2022 жылдың 28 шілдесінде Сталиннің №227 бұйрығына 80 жыл толды. Осыдан 15 жыл бұрын жазылған мақаламды ұсынып отырмын.
СССР тарихында фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында елге тұтқиылдан шабуыл жасады, күш жағынан басым болды деп айтылатын. Бұның бәрі соғыстың алғашқы кезіндегі жеңіліс тапқандығынан ақталуы еді. СССР-ді жою үшін жасалған «Барбаросса жоспары» бойынша Гитлер «Блицкриг», яғни соғысты «қауырт» түрде 1-2 айда бітіреміз деді. Соғыс басталған күні жау Қара теңізден Балтық теңізіне дейінгі аралықта 190 дивизиясымен, бұл 5,5 млн адам, 4,3 мың танкімен, 5 мың ұшақпен, 47 мың зеңбірекпен жаппай шабуылға шықты. Тарихта бұрын мұндай алапат соғыс басталмап еді. Оларға қарсы СССР 170 дивизиямен, 1475 танкімен, 1540 ұшақпен, 37,5 зеңбірекпен қарсылық көрсетті. Арада 3 апта өткенде 170 дивизиядан 28-і толық жойылды, 70 дивизия адамының жартысынан айырылды, 72 дивизия адамы мен техникасын сақтап қалу үшін шегінумен болды. Соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ 1540 ұшақтың 1200-і әуеге көтерілмей-ақ жойылып жіберілді. Жау совет әскерлерінің қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан күніне 25-30 шақырым жылжып отырып, 3 аптада ішінде 500-600 шақырым жерлерді басып алды.
Бұндай жағдайға не себеп болды дегенде, ең алдымен соғыс алдында келешек соғыста атты әскер барлығын шешеді деген қағида қалыптасты. Оған себеп, 1925 жылы М.В.Фрунзе қайтыс болғаннан кейін 15 жыл бойы Қорғаныс Наркомы болған маршал К.Е.Ворошилов кінәлі еді, оны тарихта бірінші болып атты армия құрған командарм, маршал С.М.Буденный қолдады. Жаңа көзқараста болып, келешектегі соғыста техника шешуші роль атқарады деген маршалдар М.Тухачевский, А.И.Егоров, В.К.Блюхер мен командарм И.П.Убаревич атылып кетті. 1937-1938 жылдардағы репрессия кезінде осы қолбасшылардың көзқарасын жақтайтын 40 000-нан астам кадр атылып кетті, соғыс алдында Қызыл Армиядағы офицерлердің 3-ақ пайызы жоғары білімді болды. (Б.Момышұлы батальон, сосын полкті аға лейтенант шенімен басқаруы соған дәлел бола алады).
Қызыл Армияның әлсіздігі 1940 жылы аяқталған совет-фин соғысында белгілі болды. 105 күнге созылған бұл соғыста Қызыл армия 72.408 адамынан айырылса, бүкіл Европаны жаулап алған 5 жылда Германия 38 мың әскерінен айырылған болатын. Масқара жеңілісі үшін К.Ворошилов орнынан алынып, маршал С.К.Тимошенко Қорғаныс наркомы, армия генералы Г.К.Жуков Бас штаб бастығы болды. Алайда, бұл тағайындаулар өте кеш болды, соғысқа санаулы айлар қалған болатын.
Соғыстың алғашқы айлары өте жойқын болды. Вермахтың «Солтүстік» тобы Рига, Таллин, Вильнюс қалаларын басып алып, Ленинградты қоршап алды. «Орталық» топ Минск, Смоленск қалаларын алып, Москваға қауіп төндірді. «Оңтүстік» топ Киев, Харьков, Донбасс пен Қырымды басып алды. Сталин бар кінәні армия қолбасшыларына жапты, Белоруссия әскери округінің қолбасшысы, армия генералы Д.Г.Павловты әскер мен техниканы аман алып қалу үшін күнделікті 25-30 шақырым шегінуге рұқсат бергені үшін атып тастады. Ал, генерал Павлов 1936 жылы Испаниядағы ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атанған талантты қолбасшы еді.
Майдандағы жағдай күн сайын нашарлай бастады, Киев ерекше әскери округ қолбасшысы, армия генералы М.П.Кирпонос қаза тауып, 600 000 адам тұтқынға түсті, Москваны қорғап тұрған Батыс пен Резерв майданының 5 армиясындағы 653 000 адам тұтқынға түсті. Айбынды Қызыл армия деп мақтанып келген әскеріміз шегінумен болды, тұтқынға түскенде командирлер мен комиссарлар атылатынын білгендіктен, ұрыс кезінде олар өздерінің айырма әскери шен белгілері жағасындағы петлицан жұлып тастайтын болды.
Осы кезде, 1941 жылдың 16 тамызында Бас қолбасшы Сталиннің №270 бұйрығы шықты. Онда былай делінді:
1. Ұрыс кезінде өздерінің әскери айырма шен белгілерін жұлып тастаған командирлер сол жерде атылсын.
2. Ұрыс кезінде қорқақтар мен үрей туғызушы командирлер мен қызыләскерлер сол жерде атылсын.
3. Қоршауда қалғандар соңғы оғы қалғанша берілмесін, жауға тұтқынға түскендер Отанын сатқандар болып есептелініп, олардың отбасына мемлекеттік жәрдем берілмейді.
Кезінде жауға тірідей қолға түскісі келмей соңғы оғын өзіне жұмсағанда тапаншасы атылмай қалғанын, татар ақыны Совет Одағының батыры Мұса Жәлел өз өлеңіне арқау қылған болатын.
1941 жылы Москва түбіндегі жеңіске қанаттанған Сталин жауды одан әрі шегіндіре түсуді талап еткенде, Г.К.Жуков әскердің қалжырағанын, күшті тыл болмай қарсы шабуылға шыға беру қауіпті екендігін айтқанда Сталин өз дегенінен қайтпады. Ақыры, 1942 жылы Ленинград қоршауын бұзу үшін Ленингрд пен Волохов майдан әскерлеріне бір мезгілде қарсы шабуылға шығуға бұйрық берді. Нәтижесінде Волохов майданының 2-ші екпінді Армиясының басшысы генерал А.А.Власов өз әскерімен қоршауда қалғасын, фашистер жағына түгелімен өтіп кетті. Генерал Власов Москва түбіндегі ерлігі үшін «Ленин» орденімен марапатталған, Сталиннің сенім артқан генералдарының бірі еді. №1 сатқын атанған Власов Орыстың Азаттық Армиясын құрып, Қызыл армиямен талай соғысқан болатын.
Харьков бағытындағы әскерлер жеңіліп, 240 000 адам тұтқынға түсті. Қырым бағытында 200 000 адам тұтқынға түсіп, Одесса, Севастополь, Керчь, Дондағы Ростов қалалары жау қолында қалып, Волга өзеніне шығып, Сталинград қоршауда қалды.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, СССР Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің төрағасы, Жоғары Бас қолбасшы И.В.Сталин НКВД-нің басшысы Л.П.Берияға өздерінің каналы арқылы Гитлермен сепаратистік бітім жасап, оның сұраған кез келген жерді беруге дайын екендігін айтады. Гитлер оған көнбеген көрінеді. Бұл масқара бітім туралы құпия құжат әлі жариялануға жатпайды. Міне, осындай жаны мұрнының ұшына келген кезде Сталин 1942 жылдың 28 шілдесінде өзінің №227 бұйрығына қол қойды. Бұл бұйрық тарихта «Бір қадам да шегінбеу!» (Ни шагу назад!) деген атпен қалды. Бұйрықта шындық айтылды:
«Совет халқы Қызыл Армияға деген сенімін жоғалта бастады. Оған себеп халықты жауға тастап шығысқа қарай тоқтаусыз шегінуде. Украина, Белоруссия, Балтық бойы елдер, Донбасс, т.б. жерлер жау қолында қалды. Бұл – 70 млн адам жау қолында қалып, 800 млн пұт астық, 100 млн тонна темірден айырылдық деген сөз. Бұдан былай шегінуді тоқтату керек!
БІР ҚАДАМ ДА ШЕГІНБЕУ! Біздің ұранымыз енді осы болады. Қорқақтар мен үрей туғызушылар жаудан да жаман. ЕНДІ ШЕГІНУ ӨЛІММЕН ТЕҢ!
Москва түбіндегі жеңілістен соң гитлерлік Германия өз әскерлерінде тәртіпті орнату үшін 100-ден астам айып роталарын жабдықтап оған қорқақтық танытқандарды жіберіп айыбын қанмен өтеуге мүмкіндік берді.
БІЗГЕ НЕЛІКТЕН ЖАУДАН ҮЛГІ АЛМАСҚА!
Сондықтан бұйырамын:
1. Әрбір майданда 800 адамнан 3 айып батальоны жасақталсын. Оған қорқақтық танытқандар жіберіліп, Отан алдындағы айыбын қанмен өтеу мүмкіндігі берілсін.
2. Әрбір армияда 200 адамнан жақсы қаруланған 3-5 кедергі отрядтар құрылсын. Олар бұйрықсыз шегінген әскери бөлімдерді жойып жіберетін болсын.
3. Бұйрық барлық әскери бөлімдерде оқылсын.
Қорғаныс Халық Комиссары И.В.Сталин, 28 шілде 1942 жыл».
АЛДА ЖАУ, АРТТА ШЕГІНГЕН ЖАҒДАЙДА ЕНДІ ӨЗДЕРІНІҢ АДАМДАРЫ ОҚТЫ ҚАРША БОРАТАТЫН БОЛДЫ. ОСЫ БҰЙРЫҚ АРҚЫЛЫ БІЗ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚПЕН КЕЛГЕНІН БІЛЕМІЗ.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!