Анна Германның күміс-хрустальдай дауысын әлем біледі, ЮНЕСКО оны ХХ ғасырдың ұлы әншісі деп жариялаған болатын. Бірақ әншінің бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында мектеп табалдырығын аттағанын білмейді екенбіз
Анна Герман 1936 жылдың 14 ақпанында Өзбекстан ССР-нің Үргеніш қаласында ұлты неміс Евгений Фридрихұлы Германның отбасында дүниеге келеді. Үргеніш нан заводында есепші болып істеп жүргенде тұтқындалып, 1937 жылы атылып кетеді. Жаудың отбасы болғасын қудалау басталады, 1942-1944 жылдары Ташкент, Бұқара, Қырғыз ССР-нің Орловка мен Ленинполяда тұруға мәжбүр болғанмен, ол жақта да қуғындалып, 1945 жылы сол кездегі Жамбыл (Тараз) қаласына келеді. Анна Герман осында Некрасов атындағы №37 мектептің 1-сыныбына барды, анасы Ирма Мартенс мамандығы бойынша осы мектепте неміс тілінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Тараз қаласындағы қазіргі «Тюльпан» мейрамханасына қарама-қарсы қазынаның үйлерінің бірінде әжесі үшеуі тұрып жатады. Сол Жамбыл қаласына жер аударылып келген польяк офицері Герман Бернерге тұрмысқа шығып, неке туралы куәлік алғасын польяктің әйелі ретінде Польшаға репортацияға ілігіп, еліне көшіп кетеді, осылайша Герман отбасын ұлты польяк Герман Бернер аман алып қалады.
1979 жылы Варшавадан жер үй сатып алу үшін ақша керек болғасын Анна Герман СССР Мәдениет министрлігінің гострольге келу ұсынысын қуана қабыл алады. Совет халқы оны жақсы көретін еді, гострольдік бағдарламасына Ташкент, Бұхара, Алматы, Жамбыл қаласын өтініш айтып қостырады. Бүкілодақтық «Мелодия» грамжазба студиясының музыкалық редакторы Анна Качалина келер алдына сұхбат алғанда: «Жамбыл қаласын неге таңдадыңыз?» деген сұраққа: «Жамбыл – менің қалам, мен осы қалада мектеп табалдырығын аттадым» деуі, Қазақстанда үлкен ажиотаж туғызды. Жамбыл қаласы алдағы кездесуге қызу дайындала бастады. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 1979 жылдың сәуір айында Алматыдағы концертінен соң Жамбыл қаласына келіп «Жамбыл» қонақүйінің люкс бөлмесіне орналасады. Концерті Жамбылдағы «Химпром» мәдениет сарайында үлкен аншлагпен өтеді. Билет күні бұрын сатылып кетіп, концерт болатын күні 20 есе артық бағамен сатып алуға мәжбүр болды.
Сол күндер туралы Раиса Рысқұлбекова былай деп еске алады: «Демалыс күн болатын, модельер Тамара Ткаченко екеумізді тігін фабрикасының директоры Эльвира Дубинина шақырып алып, қаламызға Анна Герман келіп концерт қойған кезде, құрмет көрсетілер кезде қазақтың ұлттық көйлегі мен камзолы және бөрік кигізілетінін айтты. Айтылған уақытта жиегі ақ норкамен көмкерілген бөрік, қамажай көйлегімен көк камзол дайын болды. Анна Герман өте бойшаң болатын, сондықтан өлшемін көз өлшеммен тіккеніміз дәл келді». Осындай ұлттық киімін өзбектер де тігіп әншіге кигізіп суретке де түскені интернетте бар, ал қазақтардың түсірмегені өкінішті әрине, әлемдік деңгейдегі әнші Жамбылға жылда келе бермейтіні белгілі ғой. Оның есесіне жергілікті өнерді бағалаушылар Герман тоқтаған «Жамбыл» қонақүйінің қабырғасына мынадай мәрмар тақта орнатты: «Мемориалдық тақта ұлы әнші, біздің жерлесіміз Анна Германның құрметіне орнатылды» деп жазылды. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық тарихи және өлкетану мұражайында әншіге арналған бұрыш ашылды. Бұл екі елеулі оқиға ТМД бойынша Қазақстанда бірінші рет 2013 жылы ұлы әншіні ұлықтаған болып есте қалды. 2023 жылы 26 тамызда Үргеніш қаласында Анна Германға ескерткіш ашылғанын бұған дейін жазған болатынмын.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!