмын.

Бірақ қазіргі кездегілер туралы ешқандай дерек көзі жоқ деп жүрсем, бар екен! Ол Әзербайжан Республикасындағы МВД-ге қарасты УА-38/1 УИТУ түрмесінің үш жылдай бастығы болған Халид Махмутұлы Юнусов (Жүнісов) болатын. Бакуден шығатын «Зеркало» газетінің №19 (504) (мамыр 1997 ж.) санындағы сұхбатын толық аударып, сіздерді жалықтырмай-ақ, өз сөзіммен жеткізуге тырысайын.

Жүнісов өз сөзінде «потолоктан» кейін қосымша түрме бастығы болса, полковник шені берілетінін жасырмай айтады. Бірақ шыдамы 2,5 жылға ғана жетіпті. Сонымен сот ату жазасын берген соң, қылмыскер Жоғарғы Кеңеске кешірім беруі туралы өтініш жазуға құқылы екен. Ол жақтан жауапты 3-6 айға дейін, кейде бір жылға дейін күтеді екен. Жоғарғы Кеңестен ату жазасы өзгертілмейтіні туралы жауап келгеннен соң адам бірден өзгеріске ұшырайды. Салмағы бірден азайып кетеді, қазақша айтқанда ішкен тамағы бойына жұқпайды. Бұрын жазылып кеткен аурулары қайтадан ушығып асқынып, қан қысымы көтеріліп кетіп, өліп кететіндері де болды.

Ең сұмдық көрініс үкім орындалатын күні, түрменің жертөлесіне апара жатқанда болады. Қайда бара жатқанын білгендіктен зар еңіреп жылай бастайды: «аясаңдаршы мені», «менің өлгім келмейді», т.б. сөздерді айтып, есік алдына келгенде кіргісі келмей, есіктің екі жақтауынан ұстап тұра қалғанда, күшпен ішке итеріп кіргізіп жібереді. Негізінен үкімді «Макаров» тапаншасымен орындағанымен, Жүнісов наган деп аталып кеткен револьвермен атқан екен. Ішке кіріп тынышталған кезде адамның құлақ тұсындағы желкесінен атып қалады. Себебі, адам қиналмай өліп кететін болған.

Үкім орындалып болған соң, оған акт жасалып, прокуратурадан, есепке алатын милиция өкілі, өлгендігі туралы қорытынды жасайтын дәрігер қол қоятын болған. Бірде жас жігітті бөлмеге итеріп кіргізіп жібергенде, етпетінен құлаған ол қозғалмай қалғанын көрген дәрігер қарап болып, «бұған акт жасай беруге болады, камераға кіргенде жүрегі жарылып кеткен» деген екен.

Ал, мал ұрлап жатқан қылмыс үстінен шығып қалған екі милиционерді атып өлтірген, бір зор денелі бугай-қарақшы камераға кірмей қарсылық көрсеткенде жабылып, қолына кісен салып итеріп кіргізеді, наганмен басына үш рет атқанымен жүрегі біразға дейін соғып тұрғанын да көрген болатын.

Лимонад заводының директоры да ірі көлемде мемлекеттің қаражатын талан-таражға салғаны үшін атылар кезде: «өз ісіме жауап беремін, дұрыс үкім» деп қарсылық көрсетпеген. Ал, нахичевандық директор да мемлекет қаражатын талан-таражға салғаны үшін ату жазасын күтіп жүргенде, 11 баласы бары ескеріліп, кешірім жасалынып, ату жазасы 15 жылға ауыстырлаған кезде: «он бір баламның бетіне қалай қараймын, ату маған лайық жаза еді ғой» деген екен.

Журналист «осы қызмет үшін қандай артықшылық болды?» деп сұрағанда, «ату күнгі командаға әр тоқсан сайын 100 рубль, үкімді орындаған маған әр тоқсан сайын 150 рубль қосымша жазылды, жыл сайын курортқа тегін жолдама беріліп, жүйкені қалыпқа келтіруге жағдай жасалынды» деген екен. Жүнісовтың айтуынша, көбінің жүйкесі шыдамай емделген соң, басқа қызметке ауыстырылады екен.

Халид Жүнісовтың жүйкесі бес жылға жетпей, 2,5 жылдан кейін доғарысқа (отставкаға) шыққан екен. Отбасындағы әйелі күйеуінің түрінен-ақ қандай қызмет жасап жүргенін білгенімен, ешуақытта сұрамаған көрінеді.

Суретте: Совет одағы кезінде атылған үш әйелді көріп отырсыздар. Олар 15 балаға у беріп өлтірген Тамара Иванютина, соғыс кезінде немістерге сатылып, жендет ретінде 168 адамды атып өлтірген, «Таня пулеметші» атанған Антонина Макарова және үйін тінткен кезінде 580000 рубль шыққан сауда қызметкері Белла Бородинина.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы-дайджест,

Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: