Атамыз қазақ айтқандай, «жүре берсең, көре бересің». Денсаулығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орындарына жиі барып тұрамын. Батыс пен Шығыстың әсем өрнектерімен безендірілген ел астанасы жыл сайын емес, ай сайын өсіп, өркендеп, өзінің әсемдік келбетімен ұлтымыздың мақтанышына айналғанына қуаны, көкірегім оянып, үлкен әсермен ораламын.
Бүкіл әлем көз тіккен елорда мен Ақмола облысының бүгінгі экономикасы, әлеуметтік жағдайынан да хабардар болуды назарда ұстаймын. Ақпараттық құралдар мен жергілікті баспасөздерге де шолу жасаймын. Сондай құралдардың бірі өткен жылдың 13 қыркүйегінде шыққан көп бетті «Ертіс өңірі» газеті қолыма тиді. Газет қазіргі заманның өмір талабына сай, өңірдегі сан алуан атқарып жатқан жұмыстарға шолу жасап, тартымды мақалаларымен қызықтыра түскенімен, газеттің 9-бетінде Ақмола облысының Ресеймен шекаралас аудан әкімдігінде қызмет атқаратын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бисенғазы Ұлықбектің Челябі қаласына жақын орналасқан Троицк қаласына іссапармен барғанын жазған «Сібір орманында қырылған қазақтар »деген мақаласын оқып, бұрын-соңды естіп, білмеген сұмдық оқиғаны оқып, төбе шашып тік тұрғандай болды. Әңгіменің тоқ етері аудан әкімшілігінде қызмет ететін Б.Ұлықбек: «Хатшы қызды қолқалап жүріп, қала басшысына кіруге рұқсат алдым, дипломатымнан хат алып, өзін Алексей Анатольевич Ильин деп таныстырған қала мэріне ұсындым, хатты алып оқыды да, «мен орман шаруашылығымен хабарласып, келісімге келейін, сонан соң жауап беремін. Сіз бір-екі күн қалада бала тұрыңыз, немесе осында істейтіндердің біреуінің үйінде болыңыз, қоныңыз» деді, жылы жымиып, сөйтті де қоңыраудың нүктесін басып, хатшы қызды шақырды.
– Алина, сен Николай Беризинді шақырып келші, – деді, жұмсақ үнмен. Көп ұзамай есіктен орта бойлы, толық сары жігіт кірді.
– Николай, мына жігіт Қазақстаннан, Ақмола облысынан келіп отыр. Жалпы, біздегі орман шаруашылығы дайындаған тақтайларын алуға ниет білдірген екен. Соған мына жігітті алдын ала тапсырыс беруге жіберіпті. Бірер күн сенің үйіңде бола тұрсын. Келген қонақ қой, қонақүйге жібермей-ақ қойдық, – деді.
Сонымен, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісімен кешке үйге қайттық. Николайдың үйі Троицкінің түбіндегі Дубовка деген ауылында екен. Қаладан үш шақырым жер. Көбіне велосипедпен жүреді екен. Мен еліміздегі, ол Ресейдегі жағдайларды сөз етіп үйіне келдік. Үй үлкен, ағаштардан қиылып салынған, әдемі-ақ. Бастықтары мені емін-еркін демалсын деп әдейі осы үйге жіберді-ау деймін. Айналасының бәрі көкпеңбек орман. Қиырына көзің жетпейді. «Тайга деп осыны айтады екен-ау, деп ойладым ішімнен, бірақ бұл бір ғана шеті ғой.
Дарбазадан кіргенде ауладан орыстың еңгезердей шалын көріп, жақындай келіп қол алысып амандастық.
-Ты казах? – деп сұрады шал.
Мен басымды изедім.
-Его зовут – Бисенғазы, из Казахстана, – деді анандайдан Николай велосипедін қойып жатып үйге кіріп, шешесімен танысып, шай ішіп есік алдында демалуға шықтым. Артымнан біраздан соң шал келді. Өзін Иван Иллорианович деп таныстырды. Ұсталықпен айналысады екен. Осы үйде кең, көркем етіп демалыс орнын жасағаны білініп тұр. Дегенмен мына атайдың түрі орыстан гөрі азиялықтарға көп ұқсайтынына қарағанда, қанында Сібірдегі ұсақ халықтардың бірінің қаны бар-ау деп ойладым ішімнен.
– Ну как, там у вас? – деді махоркасын тартып отырып.
– Бірқалыпты, ептеп жүріп жатырмыз, – дедім орысшалап. – Сіздердің тұрып жатқан жерлеріңіз қандай әдемі, Тайганың шеті, ауасы таза.
Шал бірдеңе есіне түскендей менің түріме ойлана біраз қарап отырды.
– Мамандығың кім? – деп сұрады, әкімдікте істейтінімді біледі, шай үстінде айтқанмын.
– Мамандығым журналист, – дедім.
– Это хорошо, -деді. Ол Тайга жаққа ұзақ қарады. Ой үстінде отырып, ол:
– Я тоже казах, – деді шал маған қарап. – Моя пробабушка чистокровная казашка была. Мен қазақша түсінемін әрі сөйлесемін де. Тек қазақтармен кездескенде ғана. Жасым сексеннің алтауына келді.
Шал қазақшаны аздап бұзыңқырып сөйлесе де, мұндайды күтпеген мені аң-таң қалдырды.
Менің аталарымның тұсында осы Тайганың ішінде қазақ ауылдары өте көп тұрады екен, көп болғанда орыстардан көп. Тайганың іші өріп жүрген мал. Иван Иллорианович ап-анық қазақша сөйлеп отыр.
– Сен білесің бе, «Тайга» сөзі қыстақта шөп жинағанда тайлап жинаудан (шөп орғанда тығыздап, жан-жағын байлап, тайлаудан) шыққан. Екі-үш атпен немесе өгіз бен көк шөптің үстімен сырғанатып жинап отырған. Осыдан қалын орман қазақтың тайлап шөп жинау сөзімен аталып кеткен деп отыратын менің бала кезімде үлкен кісілер, – деп ойын жеткізді Иван Иллорианович.
Ішімнен мүмкін шынан да да солай шығар деп ойладым. Шал ештеңені қалдырмай қазақша сөйлеп отыр. Мен орысшаны түсінемін ғой десем де болмады. Қазақша сөйлеуден ауытқымады.
– Осы Троицкіде жеті мыңдай қазақ тұрады. Ішіндегі таныс қазақтармен қазақ тілінде сөйлесіп амандасамын. Кейде әңгіме-дүкен құрамыз. Сен журналиспін дедің ғой, мен саған мына оқиғаны айтайын, тыңдап ал, кейін еліңе барғанда мүмкін жазарсың. Бұл, әрине, бірер ғасыр бұрын болған оқиға ғой. Бәрі ұмытылған. Бірақ қалайда жаз, елің білсін, түсіндің бе? Мұны менен басқа осы маңайда көп ешкім білмейді, тек ұмытпа әрі ерінбе.
Менің әкем айтушы еді, сенің атаң әскери казак болған деп. Атам былай дейтін көрінеді. Осы өңірге орыстар алғаш келіп орналасып жатқан кезде екен, бекіністер қорғаныстар салып дегендей. Маңайдағы толып жатқан қазақ ауылының кісілері кейде шапқыншылығын жасап, бекіністерді бұзып, енді келіп қоныстанып жатқандарды қырып кетіп отырған. Көшім хандығының тұрғындары ғой және кейін келгендері бар. Осыдан кейін біздің аталарымызға ақ патшадан жарлық түскен көрінеді. Бүкіл Сібірді толып жатқан қырғыз-қайсақ ауылдарынан босату керек делінген әлгі жарлықта. Аталарымыз отряд-отрядқа бөлініп, әрі ішкі жақтан орыс отрядтары қосылып, солардың бәрі дайындықтан өткізіліп, кімдердің қай бағыттағы қазақтардан тазалайтыны белгіленіп, қағазға түсіріліп, нақтыланған көрінеді. Содан қанды-қырғын басталған да кеткен. Әрбір отрядқа күніне бірнеше ауылды тұрғындарымен бірге тып-типыл ету тапсырылған. Аяушылық болмасын деп қатаң ескертілген көрінеді. Ауылдарды қоршауға алу таңертеңгі алакеуімде, сондай-ақ кешкұрым жұрт орынға отырғанда ағындаған шабуылдар басталған. Үйлер, қыстақтар бәрі өртенген. Еңкейген шал мен еңбектеген балаларды отқа лақтырған. Еркектер, әйелдер бәрі атылған, аяусыз шабылған. Тек қыздар мен жас келіншектерді әскерлер бөлісіп алып отырған. Мұндағы әскерлер әйелсіз, отбасынсыз келгендер ғой. Бірнеше жүздеген ауылдар отқа оранып, күлі ғана қалған. Сол шабылған ауылдың бірінен атам бір қызды атына өңгеріп алып келген көрінеді. Осы қыздан менің әкем туды, мен әкемнің жалғызымын. Міне, сол қазақ әйелі әжем ғой өсірген. Алдына салып, өз тілінде өлең айтып, ара-арасында кемсендеп жылап отырушы еді. Мен жылама деп көз жасын сүртетінмін. Ол кезде ештеңе түсінбейтінмін, – деп шал көзіне жас алып, терең күрсінді. – Өйстіп қаншама ауылдарды өртеп және адамдарды қыруға бола ма екен? Ең құрымағанда қазіргі қазақ жеріне қарай айдап, көшіріп жіберсе бір сәрі ғой. Бала, мен айтқан оқиғаны ұмытпа, – деді шал иығымнан қысып. Осы оқиғаны тыңдаған, естіген сен жалғыз ғана адамсың. Құдайым сені сақтасын. Еліңнің біразы қалай қырылғанын халқын білсін. Бұл тарихқа кіргізілмеген, кезінде айтуға қатаң тыйым салынған оқиғалар. Мен Ұлы Отан соғысы кезінде бір қазақ жігітіне айтпақ болғанмын, өлең тақпақтар жазып жүретін. Кейіннен бөлімшесімен басқа полкке ауысып кетті де көз жазып қалдым.. Тіршілігі басқа қазақтарды көріп жүрмін ғой. Бірақ олар ештеңе ұқпайтын қазақтар. Әрі көрінгенге айтуға жүрексіндім. Жасым ұлғайған адаммын, қанша жүрерімді кім білсін? Әжемнің көз жасын ақтап кетейін ең болмағанда. Сен мұны Николайға да айтпа, ол білмейді. Қазір сендер тәуелсіз елсіңдер ғой. Қалайда жаз!
Ертеңіне шайымды ішіп, кемпір-шалмен қоштасып жолға шықтым. Троицкіге жаяу жол тарттым. Келе жатып шексіз Тайгаға қарадым. Бірнеше жүздеген шақырымды алып жатқан ну орман үнсіз теңселіп тұрғандай. Қырғын тауып, отқа оранып жатқан ауылдар, ышқынған адамдар, шыңғырған балалардың даусы құлағыма естілгендей болды. Көзіме жас тығылып, өксіп жылағаным есімде. Жалғыз келе жатып: «Мен қалайда жазамын» деп айқайлағанын әлі ойымда. Түстен кейін тапсырылған жұмысымды бітіріп пойызға отырып, Қазақстанға қайтвп кеттім. Иван Иллориановичтің тапсырмасын орындай алмай жүріппін. Талай жылдар өтіп кетіпті-ау» деп аяқтаған.
Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан өткізген қуғын-сүргін қырғынының талайын білгенімен, адамның бойын тітіркенткен осы сұмдық оқиғаның мәтінін сол қалпында оқырмандарға толық жеткізуді жөн көрдім.
Рысбай Кәрімов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!