Өздерін аса мәдениетті, өте өркениетті, тым білімді әрі шексіз-шетсіз саналы санайтын кей батыстықтар бір мемлекет атауында «стан» деген жалғау болса, ол ел барлық жағынан ең артта қалған ел деп санайды екен. Стан сөзінің мән-мағынасы ЕЛ дегенді білдіретінін білмей ме, білсе де «жай» айта салғаны ма, кім білсін. Еш негізсіз айтылған сол сөзді құлағы шалғандар кезінде біздің мемлекеттің атын «Қазақ елі», «Қазақия» тағы басқа атауларды тауып өзгертеміз бе деп дүрлікті-ау.
Бүгінде «дәуірлеген демократияның» отаны болып саналатын, бүкіл әлемді бір полярлық шеңберде ұстағысы келетін, қазақша айтқанда, төрт құбыласы түгел, дамыған АҚШ-тың тарихына сәл үңіліп көрейік. 1775-1783 жылдар аралығында Солтүстік Америкада ағылшындардың отарлығынан түбегейлі арылу үшін Тәуелсіздік соғысы болды. 1787 жылы бодандық бұғауынан босап, бостандық алғаннан кейін Америка Құрама Штаты болып аталды, Конституциясы қабылданды. Алғашқы президенті болып Дж. Вашингтон сайланды. Ол кезде қазақ халқы Абылай ханның ақ туының астына бірігіп, жоңғарларды ойсырата жеңген кезі болатын.
Жарайды, әңгімені жоғарыда айтылған жариялық, демократия демекші, әрі қарай жалғастырайын. Алғашқы жариялықтың Ұлы даладан басталғанына дәлел келтіре кетейін. Сол аса ауыр жылдары Абылай ханның халықты басқару кезінде қалт жіберген кейбір қателігін Бұхар жырау (1668-1781) ханның тура бетіне:
Ай, Абылай, Абылай,
Сен мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға,
Қызметкер болып тұр едің,
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан құл едің
…………………………………..
(«Бес ғасыр жырлайды», І том, 103-бет, Алматы, «Жазушы», 1984)
Ал, Үмбетей жырау да (1706-1778):
… Жас күніңде Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай.
Төле биді тапқанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерде отырмай,
Күпіңді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны Абылай! –
деп екі жырау да өткен шағын ханның есіне салып, тәубесіне келуін тайсалмай талап етуі – нағыз әділ таза жариялықтың жарқын дәлелі. Сонан кейін хан өзінің жіберген қателіктері мен кемшіліктерін түсініп, өзіне айтқан әділ сынды дұрыс қабылдап, Үмбетей мен Бұхардың басын алған жоқ. Ең алғашқы нағыз әділ де дұрыс таза демократия біздің Ұлы даладан бастау алды деуге толық дәлелдеме – осы. Осындайда Абылайдың аса ақылдылығы мен тым сабырлылығына сүйсінгеннен басқа айтар сөз жоқ. Мынау бүгінгі дүрбелең дәуірде әділ сынды түсіне біліп, кек тұтпай, онан тиісті дұрыс қорытынды шығара білетін тұлғалар көбейе берсін дейміз.
Дегенмен, тарихта ақиқатты бетіне айтқанды азаптаған жандар да, хандар да болған. Сондай азап шеккендердің бірі Өтеміс атадан өмірге келген өжет ұл Махамбет еді. Ол ханның қаталдығы мен қателігін бетіне басып:
… Хан емессің, қасқырсың,
Қос албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың, – деп ашына ақиқатты айтуы сол замандағы нағыз жанайқайды білдіретін жариялықтың бастауы еді.
Енді орайы келгенде мынау жайтты да айта кеткен жөн болар. Сонау заманнан бүгінгі ХХІ ғасырға дейін жалғасып келген кейбір жағымсыз әдеттердің болғаны жасырын емес. Ол әдеттер – бақталастық, тақталастық, көреалмаушылық, күншілдік… Бұл әдеттер, әсіресе, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың соңына дейін өрши түсті… Абай Құнанбаев (1845-1904) – біраз жыл, яғни 18 жыл болыс болған адам. Сол биліктен ол неге безді?! Әлгі айтылған әдеттерден арылу үшін мыңмен алысып, жапа да шекті, таяқ та жеді. Абай:
… Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – деуі көп нәрсені аңғартса керек.
Ал, Мәшһүр Жүсіп Көбеев (1858-1931):
… Арасы ағайынның алыс болды,
Таласып дамылы жоқ жарыс болды.
Жетіліп партиямен дәрежеге,
Жақсыға жаман адам таныс болды.
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937):
…Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз аулыңның иттері үріп қапқаны.
Осыдан кейін көз алдыңа кімді және нені елестетуге болады?! Әрі қарай айту артық болар. Иә, басқа да сол кездегі зиялы жандардың жанайқайын жалғастыра беруге болар еді, бірақ, әрі қарай бармай осымен тоқтайын.
Әлгінде айтқандай, Абай елде сайлау кезінде бақталастық пен тақталастық тұсында бас жарылып, көз шыққан түрлі қылмыс пен қылықтарды көрген ғой. Ол сосын патша ағзамға бұдан былай болыстарды губернатор сайласыншы деген өтініш хат жіберген екен. Патшаға Сібірдің генерал-губернаторы Сперанскийдің: «Қазақтың дарқан даласында өте қатты сексеуіл деген ағаш өседі. Оған балта шапсаң өтпейді, шеге қақсаң кірмейді. Бірақ, бір-біріне ұрсаң, бірден быт-шыты шығып кетеді. Оларға осы «сексеуіл» заңын қолдану керек» дегені әсер етіп, рұқсат бермеген. Сол «сексеуіл» заңы кешегі социализм дәуіріне дейін жалғасып келді.
ХХІ ғасыр. Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдары алғашқы кезде сайлау жүйесінде біршама социализмнің сарқыншақтары болды. Дегенмен, бас жарылып, көз шыққан жоқ, оның беті аулақ. Тақтан үміткерлер қарапайым халыққа ақша, қант, шай, ұн таратып, дауыс алу үшін әбден әбігерге түсті… Жершілдіктің де сезіліп қалған тұсы болды. Мысалы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров осы аймақтан сайлауға түсіп жатқанда біреу: «Өзіңнің туған жерің бар емес пе, сол жақтан неге түспейсің?» деген тым күлкілі сұрақ та болды. Бұның бәрі өткен шақтың өзекті емес өкінішті мәселелері еді.
Бүгінде болашаққа беталысымыз басқаша. Бәрін сезініп, түсінген сияқтымыз. Қазір жастар білімді, оларға сеніміміз мол. Қазақстанның болашақта онан әрі өсіп-өркендеуіне жастарымыздың қосар үлесі зор екені анық. Ең бастысы, мынау әлем-жәлем әлемде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын делік.
Қазыбек Әшірбекұлы,
ҚР ІІМ-нің Еңбек және
Құрметті ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!