Көрнекі фото: ашық дереккөзден
Бұл оқиға 1966 жылы 11 тамызда Челябинск облысы, Пласт қаласында болды. Екі баланың анасы Раиса Боровкова (фото-1) пошта бөлімшесіне ашылуы бойына асығыс жетіп барды. Себебі, кеше оған сәлемдеме (посылка) келді деген хабарламаны пошташы үйіне әкеліп тапсырған-ды. Астанада тұратын інісінің апасына қалбырдағы импорттық кофе және жиендеріне тәтті кәмпиттер жіберіп тұратын әдеті бар еді.

Сол жерде-ақ ашып көргісі де келген. Бірақ сәлемдеменің қайдан жіберілгені әдеттегідей жазылмағанына таңғалса да, інісі асығыс болған шығар деп, оған мән бермеді. Үйіне де асығыс келді, поштаға барар кезде көрші екі кемпір төрт жастғы Валера мен екі жастағы Коляға қарап қалған болатын.
Үйге кірісімен екі кемпірге «қазір бразиль кофесін ішеміз» деп, салмағы шамамен 4 келідей болатын сәлемдеме қорабын асханадағы стол үстіне қойды, қасында екі кемпір мен Валерасы да столға бойы жетпесе де, аяғының ұшын көтеріп тұра қалды. Қорапты ашқан кезде, ішінен қалың қағазға оралған шағын балетка чемоданы шықты. Чемоданды ашып қалғанда, үлкен жарылыс болды. Көршілері жарылыстан бәрі далаға шыққанда «Сибирский» көшесінің бұрылысындағы бөренеден соғылған орыстың №4 үйінің орнында үйінді ғана жатты (фото-2).

Алас-қапас болып жатқанда есін жинаған көршілері 01, 02, 03 қызметін телефонмен шақырды. Үйінді арасынан екі жастағы Коляны аршып алды, жарылыс болғанда дәлізде өзімен-өзі ойнап отырған екен, баланы «жедел жәрдем» алып кетті. Адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бұл үйде Раисаның анасы мен ағасы Анатолий қысқа азық болатын саңырауқұлақ теруге орманға кеткен болатын.
Милициядан келгендер жарылыс неден болғанын білмей дал болды. Ақау болып атылатындай үйде газ болмай шықты. Раиса тамақты примусқа жасайтынын білді. Екінші нұсқа соғыс кезінде жарылмай қалған снаряд болуы мүмкін деген нұсқаны мамандар зерделей келе жоққа шығарды. Соңғы сәтте «сәлемдеме ішінде жарылыс заты болды» деген нұсқа бойынша іздестіру жұмыстарын бастап кетті.

Ең басты күдікке, әрине, ажырасап кеткен Раисаның күйеуі, екі баласының әкесі Иван Боровков ілікті (фото-4). Ол Пласт қаласынан 250 шақырым жердегі Катав-Ивановск қаласында тұратын болып шықты. Қаралы хабарды естігенде өкіріп жылап, есінен танып қала жаздады. Қайғыдан есі ауысып кеткендей болған Иванның үйінен милициялар шығайын деп жатқанда көршісі келіп хат беріп жатып: «Ваня, саған қайдан келгені жазылмаған біртүлі хат келді» деп ұсынып жатқанда, хатты бірінші болып алған тергеуші конверт сыртында Ташкент қаласындағы пошчта штемпелі басылған екен, ашып қараса, шынымен бүртүрлі екен, ішінде ақ парақтың өзі ғана шықты, ешнәрсе де жазылмаған. Жаңа ғана қайғыдан өліп кете жаздаған Иван Бороковтың түрі бірден өзгеріп кетті. Иван «менің Ташкентте ешқандай танысым жоқ» дегенмен, тергеушілер Бороковқа Ташкенттен бос конверт босқа келмегенін бірден біліп, басты күдікті ретінде қамауға алынды.
Осыдан кейін тергеу жұмысы басталып кетіп, сәлемдеме Ульяновск қаласынан жіберілгені белгілі болып, Ульяновск қаласындағы поштадан басталды. Пошта қызметкерінің айтуы бойынша сәлемдемені әкеліп тапсырған 12 жастағы қыздың фотобейнесі жасалынды. Фото суретті поштаға қарсы дүкен сатушысы таныды. Себебі, қаршадай қыздың қолында тұтастай «четвертак», яғни 25 сом болып, біреудің тапсырмасы бар еді деп, асығыс шығып кетіпті. Ол қыз да табылды, бірақ сәлемдемені «Пласт қаласындағы апама салшы, мен үлгіре алмаймын» деп, бір әйелдің 25 сомды қолына асығыс ұстатып кеткенін айтты. Бірақ кішкентай қыз ақша мен сәлемдеме берген белгісіз апайды суреттеп бере алмады.
Осылайша іс тығырыққа тірелгенде, Челябинск облысы бойынша Пласт қаласындағы қанды оқиға ауыздан-ауызға айтылып жатқанда, бұл қауесетті Катав-Ивановскіде тұратын қырағы пионер Миша Собакин де естіп, милицияға бірден өзі келді. Миша оқиға болатыннан бір күн бұрын көшеде бір әйел келіп «посылкаға мына адресті жазып берші, мен қате жазуым мүмкін» деп жаздырып алған екен. Жас болып қалайша сауаты жетпейді деп күдіктенген қырағы пионер Миша әйелдің соңына түсіп, поштаға кіреді. Жеделхат салатын жерде дауыстап мынадай мәтінде жеделхат салғанын естіп есінде сақтап қалыпты: «Ульяновскіге поезд сәрсенбі күні келеді. Күтіп ал Васенкова». Із кесушілер бүкіл ел бойынша Васенковтар туралы деректерді іздегенде бұрын Челябинскіде дүниеге келіп, қазір Ташкентте тұратын Клавдия Васенкованы (фото-3) тергеуге алғанда, ешнәрсе жасырмастан жақында Катав-Ивановскіде өзінің таныс жігітінің үйінде болғанын айтты. Сол туралы толық айта бастағанда, жіп бірте-бірте тарқатыла бастады. Төсектегі мауқылары басылған соң, жігіті Клавдия Васенковаға бір қорап беріп, жолда Ульяновскіге тоқтағанда Валентина Химанова деген әйел күтіп алады, соған тапсырарсың, сосын Ташкентке барған соң жігіті маған таза қағаз салынған хат сал, содан мен посылканың иесіне барғанын білемін дейді. Өздеріңіз де білген шығарсыздар, жігіті деп отырғаным Раисаның ажырасқан күйеуі Иван Боровков еді.

Алғашқы рет милициялар үйінде болғанда бос конверт келгенін көріп, Боровков қатты қобалжып кеткен болатын. Сәлемдеменің алған Валентина Химанова да Боровковтың ашынасы болатын. Сәлемдеменің салмағына қарап бірнәрсені сезді ме, сыртына мекенжайды өзі жазбай көшедегі бірінші кездескен балаға (пионер Миша Собакинге) жаздырып алды. Сәлемдемені өзі салуға қорқып, тағы да көшедегі қызға 25 сом ақша беріп салғызады. Ол қыз поштаға бара жатып, шыдамай қасындағы дүкеннен тәттілер сатып алған кезде, тұтастай «четвертак» ақшаны кішкентай қыздың қолынан көргесін, сатушы да есінде сақтап қалды. Осылайша бейкүнә кішкентей қыз «шешем жұмыста еді, посылканы маған сал деді» деп, Пласт қаласындағы Раиса Борокованың мекенжайына салып жібереді.
Иван Боровков өзінен тоғыз жас кіші Раисамен 1962 жылы танысып үйленді, алдымен дүниеге Валера келді, екі жылдан кейін екінші ұлы Коля келді. Ажырасу себебі Иван қатынқұмар (бабник) болып шықты. Бұған көнбеген Раиса 1965 жылы сотпен ажырасып, Катав-Ивановскіден өзінің Пласт қаласындағы шешесінің қолына екі баласымен қайтып келді. Бір жылдай алимент төлеген Иван өзінің отбасынан құтылғысы келіп, осындай әрекетке барды. Ол үшін Катав-Ивановскідегі тас карерасыдағы жұмысшы Аркадий Согорининмен танысу үшін бірге арақ ішіп, лезде дос болып кетеді. Сол Аркадийден маған балық аулауға жарылғыш зат керек еді деп, екі жартыға 4 кг жарылғыш зат алып келіп, сарайында мотоцикльдің аккумуляторы арқылы жарылатын қондырғыны істеп, оны шағын балетка деп аталатын қол чемоданына орнатады. Чемодан темірін сырт етіп ашқан кезде аккумулятордан шыққан ұшқын порохты тұтатып, жарылыс болатын еді.
Сот Иван Бороковқа ату жазасын, Валентина Химанова мен Клавдия Васенковаға 12 жыл береді, ал жарылғыш зат сатқан Аркадий Согорининге 4 жыл берді. Валентина мен Клавдия бір еркекпен төсектес болып жүргенін сотта ғана білді. Міне, өзінің туған ұлдары үшін жалақысынан ұсталатын алиментті бергісі келмеген сараң әрі жауыз әке Иван өз балаларынан осылай құтылмақшы болған еді.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!