Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Американың мәңгілік трагедиясы

17.09.2021, 11:00 423

HALYQLINE.KZ

2005 жылы Вашингтондағы Пентагон-ситиде, Нью-Йоркте терактілер эпицентрінде болып, ойран болған әскери нысанды, екі алып ғимараттың үңірейген орнын өз көзімізбен көрдік. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің Нью-Йорктегі бөлімшесінің өкілі Джей Кериг (суретте ортада тұр) бізді қайғылы оқиға болған жерге ертіп апарып, ұшақтың Бүкіләлемдік сауда үйіне қалай соғылғанын әңгімелеп берді.

Пентагон-ситидің  құпиясы

Жұма күні Потомактың арғы бетіндегі Пентагон қалашығына баруымызбен есте қалды. АҚШ-тың Қарулы Күштерінің ордасы – осы қала. 1993 жылы 50 жылдығын тойлаған ғимарат 20-шы ғасырдың құнды құрылыстарының бірі саналады. Заманында Франклин Рузвельттің өзі бес жұлдыз кейпіндегі үлкен үйдің жобасын мақұлдаған көрінеді. Оған дейін әскери департамент Вашингтон мен Вирджиния штатындағы 17 үйде шашырап жатқан еді. 1941 жылы 11 қыркүйекте Джордж Бергстремнің жобасы бойынша бас инженер Сомервелдің құрылысшылар бригадасы 40 мың адамдық әскери кеңсені тұрғызуға кіріседі. 16 айдың ішінде 5 қабатты (оның екі қабаты жер астында) айнала ұзындығы 17,5 мильге созылған Пентагон бой көтереді. Құрылысқа 49,7 млн АҚШ долары жұмсалған. Бұл күнде өз электр станциясы, су құбырлары, өрт сөндіру бөлімі мен полициясы, балабақшасы мен дүкендері, кафетерийлері мен барлары, мұражайлары, тіпті «мэриясы» бар Пентагонды қала деп атауға әбден болады. Таңертеңгілік сағат 8.00-де «домалақ ғимаратқа» ендік. Мемдептің осындағы шетелдік қонақтарды қабылдау қызметінің бастығы Терри Дэвидсон қарсы алды. Түске дейін подполковник Пол Уатсонмен, Қорғаныс министрлігі баспасөз орталығының қызметкері, капитан Рэнди Сандозбен, «CNN»-нің Пентагондағы тілшісі Джимми Маккентауэрмен кездестік. Тағы да танысулар, тыңдаулар, сұхбаттасулар…

Уақытымыздың жартысын экскурсияға арнадық. Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд пен Мемлекеттік хатшы Колинн Пауэлл жиі-жиі сөз сөйлейтін мәрмәр мінберге шығып, суретке түстік. Д.Рамсфельдтің орынбасары Полл Вульфовицтің бөлмесінің тесігінен сығаладық. Баспасөз қызметі біздікіне мүлдем ұқсамайды. Мына қызықты қараңыз, тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін (әрине ауысыммен) американдық әріптестеріміз кез келген сауалға 4 сағат ішінде жауап қайтаруға асығады. Шынымен де біздегідей жайбарақаттық, сүлесоқтық, бюрократтық деген атымен жоқ. Тіпті, министр Рамсфельдті дәлізде «ұстап алып», «сұрақтармен қылқындыруға», қаласаң есігін теуіп кіруге де қақылысың. Жауаптан жалтарғыш, менмен министр бұл елдікі емес.

Дәлізбен ұзақ жүрдік. «Қаралы қыркүйекте» Пентагонға ұшақ соғылған жерде мемориал-тақта тұр. Бұл – Американың мәңгілік трагедиясының белгісі іспетті. Тақта алдында – қанды қырғыннан қаза болғандардың тізімі жазылған қара кітап. Онда айтып келмеген апаттан көз жұмған 184 адамның есімі ойып жазылыпты. Қасірет құрбандарының қатарында жас та, кәрі де бар. Көз алдымызға абдыраған адамзатты террор атты тажал шошытқан күн келді. Қапы қалған супердержаваның қайғысын көрген үрей үстіндегі әлем әлі күнге ашық аспанға қорқынышпен қарайды. «Ғасырдың терактісінен» соң есін жия сала АҚШ террордың шоғын көсеген елдердің «қара тізімін» жасап, ғаламдық тажалға қарсы аяусыз соғыс ашты. Мыңжылдықтың қылкөпірінде қорғаныс саласы сыр берген соң, айбатты елдің Конгресі әскери бюджетіне қосымша 87 млрд доллар бөліпті. Ал Пентагонның жылдық бюджеті бүгінгі таңда 400 млрд  АҚШ долларын құрайды. Қарулы Күштерде 1,4 млн-ға жуық ерлер мен әйелдер қызмет етеді. Соның ішінде, 500 мыңы – жырақтағы әскери базалар мен «ыстық нүктелердегі» солдаттар. Төтенше жағдай туа қалса, оларға 900 мың «резервистер» қосылады. Қорғаныс министрлігінде 800 мыңға жуық әскери емес адамдар тағы бар.

Терроризмнің  табанындағы  тас  қала

Бейсенбіде ертемен Нью-Иорктегі күндеріміз ашылды. Әуелі Нью-Иорк университетінің сарапшы-лекторымен, Мемлекеттік департаменттің Нью-Иорктегі бөлімшесінің өкілі Джей Керигпен кездестік. Джей бізді «қаралы қыркүйек» оқиғалары болған жерге ертіп барды. Өзі сол күні ертемен автобусқа мініп, күнделікті әдетімен жұмысқа келе жатқанда ұшақтың соғылғанын көзімен көріпті. Жұрт «егіздер» деп атап кеткен бүкіләлемдік сауда үйінің қос ғимаратының үңірейіп қалған орнына жақындағанымызда Джей оқиғаның қалай болғанын әңгімелей жөнелді.

Джейдің әңгімесі:

«Терактілер эпицентрінің айналасында шамамен 35 мың адам тұратын. Қыркүйектің сол бір қасіретті таңы түнеріп атты. Аспанды қарақошқыл бұлттар жаулап алғанда-ақ, адамдар бір сұмдықтың болатынын сезгендей үрейленіп еді. Мен күндегі әдетіммен автобусқа отырып, жұмысқа келе жатқанмын. Кенет орталықтағы тоннельден өте бере көліктің терезесінен «боевик» кинолардағыдай сорақы суретті көрдік. Алғашқыда ешкім оқиғаның байыбына бара алмады. Бірінші ұшақ үлкен үйге соғылғанда оны аңтарылған ел «бақытсыз оқиғаға» жорыды. Ал, екіншісі соғылғанда ғана бұл адамға адамның қолымен жасалған апат екенін аңғардық. Іле-шала зәулім қала қалың өрт құшағына оранды. Сауда үйіне күн сайын ертемен 300 мың адам метромен келетін. Солардың көпшілігі ажал құшты. Өрттен кейін температура Цельсий бойынша 1500-ге дейін көтеріліп, адамдар көз алдымызда тұншығып құлап жатты. Ауаны қоңырсыған иіс жайлады. Бірінші жарылыстан соң өрт сөндіргіш жүйе мүлдем өшіп қалды. Қаланы қараңғылық торлағанда ыңырсып айқайлаған, көмекке шақырғандардың азалы үндерінен маңай күңіреніп тұрды. Ертесіне құлаған үйдің бөлшектерін алыстағы Бруклендтен көргендер көп. Алғашында БАҚ опат болғандардың санын бірнеше есе өсіріп, бұрыс ақпар таратты. Өлгендердің нақты саны – 2 937 адам. Қалың өрт бір айға дейін тоқтамады».

Жан-жағы темір дуалмен қоршалған жерге жеттік. Ойран болған екі алып үйдің орны алапат қырғыннан хабар бергендей үңірейіп-ақ тұр. Әлі ештеңе салынбапты. Қоршаудың көше жағында жылтыр тас ғана тұр. Қабырғада қайғылы күндердің суреттері, опат болғандардың тізімі жазылған тақта ілулі. Одан бері үш жыл өтсе де, құдіретті қаланың жан жарасы жазылмапты. Жүрегі қайғыға толы. Ертеңіне де үреймен көз тігетін тәрізді.

Тас белгінің тұсына суретке түстік. Қайтар жолда Джей терактілерден соң АҚШ-та мұсылмандарға деген өшпенділіктің қатты өршігенін айтты. Көше-көшеде, көліктерде, бақтарда арабтар мен мұсылмандарды соққыға жыққан оқиғалар жиілеп кеткен. Тіпті, өмірін сақтап қалу үшін мұсылман әйелдері бастарына АҚШ-тың ала туы бейнеленген орамал байлап жүріпті.

Күндер зымырап өте берді. Жұмада «Нью-Иорк дейли ньюс» газетінің фототілшісі Дэвид Хандсшухпен жүздестік. Дэвид 11 қыркүйек күні оқиға ортасында болып, суретке түсіріп жүргенде құлаған үйдің астында қалған. Өзінің айтуынша, татар дәмі таусылмапты. Құтқарушылар есі кіресілі-шығасылы жатқан жерінен жедел ауруханаға жеткізеді. Кейіннен бір аяғынан жүре алмайтындай күйге түскенімен, тағдыр жігерлі жігітті жасыта алмаған. Қазір сол күнгі ерлігін еске алудың қиынға түсетініне ғана мұңаяды.

Бұл күнгі кездесулер бір-біріне ұқсап кетті. Аса тәкаппар, кірпияз мінезді Алексей Бережковпен және бойы 2 метр, кішіпейіл әріптесіміз Юрамен ИТАР-ТАСС-тың Нью-Иорктегі бөлмшесіне барғанда таныстық. Юра терактілер кезінде басынан ауыр жарақаттанған. Оның әңгімесі былайша түзілді:

«Қайғылы күндердің суреттері әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Әсіресе, алғашқы минуттарда өте қорқынышты еді. Зәрелері зәр түбіне кеткен адамдар басы ауған жағына қашып жатты. Өрт сөндірушілердің өкіріп жылағандары, азалы дауыстар анық естіліп тұрды. Қасіретке тап болған шарасыз жандардың реакциясы өте аянышты еді. Бір байқағаным, өз еріктерімен көмекке ұмтылғандар көп болды. Ақ орамалмен бастарын таңып алғандар ширақ қимылдап жүрді. Тура көзіміздің алдында адам денелерінің бөлшектері шашылап жатты. Мен куә болған көріністерді аппаратыммен хабар қабылдау орталығына жеткіздім».

Кеш батқанша тағы екі кездесу өтті. Джон Джей атындағы университет жанындағы терроризммен күрес және мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі орталықтың профессоры, тарихшы-психоаналитик Чарльз Строзермен мәслихатымыз мағыналы да әсерлі шықты. Психоаналитиканың майын ішкен қарт профессор Джордж Буштың, Саддам Хусейннің, Усама бен Ладеннің қысқаша психологиялық портреттерін сомдады.

«Усама бен Ладен – харизматикалық лидер. Ол аса кірпияз әрі сауысқаннан сақ адам. «Әл-Кайданың» ойшылы. Қазір Пакістанда өмір сүруде. Өзін кезінде КСРО-ның ыдырауына да себепкер болғандардың бірі деп есептейді. Оның 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа жойқын шабуыл жасауы – қатты дамып бара жатқан Батыс қоғамынан үрейленуі деседі»…

Төлен  Тілеубай.

(«Аласапыран Америка» атты жолсапар очеркінен ықшамдалып алынған нұсқасы)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: