«Алаш» партиясы туралы білмейтін қазақ баласы жоқ шығар… Тіпті, ауқымды жиындарда, халықаралық басқосу шараларында өзімізді зор мақтанышпен «Алаш жұрты» деп таныстырамыз. Ал, осы атаудың мән-мағынасына тереңірек үңіліп, Алаш қозғалысының ерекшелігі неде, оны алға бастырған қайраткерлер кім болғанын білгілеріңіз келе ме?
Тарихшы Оливье Руаның айтуынша, «Алаш» қозғалысы Орталық Азия аумағындағы тұңғыш кәсіби түрде құрылған партия болатын. Партия идеялары мен тұжырымдарын қырғыз бауырларымыз да қолдап, қосылған-ды. Және де, өздеріңіз білетіндей, «Алаш» партиясының құрамына еліміздің бетке ұстар азаматтары кірген.
Расында да, «Алаш» қозғалысы о баста ұлттық рух пен ұлттық мүдде жолында құрылады. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық күресі кезеңінде «Алаш» қозғалысы пайда болды. Оның басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс және 1917 жылы Ресейдегі Ақпан және Қазан төңкерістері Қазақ ұлттық зиялыларының байырғы халықтың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін жандандырды. Қазақ ұлттық партиясын құру бойынша алғашқы қадамдар бірінші орыс революциясы кезеңінде жасалды. 1905 жылдың аяғында Оралда Қазақстанның бес облысы өкілдерінің «делегат съезі» шақырылып, онда Қазақ ұлттық партиясын құру туралы алдын ала шешім қабылданып, оның негізінде кейіннен «Алаш» партиясы пайда болды.
1917 жылғы 21-28 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясын ұйымдастыру ресімделді. Партия бағдарламасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және т.б. қайраткерлер әзірледі, бағдарлама 10 параграфтан тұрды және «Қазақ» газетінде жарияланған болатын. Съезде мемлекеттік басқару, автономия, Құрылтай жиналысына қатысу, саяси партия құру, жер, халық милициясы, білім, сот және басқа да мәселелер қаралды.
«Алаш» партиясының ұйымдастырушылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов және либералдық-демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының басқа да өкілдері болды, ал ол жалпықазақ ұлттық-демократиялық ұйымы еді. Сондай-ақ, партияға ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев және т.б. кірді. Партия төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. «Қазақ» газеті партияның ресми органы болып танылды.
Алаш автономиясының үкіметі 1917 жылдың желтоқсанында құрылып, 1920 жылға дейін қызмет етті.
1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда «Алаш» партиясының Екінші жалпықазақ съезі өтті. Оның ұйымдастырушылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ, И.Омаров, С.Қадырбаев, С.Дощанов болды. Съезд төрағасы қызметіне Б.Құлманов тағайындалды. Шақырылғандардың арасында Түркістан автономиясының басшысы Мұстафа Шоқай да болды.
Съезде Қазақ халқының саяси тағдырына қатысты маңызды құжаттар қабылданды. Ең бастысы, автономия және оның үкіметін құру мәселесі болды. Съезд «Алаш» деп аталатын Қазақ автономиясын құру туралы мәлімдеді. Съезде «Алаш Орда» (Алаш автономиясының үкіметі) деп аталатын уақытша Халықтық кеңес-үкімет құрылды. Съезд Қазақ автономиясының құрамына қазақтар тұратын Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары, Каспий сырты облысының аудандары және Алтай губерниясы кіруі тиіс деп қаулы етті. Алаш Орда автономиясының орталығы болып уақытша Семей қаласы жарияланды. Алаш Орда үкіметін Әлихан Бөкейханов басқарды. Съезд өңірлік уездік Кеңестер мен комитеттер ұйымдастыруға қаулы етті, Алаш Ордаға «қазақ халқының барлық атқарушы билігін дереу өз қолына алуды» тапсырады. Қазақ халық милициясын құру жоспары жасалды. Халық милициясының қатарына әскери қызметке жарамды 20-35 жас аралығындағы ер адамдар шақырылды. Милицияны қарумен және оқ-дәрімен қамтамасыз етумен Алаш Орда ұлттық қоры айналысқан. Алаш Орданың Батыс бөлімшесінің басшылары Жанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов «Комуч» (Самара) үкіметінен 600 мылтық пен пулемет, Торғай бөлімшесінен 300 мылтық пен 20 мың патрон алды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы А.И.Дутовтың көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полк құрылды. 1918 жылдың тамызында Алашорда әскери бөлімінің командирі Хамит Тоқтамышев Қазақстанның түрлі аудандарында Кеңес өкіметіне қарсы ұрыс қимылдарына қатысатын құрамында 750 сарбаз және 38 офицер бар Алаш полкінің, Жайсанда, Павлодарда, Қарқаралыда, Өскеменде халық милициясының бөлімшелерінің құрылуы туралы баяндап берді. 1919 жылы ақпанда Қызыл әскерге қарсы Азамат соғысы майдандарында соғысқан Алаш автономиясы милициясының саны 5000 адамға жетті, Алаш автономиясы таратылғаннан кейін Алаш милициясы да таратылды.
«Алаш» партиясының тарихы 1917 жылғы төңкеріспен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде қазақ қоғамының түрлі жіктерінің саяси бірігуі жеделдеді, жаңа ұрандар пайда болды: демократиялық федерация шеңберінде Ұлттық-аумақтық автономия құру; халықтың түрлі жіктерін әлеуметтік қорғау және т.б.
Автократия құлағаннан кейін 1917 жылдың аяғында «Алаш» қозғалысы партия құрылысы проблемаларынан ұлттық автономия құру әрекетіне көшті. Алаштықтар 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жаулап алуды дәйекті қорғап, Ресей жұртшылығының жалпыдемократиялық талаптар арнасында сөз сөйледі, «Алаш» қозғалысы тарихының соңғы кезеңі ішінде (1918-1920 ж) оның басшылары толық автономия идеясының қиындығын, ең алдымен аумақтың шашыраңқы орналасуы мен қазақ қоғамының экономикалық дамуының әлсіздігіне және әскери-саяси жағдайға байланысты жақсы түсінді.
Кейін «Алаш» партиясының жаңа үкіметпен қарым-қатынасы тұрақты байланыстар мен ымыраға көшті. Алаш басшылары жағдайды тиянақты бағалап, кеңестік әскери-саяси басшылық талап еткен шарттарды қабылдады. А.Байтұрсынов В.И.Ленинмен кездесуден кейін 1919 жылы төтенше өлкелік орган – Қырғыз Әскери-революциялық комитетінің (КирВРК) құрамына кірді, алайда оның билігі, көбінесе тек атаулы болды. Іс жүзінде басқаруды Түркістан майданының органдары, содан кейін партия комитеттері жүзеге асырды, олардың жетекші рөлін орталықтан іссапарға жіберілген большевиктер атқарды.
Азаматтық соғыстағы жеңістен кейін Кеңес өкіметі Алашорда үкіметін таратып, кейінірек Алашорда қайраткерлері сталиндік режимнің қуғын-сүргініне ұшырады. Қозғалыстың басты қайраткерлері өлім жазасына, қалғандары қуғынға ұшырайды. Осылайша, «Алаш» партиясы бір жылға жуық уақыт ішінде ғана қызмет етіпті. Дегенмен, осынау қысқа мерзімнің өзінде ел тарихына терең еніп, тіпті бүгінге күнге дейін жарарлық тұжырымдардан тұратын бағдарлама жасақтап үлгерді. Әттең, саяси ұйымның өмірі тым қысқа болды. Әйтпесе, кім білсін, өз идеяларына, мақсат-армандарына жетсе, қазіргі хал-жағдайымыз әлемдік көшбасшыларынан да кем емес болар ма еді?! Кім білсін…
Қалай болғанымен де, ел болашағын күні-түні ойлаған ата-бабаларымызды саналы ұрпағы зор алғыспен еске алып келеді. Алаш қайраткерлерінің есімдері әр қаланың басты нысандарына беріліп, отандық тарихына алтын әріппен жазылды. Және де «Алаш» қозғалысының асқақ арманын бүгінгі мұрагерлері шындық етер деп үміттенеміз. Лайым, Алаш арыстарының ел мүддесі жолында құрбан еткен өмірлері зая кетпей, жарқын болашағымыз негіздемесі болып қаланса екен!..
Алтын САДЫРҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласының қала тарихы музейінің қызметкері, экскурсовод
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!