Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарих тиындар тілінде де сөйлейді

13.11.2025, 11:00 107

Адамзат баласы пайда болғалы ынтызарлық сезім біте қайнасқан қасиетке ие. Бір адамның өз көңіл қалауымен айналысуы – бұл хобби. Ол әр адамда әртүрлі қалыптасады. Бүгінде құнды жәдігер немесе тарихи өнер туындыларын жинау үрдіске айналған. Коллекционердің жеке қорында сақталған әрбір жәдігер тарихтан сыр шертері хақ. Оның  ішінде  түрлі  елдің  ақшасын жинайтын  коллекционерлердің  де  еңбегі ерекше  атап  өтуге  тұрарлық.

Бұл – тарихтың қайта жаңғыр­тылуы. Өткенді білмей, келешек өркендемейді. Коллекция жинауды бай-бағланның айналысатын ермегі деп қабылдайтындар да баршылық. Енді бірі ақшаға деген құмарлық тиын-тебен жинауға итермелейді деген  пікірді  алға тартады. Қалай десек те, хобби – адамның ішкі көңіл қалауынан туындайтын шынайы сезім.

15 қараша – Ұлттық валюта күні қарсаңында әлемнің түрлі елінің ақшасын жинаумен айналысатын коллекционер Ғалым Ибраевпен хабар­ласып, хоббиі жөнінде аз-кем әңгімелескен  едік.

Қызылордалық ұстаз Ғалым Ибраевтың монета жинауды баста­ғанына бүгінде жиырма жылға жуықтаған. Кейіпкеріміз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің орыс тілі және әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарады. Бұрындары университеттегі бір әріптесі Оңтүстік Кореядан 100 вондық валюта әкеп беріпті. Содан бері сан алуан елдің ақшасын жинауды әдетке айнал­дырған. Нумизматтың қоржынындағы құнды дүниенің саны бүгінде 350-ден  асып  жығылады.

– Оның ішінде 40 шақты елдің қағаз, 50 шақты елдің металл ақша­лары  бар. Көбі – ТМД,  Еуропа, Азия елдерінікі. Венесуэла, Куба, Марокко, Туннис, Мысыр және тағы басқа елдердің ақшалары. Ең ежелгісі – X-XV ғасырлардағы Алтын  Орда  монетасы, онда екі бүркіттің  басы  бейнеленген, — дейді  Ғалым Ибраев  бізбен  әңгімесінде.

Коллекционер – көне дәуірдің сарқыншағын, өткеннен қалған белгі­ні жинап, тарихқа өз үлестерін қосып жүрген жан. Олардың тір­нектеп жинаған әрбір дүниесінің өзіндік сыры, тарихы бар. Мәселен, Италияда Хавьер деген кісі Мигель де Сервантестің «Дон Кихоттың» 500-ден астам  баспадан  шыққан 99 тілдегі аудармасын жинаумен айналы­сқанын  айтқан.

Әр елдің тиыны мен қағаз ақшасын жинайтындар қатары көп емес әрине.  Олардан кез келген тиын туралы сұрасаңыз, мүдірмей жауап бере алады. Түптеп келгенде тарих тиындар тілінде де сөйлейді. Әрбір коллекционердің жеке қоры – жинақ­талған мұражай десек артық айтқандық  емес.

Ғалым Ибраевтың монеталары­ның  ішінде ең көне қағаз ақша – 1899 жылы айналымға қосылған Ресей рублі. Коллекционер Ресей империясы тұсында шыққан ақшалардың  құнын  жоғары  бағалайды.

– 1909 жылғы 10 сомға сол уақытта 3 сиыр сатып алуға болады екен. Монета алмасқаным болмаса, сатпай­мын. Оның өз адамы бар. Мен – әуес­қой нумизматпын, — дейді ұстаз өз сырымен бөлісіп.

Кейіпкерімізге қолындағы дүние­нің басым бөлігін негізінен жақын-жуық, дос-жараны  сыйға  тартқан.

Көптеген тиында патшаның есімі, соғылған қаласы, тіпті жылына дейін жазылады. Мұның бірі жылнамалар мен кітаптар жетпеген тарихтың көлеңкелі тұстарына шам алып кіргенмен бірдей әсер сыйлайды. Әр жерден табылған тиындар арқылы ежелгі мемлекеттердің сауда жүйесін, елдердің арасындағы дипломатиялық қатынастарға дейін зерттеп шығуға болатыны жөнінде де айтылады.

Францияның күн королі атанған Людовик XIV ғасырда Бурбоновтар әулетінің  дәстүрін жалғастырып, сирек кездесетін тиындарды жина­ған екен. Патша сарайындағы топтаманы күнде көрген сайын өзіне жаңалық табатын көрінеді. Рим императоры Гай Юлий Цезарь Август та тиын жинапты. Көне Грекия ғана емес, көне  Римде де жоғары шенділер  бір-біріне бағзыдан таған тартатын тиындарды сыйлағаны жөнінде көне Рим тарихшысы Овидий дерек келтірген. Августтің топтамасында күміспен қатар алтыннан жасал­ған көшірме тиындар да болған.

Светоний тарихшының айтуынша, Сатурналий мерекесі кезінде шетелден әкелінген, патшалардың бейнесі бедерленген көне тиындары, Омнис тиыны сыйлық ретінде ұсы­ныл­ған. Бұл дәстүрді Тит, Доми­циан, Троян патшалары жалғас­тырған. Ал, АҚШ президенттері Томас Джефферсон, Рональд Уилсон Рейган, Франклин Делано Рузвельт көне тиындарды  жинауға  әуес  болған.

Біздің кейіпкеріміз ақшаны жинап  қана қоймай, әртүрлі та­ным­дық іс-шарада,  кездесуде көпші­лікке көрсетіп, кеңінен шолу жасайды. Студенттерге дәріс беру кезінде көрне­кілік  ретінде  де  қолданады.

– Әр елдің ақшасын жинау тек сүйікті ісіңмен айналысу ғана емес, сол елдің тарихына үңілу деп білемін. Тарихқа көз жүгітсек, бүгінде қара­бақырға айналған тиынның құнды­лығы тым жоғары болған. Әріптесім, университеттің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев бағалы тиындардың бірі өткен кезеңнің ақшасы болғанын растап отыр. Дәл қазір менде қазаз ақшалар, тиындар, монеталардың түр-түрі бар. Біздің елімізден алыс Тынық мұхиты елдерінен бастап, көршілес мемлекеттердің валюталарына дейін таба аласыз. Бірақ мен үшін әрқайсысының  орны  ерекше, — дейді  ол.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: