Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талап – пендеден, қолдау – Тәңірден

01.07.2023, 16:40 463

HALYQLINE.KZ

Күллі мұсылман асыға күтетін ұлық мереке – Құрбан айт мейрамын қазалылықтар да ерекше атап өтті. Бұл күні аудандық «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешітте ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, 150 адамға арналған дастарқан жайылып, киіз үй тігілді.

Іс-шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, қазалылықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

– Құрбан айт мерекесі – адамдардың бір-біріне өзара мейірімді, қайырымды болуын насихаттайтын, ізгілік пен имандылыққа үндейтін, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, халықтарды жақындастыратын қасиетті мейрам.

«Талап – пендеден, қолдау – Тәңірден» дейді дана халқымыз. Талапты азаматтарымыздың ізгі істері оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық-ықыласы Алладан қолдау тапсын.

Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын! – деді аудан басшысы.

Мейрам қарсаңында тұрғындар арасында ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Атап айтар болсақ, тұрғындар гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, ләңгі тебу және асық ату бойынша тартысқа түсті. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар үлестірілді. Мұнан бөлек, бүлдіршіндер тегін таратылған тәттілерден дәм татып, қуанышқа кенелді.

Бұл күнді «Қожаназар ишан» мешіті де жоғары деңгейде атап өтті. Жиылған жамағат құрбандық шалып, айт намазынан соң 200 орындық мешіт асханасында дастарқан жайды. Дастарқаннан дәм ауыз тиген жамағат ұлттық ойынды ұлықтау мақсатында арқан тартыс, асық ату сынды ойындарға қатысып, жеңімпаздар арнайы сый-сияпаттармен марапатталды.

Ауданға қарасты Арықбалық ауылдық округіндегі Сарықұл қожа мешітінің жамағаты да Құрбан айт мерекесін тойлаудан тыс қалмады. Елді мекен халқы айт намазынан соң құрбандық шалып, ауыл тұрғындары арасында арқан тартыс, қол күрес, гір көтеру сынды спорттық ойындардан сайыстар ұйымдастырды.

Қазалылықтардың басым көпшілігі 5-ші квартал атап кеткен аймақтың тұрғындары да мерекені атап өтті. Жыл сайын Құрбан айт мерекесін тойлауды үрдіске айналдырған «Әли-муса” мешітінің жамағаты мен 5-ші аймақтағы ағайын «Құрбан айт – ұлық мереке»” атты ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Оған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, игі істің өтуіне ұйытқы болған бірқатар азаматты аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Мереке аясында өткізілген шарада «Әли-муса» мешіті жамағатының атынан Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинаған түлектер мен байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген 5-ші аймақтың жастарына арнайы номинациялар беріліп, сыйлықтар табысталды. Мұнан соң аудан өнерпаздары жиналған көпшілікке арнап терме айтып, ән салды. Сонымен қатар, аталған аймақтың өнерлі жастары өз өнерлерін көрсетті.

Артынша жиналған көпшілік жасөспірімдер мен ересектер арасындағы гір тасын көтеру, қой көтеру, асық ату және турникке тартылу сынды сайыстарға куә болды.

Құрбан айт мерекесінде балғындарға ерекше көңіл күй сыйлау үшін батуттар орнатылып, түрлі кейіптегі аниматорлар келді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге тегін тәттілер таратылды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: